Көзілдірік

Көзілдірік. Сіз ойлағандай, әлде көріп жүргендей заманға сай көзілдірік емес. Бірақ, сол көзілдіріктердің әу бастағы «атасы» мен «апасы» болуы әбден мүмкін. Неге десеңіз, қазіргі көзілдіріктерден еш айырмасы жоқ. Дей тұрғанмен табиғилығы бірден назар аудартады. Бұл дегеніміз, бардан жоқты жасаудың айла шарғысындай. Әйтсе де, ең алғашқы көзілдірікті қазақ қойшылары ойлап тапса ше?

Қыста күннің ашық кездерінде немесе жаздың ыстық алқабында малшылардың көзі қарығып, ауырады. Бұл әсіресе малшы қауымы үшін үлкен азап. Осындай бейнетке қарсы бұрынғы малшылар жылқының тұяғын өңдеп көзілдірік пішінге келтірген. Сонсоң жұқарта жонып, көздің жанары келетін тұсына пышақ  сыртындай жіңішке долақ ойып қойған. Немесе жылқы терісін шикідей жібітіп, түгін ұстарамен сыпырып тастап, көздің тұсынан көлденең тілектер түсірген. Тері тобарсыған кезде тіліктердің арасындағы жолақ тілімдерді күн көзіне көлбеу бағыттарға бұрап, қисайта кептірген. Осындай көзілдіріктерді екі жағынан жұмсақ шүберекпен ызылған бау тағып, көзге киіп алған. Олар көзді қарығудан сақтаған.

Форумда талқылау

Суреттер: vmireinteresnogo.com