Маори – Жаңа Зеландия елінің байырғы халқы. Археологиялық зерттеулер мен олардың генетикалық анализі маорилердің шамамен 1000 жыл бұрын шығыстағы Полинезия аралдарынан көшіп келгенін дәйектейді. Бір қызығы, маорилер қоныс аудару үшін қарапайым Waka каноэлерін (сал) пайдаланған екен.
Жаңа Зеландияға келетін әрбір турист мұндағы көше мен аудан атауларына таңданып қарайды. Себебі олардың басым бөлігі маори тілінде аталған. Мысалы, Анехунга, Увангамомона, Нгуру атаулары. Бастапқыда бұл сөздерді айту қиын болып көрінуі мүмкін. Дегенмен маори тілінің логикалық құрылымы сөздерді сатылы қолдануды түсіндіреді. Айта кетсек, мынадай сөздер:
• Kia ora – Сәлеметсіз бе!
• Nau mai, haere mai – Қош келдіңіз
• Kei te pehea koe? – Жағдайыңыз қалай?
• Kei te pai – Жақсы
• Ka kite anō – Кездескенше
Маори халқы амандасқанда мұрындарын осылай тигізеді
Бүгінгі таңда маори – Жаңа Зеландияда қолданылатын мемлекеттік тілдердің бірі. Ел халқының 23%-ы маори тілінде сөйлейді. Тіпті маори тілінде мемлекеттік арналар, радиостанциялар мен мектептер жұмыс істейді.
Хака биі
Маори халқының ұлттық биі Хака (Haka) деп аталады. Маорилер өзге тайпалармен болған шайқаста жеңіске жеткеннен кейін осы биді дәстүрлі түрде орындайтын болған. Ал қазіргі кезде хака саяхатшылардың тамсана отырып көретін маори дәстүрлерінің біріне жатады.
Маори тайпасының көсеміне лайық татту
Маори – салт-дәстүрді берік ұстанған халықтардың бірі. Ел арасында денеге әртүрлі сурет (татту) салу ерте заманнан белгілі үрдіс болған. Ta Моко (Ta Moko) татту салу дәстүрі – маори мәдениетінің бірден-бір артықшылығы. Маоридің денесіне салынған әрбір сурет өзіндік ұғымға ие болады. Айта кетсек, татту адамның қоғамдағы орнын, білімін, біліктілігін және үйлену құқығын көрсетеді.