Нью-Йорктің Бродвей көшесінде, яғни Манхэттеннің жоғарғы батыс бөлігінде адамзат баласына беймәлім болып келген құмырсқаның жаңа түрі табылып отыр. Бұл туралы ИА «Қазақстан-Жаңалықтар» хабарлайды.
Солтүстік Каролин университетінің профессоры, атақты ғалым, биолог Роб Данн Колумбия университетіне дәріс оқуға барған. Көп уақыттың бір бөлігін қаладағы алты аяқтылардың тыныс-тіршілігіне жұмсаған профессор 13 мыңға жуық құмырсқаның ешбір тұқымына ұқсамайтын жаңа түрлерін ұшыратқан.
Әзірше ғылымға, адам баласына белгісіз болып келген құмырсқаларға жаңа атау берілмей отыр. Бір қызығы, америкалық құмырсқаның тұқымдастарынан гөрі еуропалық тұқымдастарға көбірек ұқсайтындықтары айтылуда. Алайда, ерекшеліктері де жоқ емес. Мәселен, басқа бауырластарға қарағанда бұл құмырсқалардағы көміртек мөлшері тіптен көп болып шықты.
Тиісінше ғалымдар осы бір тіршілік иелерінің немен қоректенетіндіктерін зерттеуде. Бродвейдің жоғарғы бөлігінде орналасқан аулаларда (үй алдындағы кішкене бау-бақша) өмір сүретіндіктері анықталып отыр.
Айта кетсек, құмырсқа тұқымдастары Антарктида мен бірнеше аралдарды санатқа алмағанда әлемнің кез келген жерінде тіршілік құруда десек, артық айтқандық емес. Бүгінгі таңда жер асты тіршілік иелерінің биомассасының 10-25 пайызы құмырсқаларға тиесілі. Және құмырсқалардың ұйымшылдығы мен қоныс аудара алатын қасиеттері жер бетінен жойылып кетпейтіндіктерінің дәлелі іспетті.
сурет:dempy.livejournal.com
Дайындаған: Фараби Бақыт