Аналитикалық тәсілмен сөз жасаудың байырғы түрлері сөздерді біріктіріп, қосарлап және күрделендіріп қолдануымен бірге тек осы кезеңде ғана туып қалыптаса бастаған түрі – қысқартып қолдану амалы да совет дәуіріндегі мерзімді баспасөз тілінен мықтап орын алады.
Лексиканың толығуына аналитикалық тәсілмен жасалған тіркесу арқылы жасалған сөздер де әсер етеді. Тіркестіру арқылы сөз жасау сөз таптарының бәріне тән құбылыс болғанмен баспасөз беттерінде зат есім мен зат есімнің (кеден бекеті, шаруа қожалығы), сын есім мен зат есімнің (шағын бизнес, орта бизнес, нарықтық экономика) тіркесуі арқылы болған тіркестер жиі кездессе, зат есім мен етістіктен құралған валюта айырбастау, бағаны ырықтандыру, қаржы бөлу сияқты тіркестердің есімді тіркестерге қарағанда аз кездесетіні байқалады.
Сөздерді қосарлау тәсілі арқылы жасалған жаңа қолданыстар. Қосарлану тәсілі екі сөздің бір-біріне қосақталып, біртұтас мағыналы сөз жасайтын тәсілі. Қазақ тіл білімінде қос сөздерді екі түрге бөлу қалыптасқан:
1. Қосарлама қос сөздер
2. Қайталама қос сөздер.
Кейінгі жылдары қолданылып жүрген қуғын-сүргін, компакт-дискі, веб-сайт, масс-медиа, медиа-форум, көші-қон, ақпараттық-насихаттық, есеп-шот, т.б. сөздердің баспасөз бетінде жиі көрінуі қайталама қос сөзден гөрі қосарлама қос сөздердің жаңа қолданыс, жаңа сөздерді жасауда мүмкіндігінің жоғары екенін көрсетеді.
ХХ ғасырдағы баспасөз беттеріндегі қазақ сөздерінің дамуын зерттеген С.Исаев қазақ баспасөзінде келесідей сөз бірліктерінің дамығандығы туралы айтады: көзқарас, дауыс, құрал, еңбек, тіл, орган, бөлім, үндеу, мүше, қамқор, шешен, мәжіліс, жоба, алқа, ұйым, одақ, ісші, орынбасар, ұя, әдіс, жоба, орталық, қоймағ мұрат, сөре, мәре, қарымта. Мысалдағы көзқарас сөз бұрын адамның бір затқа қарауы, көз салуы, көз тастауы мағынасында ғана қолданылса, енді адамның белгілі бір құбылысқа, мәселеге деген түсінігін, пікірін, ойын (мировозрение) байқатады. Дауыс сөзі бұрын ауыздан шыққан дыбыс мағынасын білдірсе, енді ол сонымен бірге жаңа мәнге те болып, мақұлдау, қолдау сияқты ауыс мағынаны білдіретін.
Сол тәрізді бұл дәуірдегі іс-қағаздар саласының дамуымен көптеген жаңа қазақ сөздерінің қолданысын арттырды. Орыс тіліндегі призыв сөзінің, формалық, мағыналық ықпалының негізінде тіліміздегі байырғы шақыру етістігіне жаңа мағына үстелген. Орыс тіліндегі идеал сөзінің орнына мұрат сөзі қолданылған.
Сөз тудырушы формалар мен тәсілдер арқылы тілде бұрыннан белгілі сөздерден шындық өмірдегі құбылыстар мен ұғымдарды білдіретін жаңа лексикалық дербес тұлғалары туы отыратыны, осылайша лексиканың қоры толығып отыратын белгілі. Сөзжасамның грамматикаға да, лексикологияға да қатысты екені даусыз, өйткені ол сөз жасау тәсілдері жағынан грамматикамен, ол сөздік құрамды толықтырып отыруы жағынан лексикологиямен ұштасып жатыр.
ХХ ғасырдың басында көптеген қысқартылған сөздер қазақ тіліне орыс тіліндегі формасы арқылы тікелей енетін еді: СССР, главпрофобр, ревком, обком, исполком, атокм, РКСМ. 1920 жылдары қысқарған сөздер құрамы жағынан да, жасалу жағынан да ала-құла болды. Бұл, бір жағынан, заңды да, өйткені сөз жасаудың бұндай амалы бұрын қазақ тілінде болған емес, тек біріккен сөздердің құрамындағы жеке сөздердің элементтері мүжіліп, түсіріліп айтылуы кездесетін: бүгін – бұл күн, әкел – алып кел, т.б. Бірақ бұл құбылысты қысқа сөз категориясы деп атауға болмайды.
Қазіргі баспасөз беттерінен жинақталған тілдік деректер бір сөз етіп отырған мерзімде сөздерді біріктіру арқылы жаңа атаулар жасау тәсілінің жиі пайдаланылатынын байқатады. Негізінен екі сөзді біріктіру арқылы жаңа сөздердің көптеп жасалғанына мына төмендегі біріккен атаулар дәлел бола алады: айдарбелгі, айыппұл, айыптұрақ, ақорда,ақуыз, әлемтор, әнұран, әскербасы, әуежай,әуесерік, бейнебақылау, бейнебаян, бейнежазба, бейнекөрініс, бейнеқұжат, бейнетаспа, бейнетүсірілім, елтаңба, зілтемір, дереккөз, жөргекпұл, затбелгі, зейнетақы, келіссөз, келісімшаарт, қалабасы, мұхитарал, отшашу, өтемақы, пәтерақы, сыйақы, субұрқақ, төсбелгі, тікұшақ, үнпарақ,шәкіртақы, хатқалта, іссапар, ықпалшара т.б.
Сөз мағынасының кеңеюі – лексикада үздіксіз болып отыратын процесс. Өйткені қоғамдағы өзгеріс, жаңалықтарға байланысты туған жаңа мағынаны сөз жасау арқылы көрсетіп қана қоймай, тіліміде бар сөздердің мағыналарын кеңейту, өзгерту арқылы да көрсетеміз. Мәселен, тілімізде бұрыннан бар жол деген сөз арқылы жаңа дәуір, заманымызға байланысты жаңадан пайда болған көптеген жаңа ұғымдар, мағыналарды көрсетудеміз. Мысалы, «тоғыз торап жолды дөп басқан» деген сияқты болып келеді.