Коланың құрамынан алкоголь табылды

Тәуелсіз зерттеу жасап, қорытынды шығарған ғалымдар кока-коланы ішпеуге тағы да бір себеп тауып отыр. Сонымен көпшіліктің сүйіп ішетін газдалған сусынның құрамынан бояғыштар, зиянды химиялық қоспалар және аллергендерден бөлек, алкогольдың да мөлшері бар екендігі анықталып отыр.   

Millions de Consommateurs баспасы хабарлағандай, коланы бірнеше сатыдан тұратын сынақтан өткізген зерттеушілер сусынның 19 түрінің ішіндегі 10-нан спирттің аздаған мөлшерін тапқан. Алайда олар бұл коланы спирттік сусын деп атауға себеп болмайтындығын айтады. 1 литр газдалған коланың құрамында 0,001 % алкоголь бар екен. Сондықтан кола ішкен жүргізушілер көлікті мас күйінде айдап, жол полициясына ұсталамын деп уайымдамаса да болады. Салыстырмалы түрде айта кетейік, кола үшіп мас болу үшін бір адам бір мезетте сусынның 13 мың бөтелкесін ішіп тауысуы керек.  

Ал Coca-Cola компаниясының Франция мемлекетіндегі өкілдігі сусынды дайындау кезінде оған бір грамм да спирт қоспайтындықтарын айтқан. «Алкогольдың аздаған мөлшері оны дайындау кезінде сусынның құпия қоспасы салдарынан пайда болып отырған болар. Бірақ бұл қалыпты жағдай. Себебі коладан бөлек басқа да көптеген сусындарды дайындау кезінде қолданылатын ингредиенттер салдарынан спирттің аздаған мөлшері пайда болатыны ешкімге жасырын емес»,-дейді компанияның Франциядағы филиалының ғылыми жетекшісі Мишель Пепин.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: bigpicture.ru