Тілдік қабаттардың арасында ең жылжымалы платформа лексикалық қабат екенін тіл білімі ғалымдары әлдеқашан дәлелдеген. Өзге тілдік қабаттар, тілдің морфологиялық, фонетикалық қабаттары өзгерісі күрделі диахрониялық үрдіспен байланысты болса, тілдің лексикалық қабаты заманның синхрониялық дәуірінде де өзгеріске ұшырап, тілідк фактілерге айналып отырады.
Бұл жайында қазақ лексикалогиясын алғашқы болып зерттеген ғалымдардың бірі Ә.Болғанбаев: «Қоғам өміріндегі болып жатқан түрлі жаңалықтар мен өзгерістер барлығы да тілге әсер етеді. Әсіресе, оның лекикасы өзгеріске неғұрлым бейім, неғұрлым сезімтал келеді», – дейді [1.75]
Әрбір тілдің негізгі сөздік құрамының дамуына ең алдымен сол тілдің негізгі сөздік қоры ұйытқы болады. Сөз тудырудың әртүрлі тәсілдері арқылы негізгі сөздік қордағы түбір сөздерден туынды сөздер жасалып, тілдің бүтіндей лексикасы толығып, дамып отырады.
Сөз тудыру тәсілдерінің бастылары мыналар:
1. Сөз тудырудың лексика-семантикалық тәсілі. Сөздің мағыналық жақтан дамуы барысында көп мағыналары бір-бірінен алшақтап, бара-бара олардың арасындағы семантикалық байланыс үзіледі де, мағыналары басқа-басқа сөздер (омонимдер) жасалады. Сөз тудырудың бұл тәсілі лексика-семантикалық тәсіл деп аталады. Сөз тудырудың бұл тәсілі тіл-тілдің барлығында кездеседі. Семантикалық тәсіл арқылы туынды жаңа сөздердің жасалуына көп уақыт керек, бұл – өте баяу болатын құбылыс.
2. Сөз тудырудың морфологиялық тәсілі. Туынды сөздер түбір морфемаға (немесе негізге) аффикстік морфемалардың жалғануы арқылы жасалады да, сөз тудырудың бұл тәсілі морфологиялық тәсіл деп аталады. Морфологиялық тәсіл өз ішінде бірнеше түрге бөлінеді. Түркі тілдерінде аффикстік деп аталатын түрі сөз тудыруда өнімді тәсіл болып саналады.
3. Сөз тудырудың синтаксистік тәсілі арқылы күрделі-біріккен сөздер, күрделі-құрама сөздер, күрделі-қос сөздер жасалады [2.160]
Сөзжасам процесінде үлкен орын алатын лексикалық-семантикалық тәсіл лексикалық қорды байытушы бірден-бір құралдардың бірі саналады әрі ең тиімді, эффективті, динамикалық әдістің бірі.
Мәселен, ағылшын тіліндегі “capital” cөзі алғашқы уақыттарда “ең маңызды, басты, басшылық” тәрізді мағынаны берген, ал бүгінгі таңда бұл сөз “астана, басты қала” тәрізді нақты (конкретті) мағынаға ие болған. Алайда бұл ұғымдардың барлығы бір мағынадан тарағанын байқауға болады – басты, негізгі тәрізді лексикалық мағынаның дамуынан пайда болған.
Көптеген жағдайда сөз мағынасының дамуы көпмағыналылыққа (полисемияға) әкеледі деген пікір бар.
Сөзжасамның лексика-семантикалық тәсілі деп ешқандай жұрнақсыз-ақ, ешқандай сөз тіркеуінсіз-ақ жаңа сөз жасауды айтамыз. Сөздің дыбыстық формасында ешқандай да өзгеріс болмайды, алайда оның мағыналық көрсетілімінде өзгерістер пайда болады да, бұл өзгеріс өз кезегінде кең қолданысқа ие болады. Мұндай жағдайда сөзжасамның қайнар көзі – тілімізде бұрыннан қолданылып келе жатқан жалпыхалықтық сөздердің мағынасында болатын әртүрлі өзгерістер жаңа сөз жасаудың лексикалық-семантикалық тәсілінің негізін қалайды.
Қазіргі тарихи дәуірде қазақ тілі де саяси-құқықтық статусының жоғарылауымен әрі қоғамдық рөлінің артуымен тілдің әртүрлі қабаттарында тілдік модернициялар болып жатқаны белгілі. Әсіресе, лексикалық базасында өзгерістен молынан кездеседі. Аударма жасау мен терминжасалам үрдістерінің артуы қазақ тіліне қосылған лексикалық бірліктердің де, лексикалық қордың да артуына әкелді. Мұны қазіргі лингвист-ғалымдар көп айтып жүр.
Әсіресе, бұл тәсіл терминжасам құбылысында жиі кездеседі. Ғылыми еңбектерді терминжасамның бұл тәсілін әртүрлі атап жүр. Мәселен, түрколог ғалым К.Мұсабаев терминжасамның бұл өнімді тәсілін халықтық лексиканың терминденуі деп атаса, Ө.Айтбаев бұл тәсілді мәністік тәсіл, Ш.Құрманбайұлы оны терминдеу деп атайды.
Терминжасам құбылыстарында семантикалық тәсіл немесе мәністік тәсілдің кең үрдіс алғандығын атауға болады. Ө.Айтбаев «сөздердің қызмет аясының кеңеюі, мағына жылжымалылығы, жаңаша мән жүктелуі» сияқты процестердің терминдену тенденциясына айналғанын айтады. «Семантикалық тәсіл терминжасамның негізгі тәсілдерінің бірі ретінде терминологиялық лексика қабатының толыға, байи түсуіне үлкен септік жасайтын негізгі амалдың бірі болып табылады [3.240].
Мұндай сөздік қордың терминденуі немесе лексикалық-семантикалық трансформациялану процесі байырғы сөз мағынасының өзгеруімен немесе өзгертумен, нақтырақ айтсақ, сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы есебінде жүзеге асады.
«Толқын» сөзі жалпыхалықтық тілде «желдің әсерінен теңіз, өзен бетінің жал-жал болып тербелуі» деген мағынаны білдірсе /ҚТТС, 4,359/, ол физика ғылымында «тербелістің кез келген ортада шекті жылдамдықпен таралуы» деген мағынаға (дефиницияға) ие [4.24].
Егер жалпыхалықтың тілдегі толқын сөзінің мағынасында «желдің әсерінен», «теңіз (өзен) бетінің», «жал-жал болған», «тербеліс» деген сияқты 4 сема болса, терминдік мәндегі толқын сөзінде «тербеліс», «кез келген ортада» (суда ғана емес), шекті жылдамдықпен», «таралу» деген 4 сема бар. Екеуіне де ортақ және жалпы (негізгі сема) – «тербеліс». Басқа семалар өзгеріп, жалпыланған (кеңейген) немесе нақтылана түскен. Жалпыхалықтың сөздің терминденуі дегеніміз осы.
Тілімізде бұрын жалпыхалықтың сөз болған, ал қазір физика ғылымының термині қызметін атқарып жүрген сөздардың саны біршама: бөлшек, дыбыс, жарық, кедергі, көлем, күш, қуат, өріс, сәуле, шама, ағын, аққыштық, ауырлық, беріктік, жылдамдық, кеңістік, қаттылық, қозғалыс, қондырғыш, қысым, өткізгіш, тербеліс, серпіндік, толқын, тұтқырлық, тығыздық, үйкеліс, балқу, булану, жылу, кернеу, қайнау, сығылу, сыну, тұйықталу, шашырау, үдеу, үйкелу.
Бір сөзбен айтқанда, лексикалық қордың толығу тәсілдерінің бірі лексика-семантикалық тәсіл дегеніміз сөздің лексикалық мағынасының өзгеруі немесе тілдің қабаттың басқа бөлігіне өтуі [5.32-35].
Сөздің мағыналық жағынан дамуына сыртқы себептер де, ішкі себептер де ықпал етеді. Әсіресе, сөз мағынасының өзгеруіне ішкі себептер де ықпал етеді. Әсіресе, сөз мағынасының өзгеруіне ішкі себептерден гөрі сыртқы себептер көбірек әсер ететіндігі байқалады. Сөз мағынасының ішкі (лингвистикалық) өзгерістерінің бір себебі, жаңа сөз немесе жаңа мағына сөздік құрамға келіп қосылғанда, бұрыннан тілде бар сөздердің мағыналараымен өзара қарым-қатынасқа түсіп, солармен синонимдік байланысты жұмсалады.
Пайдаланған əдебиеттер:
1. Қазақ тілінің лексикологиясы: Жоғары оқу орындары филология фак-тетінің студ-не арналған көмекші құрал/ Болғанбаев Әсет. – Алматы. Мектеп, 1979. – 176 б
2. Аханов К. Тіл білімінің негіздері: оқу құралы/ Кәкен Аханов – Алматы: Өлке баспасы, 2010. – 560б.
3. Айтбаев Ө. Қазақ сөзі. – Алматы, Рауан, 1997. – 240 б.
4. Аққошқаров Е. Физика терминдерінің орысша-қазақша түсіндірме сөздігі. Алматы: Қазақстан, 1974. – 152 б.
5. Лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалған физика терминдері/ С.Е.Сарсенова//ҚазҰУ Хабаршысы.Филология сериясы=Вести КазНУ.Сер. филологическая. – 2008. – №2.