- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Көркем сөйлеудің критерийлерін...
Көркем сөйлеудің критерийлерін білеміз бе?
"Сөз мәдениеті – көпвекторлы ғылыми пән" деп ғалым Н.Уәли айтпақшы [4], көркем сөйлеу сөз мәдениетінің бір тармағы ретінде ғана қарастырылады. Біз қарастырып отырған сөйлеудің көркем түрі тек ауызба-ауыз сөйлеу үстіндегі, шаршы сөздегі немесе радио мен теледидардағы сөйлеуге негізделеді. Көркем сөйлеушіге қойылатын талаптар тілдік және тілдік емес деп бөлсек, тілдік емес факторларға адресаттың әлеуметтік мәртебесін, жас ерекшелігін, жынысын, аялық білімін ескеру секілді талаптар қойылады. Кейде бұл талаптар шарттылық деңгейінде қалып қоюы да мүмкін. Өйткені шаршысөз сөйлеушілері ақпартты бір ғана адресатқа емес, бірнеше адамға, белгілі бір топқа бағыттайды.
Ал тілдік талаптарға келер болсақ, ғалым Н. Уәлиев "Сөз мәдениеті" пәнінің негізгі қарастыратын объектілері, біріншіден, тілдік норма болса, екіншіден, сөздің коммуникативтік сапасы: дұрыс/бұрыс, бай/жұтаң, бедерлі/бедерсіз, дәл/дәл емес т.б. екенін көрсетеді [33]. Біз қарастырып отырған көркем сөйлеу теориясы сөз мәдениетінің бір арнасы болғандықтан осы межеден алшақтап кетпейді.
Сонымен көркем сөйлеудің басты тілдік алғышарты әдеби нормада сөйлеу болып табылады. Тілдік норманың грамматикалық, орфографиялық, орфоэпиялық түрлерінің де өзіндік маңызы болғанымен көркем сөйлеуде басты назарда лексико-фразеологиялық норма болуы тиіс.
Сөйлеушілердің бәрі бірдей норманы сақтап сөйлеуі мүмкін емес. Сол секілді әдеби норманы сақтамай, бірақ сөздің майын тамызып сөйлейтіндерді көркем сөйлеуші қатарынан шығарып тастауға болмайды.
Сөйлеушінің коммуникативтік ықпал ету мақсатында прагматикасын жүзеге асыру үшін нормадан уәжді ауытқуы да көркем сөйлеудің бір қыры болып табылады.
Қазіргі қоғамда нормадан уәжді ауытқуға да, уәжсіз ауытқуға да жатпайтын сөйлеудің бір көрінісі өзге тілдің, әсіресе орыс тілінің сөздерін орынды-орынсыз бастырмалата қолдану болып отыр. Бұндайларға шалақазақ деген ат берілген. Мысалға мына бір 22-25-30 жас аралығындағы үш адамның қысқаша диалогын алайық:
- Жұмысың туралы айт, обшем.
- Осы аптада кореец бір ассистент келді. Новинки, воопще банк деген че такой не знает.
- Жаңадан жұмысқа кіріп жатыр ма сонда?
- Тура қасымда отырады ғой. Полюбому менен сұрай береді ғой...
- ...Төбеге басқа нормально телевизор алу керек. Ананың качествосы нашар. Качествосы дегенде мегапикселі. Видеолар дұрыс көрінбейді ғой анадан.
- Ол негізі бөлменің квадратына саналады ғой.
- Иә, конечно, ана көзіңе зиянтұғын. Чем больше тем вреднее. От большого подальше ночитесь.
Байқасақ, бірнеше сөйлемнен тұратын диалогта ассистент, банк, мегапиксель деген халықаралық сөздерден басқа қаншама қазақша баламасы бар сөздер орысща қолданылған. Бұндай коммуникациядан көркемдіктің "исі" де шықпайды.
Көркем сөйлеудің екінші шарты – коммуникативтік сапаға сай болуы.
Сөйлеушінің тілдік құралдар мен амал-тәсілдерді таңдап-талғап қолдануы да діттеген мақсатына жетуіне өз септігін тигізеді. Тыңдаушының мақұлдаулары мен эмотивті реакциясы байланыстың оңтайлы жүріп жатқанының көрінісі. Ол үшін қарапайым сөзді мәнерлі сөзбен алмастыру немесе толымды сөзбен тоқ етер түйінді айтқан дұрыс.
Рухани және мәдени құндылықтар тілдің көркемдікке қызмет ететін аясында жатыр. Оларға мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестерді секілді құнарлы тілдік элементтерді жатқызамыз. Бүгінгі күнде тілімізде тыңнан жаңа мақал-мәтел, тұрақты тіркестер туып жатқан жоқ, бәлкім тудыруға қажеттілік те жоқ шығар. Ендігі міндет тіліміздің бай қорындағы осындай құнарлы сөздерді кеңінен игере білу қажет. Мысалы:
"Ата сақалы аузына шыққан мына кісі, ана кісі, ана кісі, бәрі келе сала "Мен Адаймын, Құдаймын деп шығады... Біз қыз беріп жанымыз қалып отыр екен, ал қыз алсақ, жанымызды алғандай екенсіздер. "Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан" дейді. Біреуіңнің аузыңнан бар қазылы, қариялы сөз шыққан жоқ қой. "Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал иіліп сәлем береді" дейді. Біз жас болсақ та осы үйге құда болып келіп отырмыз. Ал егерде тақымдарыңа толмай тұрған жайымыз болса, онда қазір-ақ тұрып кете берейік...."
Осында ата сақалы аузына шыққан, жаны қалу, жанын алу, қазылы, қариялы сөз, тақымына толмау секілді тұрақты тіркестер мен "Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан", "Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал иіліп сәлем береді" деген мақал-мәтелдер сөйлеушінің өкпе-ренішін барынша ашып көрсетеді. Нәтежиесінде айыптылар өз айыбын мойындап, кешірім сұрайды. Егер осы сөздер жайдақ сөз бен күңкілден аспаса, тыңдаушыларға "шыбын шаққан құрлы" әсері болмас еді.
Сөйлеуде мұндай құнарлы сөздерді қолданудың да белгілі бір шегі болады. Ситуацияға қатыссыз немесе мағыналары жуық мақал-мәтел мен фразеологизмдерді таңдап-талғамай жөнсіз қолданып, үсті-үстіне бастырмалата беру де сөз айшығын "артық емес, тыртық қылады".
Адам тілдік таңбаларды өзара түсінісу үшін ғана емес, тыңдаушының қызығушылығын оятып, оны әрекетке итеру үшін де қолданылады. Яғни тіл бірліктері хабарды жеткізуші құралдар қызметін атқарып қана қоймай, тыңдаушыға ықпал етіп, әрекетке итеруші құралдар ретінде жұмсалады [Ерназарова, 29].
Сол секілді көркем дискурста адресантқа әсер ету мақсатында фразеологизмдер мен мақал мәтелдердің құрамын өзгертіп қолданатын сәттер де кездеседі. Бұл да сөйлеушінің сөзіне өзіндік әр беріп, прагматикасы үшін қызмет етеді. Бұл тіл ғылымында сөзойнатым деген атпен аталып жүргенімен, әлі де болса зерттелу жағы кемшін болып жатқан сөйлеудегі фигураның бір түрі болып табылады. Мысалы, "Бірлік (единица) болмай, тірлік болмас", "Ит жоқта шошқа үреді, сеть жоқта сотка үреді", "Банк басынан шіриді" секілді жеке сөйлеушілердің тілінде көрініс табатын осындай сөзойнатымдар белгілі бір ситуацияның мәнін ашуда өзіндік қызмет атқарады. Бұндай сөзойнатымдар кейбір ортада тұрақталып қалып та жатады.
Дегенмен осындай құрамы тұрақталған тілдің дайын элементтерінің құрамын мақсатсыз бұзып немесе сөз қалдырып кетіп айтатын кездерде кездесіп жатады. "Маңдайы торсықтай ұл тапсын" деген тұрақты тіркесті "торсықтай ұл тапсын", "аттың жалы, түйенің қомында" дегенді "аттың қомында" деу де сөздің парқына жетіп, мағынасына терең үңілмеуден туындайды.
Кейде адресант ой-пікірді дәледеу, нақтылау мақсатында сөз арасында дәйексөзді де қолданады. Дәйексөз көбінесе тілдік тұлғалар мен атақты, әлеуметтік статусы жоғары тұлғалардың сөзінен алынады. Мысал:
- Жұрттың бәрі "заман өзгерді, заман өзгерді" дейді, мен сол сөзді тегі миға қондыра алмаймын.Заман өзгергенде не заман өзгереді? "Адам өзгерді дейді" одан не өзгерді деп ойлаймыз.
- Абай айтады: "Заманды адам билейді, заманға жаман күйлейді" - дейді. Бұл заман деген уақыт қой, уақыт. Уақытты адам билейді... Адам өзгермей заман өзгермейді.
Сөйлеу көпқырлы құбылыс. Сол секілді сөйлеуші де дәйексөзді бірде қара сөзден, бірде өлең мәтінінен, тіпті кейде әуенді әннен де ала береді. Бұған мысал ретінде жас жігіт пен қарт кісінің көңілді диалогын алайық:
- Қалай, құдалардың ауылына барғанда былай әңгімелесіп, шер тарқатып...
- Енді, әрине, құдалармен шер тарқатамыз! Құдағилармен өлең айтып, жымыңдап дегендей! Жақсы көрген құдағилар болса, (әндетіп)
"Құдағи, сен шақырдың, ахоу, келдім асқа,
Не керек арамызда-ай, оу, сыйдан басқа-ай!
Сыйласу, татулыққа-ай, оу, өзім дайын,
Құдағи қолыңды бер-оу, айрылмасқа-ай, оу!" - деп қоям!
- Өй, деген екен-ай!
Осындағы әннің сөзі ғана емес ойнақы әуені де тыңдаушының эмоциясына әсер екені аңғарылады.
Дәйексөзге ұқсас қолданыстың бір түрі – прецедентті мәтіндер. Сөйлеуші белгілі сөйлеу үстінде прецедентті мәтінді басқа оқиғаның мәнін ашу үшін қолданады. Тек тыңдаушының прецедентті мәтін жайлы білімі болған жағдайда сөз жақсы өрбиді. Коммуникация үстінде сөйлеуші "Күлтебенің басында күнде жиын" дегенде, "маңызы жоқ басқосу", "Қобыланды келеді сайменен" дегенде, "шындыққа жанаса қоймайтын, ұзақ оқиға" туралы екенін тыңдаушы автоматты түрде аңғарып отырады.
Көркем сөйлеу қарапайым сөйлеуден жоғары тұратын сөйлеудің әдеби нормаланған түрі. Бұнда қарапайым сөйлеу тіліндегідей диалектизмдер, варваризмдер мен жаргондар кездеспеуі керек. Кездескен жағдайда олар сөйлеушінің мақсатына сай уәжді ауытқу үшін қызмет етуге тиіс. Олай болмаған жағдайда қарым-қатынас нәтежиелі болмайды.
Бүгінде жастар мен орта жастағылардың тілдік қолданысында жаргон сөздерді қолдануға деген үйірсектік айқын аңғарылады. Мұның басы өткен ғасырдың соңында басталған. Қазақ тіліндегі жаргон сөздердің арасында орыс тілінен немесе орыс тілі арқылы басқа да тілдерден еген сөздер кездеседі. Мысалы бүгінде жастар мен орта жастағылардың сөздік қолданысынан мына секілді жаргондар көптеп ұшырасады: авторитет, жынды, базар жоқ, мандраж, қалай кетті, шатыры таю (ашылу), көше таптау, басы кету, картопты жару, компот (жасау), қораға кіру, сушняк, ұрмайды, упор көру, отмаска ұстау, сөзінен секіру, құлақтан тебу, құлағына лапшаны ілу, пантамастить ету, галошқа отырғызу т.б.
Сөздің бедерін кетіріп, айшығын бұзатын қолданыстың тағы бір түрі тілдегі варваризмдер болып табылады. "Подарить ету, обещать ету, требует ету, звондау, кидать ету, брат, сестра(-уха), батя, матя, привет, пока т.б." секілді варваризмдер көптеп кездеседі.
Сонымен қатар, ок,короче, кстати, вечно, не за что, полюбому, обшым, а так, просто, зато, значить, воопще, вечно, чо там, еще, уже, даже, лучше, и, или, ище, ладно, но деген секілді орыс сөздері жаңағы, осы, йә, жалпы, яғни сияқты паразит сөздермен қатар қолданылып, бүгінде қазақ тілінде сөйлейтін жастардың сөзінің тұздығына айналғаны байқалады.
Функционалды стиль тармақтары бір бірімен байланыста болады. Сөйлеу стилінің көркем әдебиет пен публицистикалық стильдерге ортақ белгі – экспрессиялылық. Алайда осы белгі бәрінде бірдей дәрежеде емес. Алғашқы екі ситль түріне қарағанда публицистикалық стильде босаңдау болады. Ол бұл стильде жалаң фактіден сақтану үшін маңызды.
Дегенмен соңғы жылдары теледидар мен радионың ақпараттары еркін кеңістікке бет бұрғанның әсерінен шектен тыс босаңдықтың белгілерін де аңғарып жатамыз. Бұның басты себептерінің бірі – теле-радио өнімдерінің жеке бастың мүддесіне арналуы, "жұлдыздардың" аясын айналшақтау, тұрмыстық өреден аспау тағы сол сияқты. Сондай-ақ елімізде тележүргізушілікке кәсіби мамандардың орнын сөз саптауға қабілетсіз танымал актерлар мен әншілердің алынауы да белең алып үлгерді. Мұның арты жалаң хабар, жалған ақпарат, өсек-аянға әкеп соғады. Көрермен мен оқырманның санасына сіңген мұндай теле-радио бағдарламалары, әсіресе, жас ұрпақтың сөйлеу тілінің көркемдік аядан алшақтауына себеп болады.
Мысалы, "Тергеу" деген бағдарламаны алайық.
- Мейрамбек ағамыздан рұқсат алып, жеке де шапқым келді бәйгеде. Соны Мейрамбек ағамызға ұсыныс тастап алдынан өткен кезде Мейрамбек ағамыз өз батасын беріп, "жеке де шабуға мүмкіндігің бар" деді.
- Шабатын ат емессіз ғой.
Ғалым Р. Сыздық: "Ойды қалыпты нормадағы, нормадағы сөз қолданыстарымен ғана емес, яғни жеке тілдік бірліктердің лексикалық (номинативтік) мағынасын дұрыс қолданып қана қоймай, ол сөздердің ауыспалы мағынасын келтіріп, айтпақ ойын бейнелеп, метафоралап, астарлап білдіруге де болады[Сыздық, 217]," - демекші, осында қарапайым әнші Райым Уайыс журналисттер секілді тілдік құзыреттілікті меңгермеген болса да, ойын бейнелі сөзбен білдіріп отыр. Ал оған қайтарған журналисттің жауабы ешқандай эфир талабына сай емес, тұрмыстық дәрежеде сөз бағу екені анық аңғарылып тұр.
Эфирдегі бағдарламалар ресми, ресми емес деп бөлінеді. Ресми емес бағдарламадағы сөйлеу еркіндігінде де шарттылық бар. Егер бұнда қарапайым сөйлеу тілі элементтері мақсатсыз қосылып отырса, онда бағдарлама өз мәнінен айырылып, үй арасындағы әңгіме деңгейіне түсіп қалады. Соңғы жылдары осындай жүгі жеңіл бағдарламалар көбейіп келеді. Мысалы "Қазақ радиосындағы" "Таңғы шоу" бағдарламасының "Түс жору" тақырыбынан үзінді алайық:
- "Алмаз Кенжебеков: "Ассалаумағалейкум, Жасұлан бауырым! Жетісайдан сәлем! Алмаздан!" - дейді. Ооо, Алмаз! Алмазға барамыз деп уәде бердік та, әлі бара алмай жүрміз... Мынау бізге сыйлық. Рейн деген жігіт ше. Көліктің нелерін сататын жерде жұмыс істейтін. Аха. Барамыз. Анар саған да сыйлық берем деген. Анар бара алмайды, мен барам. Анардың орнына мен ала салайыншы.
- Қандайсың сен?!
- "Түсіңде сүйген қызыңды көрген тема!" Ооо, Бауыржан Заманбек жазып жатыр. Миы істей ма оның?!.. Халайық, халайық, таңғы шоуды жалғастырайық. Ой білмеймін не боп кетті, әйтеуір болды бір нәрсе! Бірге болыңыздар!
Көрсетілген екі жүргізушінің қолданысында қарапайым тілдік элементтер нормалық элементтерден де асып кеткен. Тіпті жеке өмірлері туралы ақпараттарды да қосып жіберген. Сөздерінен ешқандай көркемдік қуат байқалмайды. Соған қарамастан бағдарламаның рейтингі жоғары. Осыған қарап жастардың "жеңіл" нәрселерге үйірсектігін аңғарамыз.
Радио да халықтың айнасы іспеттес. Ондағы көзі ашық, көкірегі ояу, сөз қадірлейтін тыңдарман жүргізушілерден өрескелдік емес, өрелі ой, өрнекті сөз күтеді. Бүгінде жеңіл жанрларға құштар тілшілердің сөз бастауы – амандасуының өзі көңілден шыға бермейді. А. Байтұрсынов "амансыз ба?", "есенсіз бе?", "сәлемет жүрсіз бе?", "күйлі, қуатты барсыз ба?" [А.Б. 349] деген секілді амандасудың формаларын көрсетеді. Сонымен қатар, "армысыз?", "бармысыз?", "сәлем бердік!" секілді де түрлері бар. Ал эфирге шыққан сөйлеушіге қойылатын этикеттік талаптың бірі – қандай тыңдарман хабарласса да "сәлеметсіз бе?" дей бермей, жасы, жынысы секілді ерекшеліктеріне қарай қолданғаны жөн. Сондай-ақ, сөздің жиі қайталанғаны lfтыңдарманды жалықтырып жібереді.
Адресанттың сыпайы қарым-қатынаста болуы да коммуниканттар арасындағы сөз этикетінің орындалып, ымыралыстық пен келісуде маңызды рөл атқарады. Бұл да көркем сөйлеушіге маңызды. Дегенмен бұл сөйлеудің басқа да түрлерінде талап етілетін этикеттік нормаға жатады.
Көркем сөйлеу – тілдің өміршеңдігінің бір көрінісі. Көркемдік қуаты кеміп, тек тұрмыстық лексикадан аспаған тілді өміршең тіл қатарына қосуға болмайды.
Тілдік тұлға – тіл мен бірге мәдениетті де тасымалдаушы. Ендеше көркем сөйлеушінің "бүгін" мен бірге "ертең" үшін де маңызы зор. Қазақ тілі – көркемдік қуаты күшті тіл. Ал осындай бай тілдің қазыналы қорын сөйлеудің көркемдігі үшін барынша пайдалана білген тілдік тұлғада отансүйгіштік, тілге деген жанашырлық пен сүйіспеншілік болары сөзсіз. Өз тілін құрметтеген адам ғасырлар бойы тілімізге кодқа салынған рухани және мәдени құндылықтарды да қадыр тұтады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері. Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертация. – Алматы, 2007. – 336 б.
Ерназарова З. Қазақ сөйлеу тілі синтаксистік бірліктерінің прагматикалық негіздері. Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертация. – Алматы, 2001. – 244 б.
Сыздық Р. Ауызша дамыған қазақ әдеби тілі. – Аламаты: Дайк-Пресс, 2014. – 242 бет.
Байтұрсынов А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу / Құраст. Р. Нұрғалиев. – Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.
Сағатбек Ерұр
Рамазанов Талғат
Нұрмұхан Әсем