Ғашық адамдардың оғаш қылыққа баратынын бәріміз білеміз. Және ес-ақылы кеткен романтиктер бұл қатарда ешкімге дес бермейді. Әйтсе де, ешбір ғашықтың махаббаттың белгілі бір межесінен асып кеткенін көрмеппіз.
Сөйтсек, өмірде сүйемін деп жүріп сүйегі шығып кете жаздаған аздаған ақылсыз адамдар бар болып шықты. Бір оқып шығыңыз, бағасын сосын бере жатарсыз.
Өз өліміне қойылым қою арқылы сүйгенінің қолын сұрау
Ойлап көріңіз: асыға-аптыға кездесуге келген кезде алдыңызда сүйген адамның денесі жатса. Қазір ғана ол көлік апатына түсіп, енді ауруханаға алып кетіп бара жатыр. Және дәрігерлер өлуі мүмкін деген ақпаратты айтып отыр... Кенет әлгі қан-қан болып өлген жігіт әп-әдемі болып, қолына гүл ұстаған бойда костьюм-шалбар киіп алып алдыңызға келіп, тізерлеп, қолыңызды сұрап тұрса, не істер едіңіз? Сіздің қорқынышыңыз бен үрейіңіз "жоқ!" деп айта алар ма екен?!
Жақында ғана осындай қойылыммен Омскінің (Ресей) тұрғыны Алексей Быков өз сүйгеніне тілек білдірген. Төрт күн бойына ойластырылып келген "өлімге" арнайы мамандарды жалдапты: оператор, сценарист, режиссер және гример. Ең бастысы, сүйгені тілегін қабыл алып, үйленуге келісім берген.
Кейінірек сұлу бикеш ресторанда дәл осындай жолмен тілек білдірмегенде Алексейдің бар үміті жоққа шығуы мүмкін еді деп айтыпты.
Досына өзін атқызу арқылы сүйген қызына...
Джордан Карделлиді жиырма жасында қызы тастап кетіпті. Ақылы сондайда көмекке келе қоймаған жас жігіт көз алдына қайғылы суретті келтіре кеткен: үш жерінен оқ тиген жаралы жігіт және жылап-еңіреп отырған сүйгені; бетінен сүйіп, "өлмеші!" деп жалыну үстінде.
Бұдан артық сурет таппаған жігітіміз досына өтініш білдіреді. Оған өзінің барлық тілек-мақсатын айта келіп, атуын бұйырады. Әрине, досы басында көнбей қинаса да, кейіндеу рұқсатын берген.
Содан сол күнде келіп жетеді. Қаладағы ең әдемі дейтін паркті оқиғаға нысана етіп алады. Дайындық, бәрі өз орнында. Сүйген қызына өлгелі жатқанын айтып, қоңырау шалып та қойған. Ең ақыры, досы Джорданның ішінен бір рет атады. Бірақ, мұны аздық көріп, тағы да екі рет атуын бұйырады. Бақытқа орай, сол мезетте досы өз ісінің дұрыс емес екенін бағамдай біліп, дереу арада ауруханаға жеткізген.
Ал сүйген қызы оқиғаның ақ-қарасын біліп, Джорданмен екінші рет байланыспас үшін басқа қалаға кетіп қалған екен.
"Қайран, оқтар-ай!" Ауруханаға сұлу қыздың орнына полиция қызметкерлері іздеп барады. Үстерінен іс қозғайды. Олар өз кезегінде екі достың қылығын жарыместік деп таныған.
Киллер нысанадағы құрбанын ұнатып қалып, жалған өлімді ұйымдастырады
Мария Симоес күндердің күні күйеуінің көзіне шөп салып жүргенін түсінеді. Алдында үш нұсқа тұрады: 1) ажырасуға арыз беру; 2) көңілдес табу; 3) қарсыласты өлтіру. Үшіншісін дұрыс деп тауып, елді-мекенде жұмыссыз жүрген Карлос Роберто есімді азаматты жұмысқа жалдайды.
Мына қызыққа қараңыз, Лупита (көңілдес) әлгі киллердің бала кезден бірге өскен танысы болып шығады. Содан киллер алған ақшаны қайтарғысы келмей, нәтижесінде жалған өлімді ұйымдастырады. Ол үшін Лупитаның үстіне кетчуп жағып, қолтық тұсына пышақ сұғып, "әп-әдемі" суретті Марияға жібереді...
Өмір қалыпты арнаға түседі. Бәрі өз орнына түсіп келе жатады. Мария бір күні базарда жүріп, дені-қарны сап-сау Лупиатаны көріп, таңғалады. Екеуін (Лупита мен Карлос) алаяқ деп тауып, полиция бөліміне шағым түсіруге барады...
Өзіңіз-ақ ойлап көріңіз, кім абақтыға түсті екен?!
сурет:ibigdan.livejournal.com
Дайындаған: Фараби Арыстанбек