Мәдени-танымдық бағытта ақпарат тарататын «Мәдениет» арнасы бүгін 1 жасқа толып отыр. Арна 2011 жылы 26 қыркүйекте «Қазақстан» РТРК АҚ жанынан ашылып, өз жұмысын бастап кеткен еді.
Көрермен көзайымына айналып үлгерген «Мәдениет» арнасы ұжымы ұлттық салт-дәстүрді сақтап, мәдени мұра мен рухани құндылықтарды жаңғыртып отыруға ден қойған. Үздік деп танылған отандық әрі шетелдік дүниетанымдық деректер арқылы көрерменнің талғамын көтеру де шығармашылық топтың айқын мақсаты. Сонымен қатар, отандық телеөндіріс кеңістігінде бұрын-соңды болмаған, қазақы нақышта өрілген көптеген ток-шоулар, музыкалық және драмалық қойылымдар, өнегелі телехикаялар бір жылдың ішінде өз көрерменін таба білді. Опера және балет бағдарламалары, телеспектакльдердің де берілуі сәтті бастама болғанын аталған арнаның әр көрермені растайды. «Өркениет», «Қыл қалам», «Ғасырлар пернесі», «Ақ сарай», «Сол жылдар», «Алтын көмбе», «Кітапхана», «Әлі есімде» бағдарламаларының қазақ телеөндірісіне әлі де берері көп. Естеріңізге сала кетсек, «Мәдениет» арнасын спутниктік, кабельдік және ғаламтор желілерінің пайдаланушылары көре алады. Жасқа толған мерейтойымен құттықтап телефон да соқтық.
Назгүл Сарыбаева, «Мәдениет» арнасының бас редакторы:
- Дәл осы күні тура бір жыл бұрын арнамыз Үкіметтің арнайы жобасы ретінде дүниеге келді. Бұл бірақ қазақ мәдениетінің өрлеуі, кең түрде наихатталуы мақсатында ашылған игі бастама болатын. Бүгін кешкі сағат 18.30-да жасқа толған мерейтойында біздің шығармашылық топ көрерменге арнайы жоба ұсынбақ. Онда еліміздің, жеріміздің ұлттық құндылықтары көрсетіледі. Көрерменге дәл осындай жолмен сыйлық жасамақ ниеттеміз.
Дайындаған: Ардақ ҚҰЛТАЙ
Сурет: madeniet.kaztrk.kz