Бүгін, яғни 6 ақпан, БҰҰ-ның 70 жылдығы мен бүкіләлемдік радио күніне арналған ІІ халықаралық журналистика және коммуникация қысқы мектебі салтанатты түрде ашылды.
Алатаудың бөктеріндегі «Тау-Тұран» демалыс аймағындағы өтіп жатқан бұл шараға еліміздің көптеген облысы мен көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мемлекетінің студенттері дәріс алуға келді.
3 күнге созылатын тренингтің алғашқы күнінде «Өрлеу» Ұлттық орталығының төрағасы Мұрат Әбенов пен ”NS” радиосының жүргізушісі Тимур Сержанов, «Хабар» арнасындағы «Жеті күн» бағдарламасының жүргізушісі Нұрсұлтан Құрман дәріс жүргізді. Олар өздерінің өмірлік тәжірибиелерімен бөлісіп, жас студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Алдағы уақытта «Қазақ радиосының» жүргізушісі Мұхаммедәли Болатұлы, блогшы Өркен Кенжебек және «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының медиа директоры Қанат Әуесбай сынды білікті мамандар өз дәрістерін өткізетін болады.
3 күн бойы «Тау-Тұранды» мекен ететін студенттердің көңіл-күйлері көтеріңкі. Олар арнайы бөлмеге жатқызылып, тамақпен қамтамасыз етілген. Қысқы мектеп аяқталғаннан кейін қатысушылардың барлығына арнайы куәлік табысталмақ.
Сурет: massaget.kz