- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Көркем әдебиеттің артықшылығы...
Көркем әдебиеттің артықшылығы қандай?
Кітап оқу – тың әлемнің табалдырығын аттау. Әсіресе, түрлі жанрдағы кітаптарды қымсынбастан оқитын адамның жан-жақты болатынын аңғаруға болады. Cауатты адамдар көркем әдеби жанрдағы кітаптарды оқығанды дұрыс деп санайды. Өйткені, кез келген әдебиет өзіңді зерттеуге үйретеді. Көркем әдебиеттің екі міндеті бар:
Біріншіден, көркем әдебиет оқуға тәуелділікті оятады: оқиғаның қалай өрбитінін білуге, оны түсінуге, кейіпкерлерді сезінуге деген құштарлық, олармен бірге уайымдап, бірге күресу бала бойындағы кітапқа деген махаббатты оятады. Ол тек кітапқа ғана қызығушылықты оятып қана қоймай, баланың сөздік қорын көбейтеді, оның ойлау жүйесін жетілдіреді.
Сауатты балаларды өсірудің ең тиімді жолы – оларға кітап оқуды үйрету. Кітап оқудың қызықты іс екенін түсіндіру. Бастысы, балаңызға қандай кітаптардың ұнайтынын аңғарыңыз.
Балалар үшін жаман жазушы жоқ, сондықтан кімді оқығысы келсе, сол автордың кітабын беріңіз. Өйткені, балалар әрқилы жаратылыс иесі. Олар өздеріне керек оқиғаның жетегінен міндетті түрде шап беріп ұстап алады, осылайша кітап әлеміне сапар шегеді.
Екіншіден, көркем әдебиет эмпатияны туғазады: сіз фильмдер мен телебағдарламалар қарап отырғанда, оқиғалар басқа адамның өмірінде болып жатқанын ұғасыз. Бірақ, кітап оқып отырып, 42 әріппен бірге, тыныс белгілері де сіздің құзырыңызда. Сіз оны оқып отырып, өзіңіздің ойыңыздағы әлемді жасақтайсыз. Өзіңіздің жеке кеңістігіңізді құрастырасыз. Сіз еркін саяхаттайсыз. Бастысы, қайта оралған кезіңізде, сыртқы әлемнің өзгергенін байқайсыз. Шынында, сыртқы әлем емес, сіздің көзқарасыңыз ғана өзгеріске ұшырады.
Эмпатия – бұл сізді жалғыздықтан құтқаратын құбылыс. Кітаптардан сіз өмірлік маңызды сұрақтардың жауабын аласыз. Сонысымен, кітап өз құндылығын ешқашан жоғалтпайды.
Сіз қандай көркем әдебиеттерді оқуға ұсынасыз?
Т. Есқали