- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Көз тию сеніміне...
Көз тию сеніміне ғылыми көзқарас
Кейінгі уақытта сән әлеміне "көз тию" сенімі ене бастады. Мысалы актриса Ким Кардашьян "көзі" бар киім, аксесуарларды пайдаланса, Джиджи Хадид EyeLove атты көз тиюден қорғайтын киімдер желісін ашты. Көз тиюдің сыры неде? Бұл туралы ғылым не дейді?
Көз тию – көптеген ұлтта бар наным-сенім. Бағзы заманда көз тиген адам ауруға шалдығып, жамандыққа ұшырайды деп санаған екен. Көз тию қазаққа да тән: жақсы адамға, жас нәрестеге, жүйрік жылқыға, әдемі қызға тіл-көз тиеді деп есептелген. Жас балаға тіл-көз тимесін деп молдаға дұға жаздырып, оны былғары бойтұмардың ішіне салып, мойнына тағып қойған немесе үстіндегі киімнің омырауының астыңғы жағына қадап қояды. Бәйгеде озған жүйрік атқа көз тиеді деп сақтанып, елге көрсетпеуге тырысқан.
Life Science журналында "Көз тию: көз айырмай қарау" атты ғылыми зерттеу жұмысы жарияланды. Ғалымдардың зерттеуінше, ежелгі халықтар көз тию кішкентай қиындықтан бастап өлімге дейін себеп болады деп санаған.
Көз тиюден тек адамдар ғана емес жануарлар да зардап шегетін көрінеді. Ал кейбір адамдар көз тисе тек өзіне ғана емес, отбасына, одан қалды төрт-түлік малына зардабы тиеді деп сенеді. Бірақ бұған ғылыми дәлел жоқ. Ғалымдар бұл құбылыстың еш негізі жоқ екеніне сенімді.
Армандо де Винченти есімді психотерапевт өзінің ғылыми жұмысында (Committee of Skeptical Inquiry) көз тиюден оған шынайы сенушілер ғана зардап шегетінін жазған. Оның айтуынша адам көз тиюге сеніп бақытсыздыққа душар болуы мүмкін.
Өзін көріпкел не дүмше деп танығандар алдына келген адамдардың проблемасын көз тиюмен байланыстырып, жол ашамыз дейтін кездері де болады.
Көз тиюдің түп-тамыры тереңде жатыр. Ғалымдар көз тию ежелгі Шумер халықтарында пайда болды деп санайды. Одан кейін көз тию әр дінде кездесе бастаған. Тіпті, бертін келе Шекспир өзінің пьесаларында көз тию туралы айтқан. Танымал фольклоршы Алан Дандес өзінің "Өткір көз: оқиғалар кітабында" былай деп жазған екен:
"Есіңізде болсын, көз тию сіз ойлағандай тек антикварларды (сирек кездесетін заттарды сатушы - авт.) қызықтыратын ескіден шыққан наным-сенім емес. Көз тию әлемдегі миллиондаған адамның мінез-құлқына, жүріс-тұрысына, қала берді өміріне әсер ететін күшті фактор болып қала бермек. Ежелгі қоғамда оған сенушілер көзі өткір деп күдіктенген адамын тірі қалдырмаған".
Көз тию қалайша мыңдаған адамның санасына сіңіп, шындық ретінде қабылдана бастады? "Скептик сөздігінде" (The Skeptics Dictionary) көз тию кейбір адамға не себептті қатты әсер ететіне бірнеше тұжырым келтірген. Оның ішінде ең көп таралғаны – кез келген сәтсіздікті көз тиюмен байланыстыру. Өмірінде болған нәрсені бәрін көз тиюдің кесірінен деп санау.
Екінші теория тарихтан бастауын алады. Ежелгі заманда адамдар кез келген бейтаныс кісіден күдіктенетін болған. Ал табиғатта бір жануарлар өзгелерден үстемдігін өткір көзімен көрсететінін ескерсек бұл құбылыс адамға да таныс екенін түсінуге болады.
А. Рысдәулет