Контактілі линза таққан адамның көзі көрмей қалу қаупі бар. Егер...
Бүгінгі таңда су мәселесінің адам өмірінде қаншалықты орын алатынын өзіңіз де пайымдап үлгерген боларсыз. Соны біле қойған "Acanthamoeba" есімді титімдей, бір клеткалы бактериялар екі әріптен тұратын қажеттіліктің арқасында адам өміріне орасан зиян тигізбек. ...Осы бір бактериялар туғызатын инфекция көп уақыт қаралу мен емделуді қажеті етеді екен. Оның өзінде де адам көзінің жазыла қоюы екіталай болып шықты.
Ақ халатты абзал жандар мұндай жағдайда көздің мөлдір қабығын ауыстырады. Соның өзінде де адамның көзі көру түгілі, линза тағуы мұңға айналатын кездер орын алып қалуы мүмкін.
Шотландық ғалым Фион Энрикес: "Линза тағатын кез келген адам үшін бұл өте қатерлі дерт"-деп отыр.
Жақында Британияда өткен фестивальдердің бірінде ғалымдар осы тақырып жөнінде азды-кемді өз пікірлерін айтып кеткен болатын. Сондағы ғалымдардың айтуы бойынша, аталған бактериялар судан, шаңнан, бассейннен келеді. Ең қиыны сол, бактерия көз ішінен табылып жатса, ең алдымен көзді жасауратады. Одан кейін барып көздің жоғарғы жағы қатты ауырып, жарыққа шыққанда сезімталдық күшейе түседі.
Көп жағдайда линзаны қолданушылар сутартқыштағы сумен жуып қоя салады. Әйтпесе, линзамен бассейнде суға түсіп, линзамен жуына береді. Әрине, осының бәрі өз кезегінде инфекцияға алып келеді.
Ендеше, алдын алудың жолдарын назарға қоя кетсек. Біріншіден, суға түскенде немесе бассейнде жүзгенде линзадан бас тарту қажет. Сосын таза жерде ұстау керек. Екінші, үшінші дейтін арнайы сақтандыру шаралары жоқ. Бар болғаны ұқыпты, сақ болып жүргеніңіз ләзім. Атамыз қазақ «Сақтансаң Құдай сақтайды» деген екен.
сурет:03.ru
Дайындаған: Фараби Бақыт