Бала кезде бір қызық әдет бар еді. Үй жарығы қосылғанда, көбелек біткен қаптап кететін. Содан кейін бір-бірінен өтіп, әлгі жарыққа барып соғысып жататын. Оның бәрі біздерге қызық болып көрінетін. Соқырлыққа жатқызайын десек, соқыр емес, соқыр емес дейін десек, неге соғысатынын түсінбей дал болатынбыз. Сөйтсек, ғылымда бұны фототактис деп айтады екен.
Бірақ, бұл фототактис керісінше болып та келе беретін болып шықты. Оны біз алыстан алмай-ақ қояйық. Күнделікті үйге барып, жарықты жаға қалғанда тарақан біткеннің зып беріп қашатын әдеті бар емес пе?! Міне, осы құбылыс та фототактис деп аталады.
Көбелектер жарыққа ұшады, әлде ұшпайды деген сұраққа ортақ түсінік таба қою да қиын. Мүмкін, олар Ай навигациясын (бірнеше обьектіні байланыстыру) пайдаланатын шығар. Сол үшін де Ай орнына жасанды жарықты айналып, өз-өздерін біраз шатастыруы мүмкін-міс. Бірақ, бұған қарсы контраргумент (қарсы пікір) бар болып шықты?! Навигация үшін арнайы жүйемен жүру керек көрінеді. Алайда, көбелектер белгілі бір жүйемен айналмай ұшады емес пе?! Олар тіпті айсыз түнедерге де бейімделген. Бұны қалай түсінсек екен.
Фототактис құбылысы адам баласына баяғыдан белгілі. Ол туралы " Көбелектердің жалын ішіндегі өлімі" атты Эсхилден (525 — 456 б.з.д.) келе жатқан үзінділер де бар.
1960 жылдары Г.А. Мазохин-Поршняков шыбын-шіркейлерді ашық кеңістіктегі универсальды әрі тұрақты индикатор санап, олардың жарыққа ұшуын заңды деп бағалаған. Және де ультра-күлгін сәулеленудың қатты назар аудартатынына тоқталып өткен. Бұл дегеніміз жерден табылмас сәулеленуге шыбын-шіркейлер құмартады деген сөз.
Көбелектер бөлмеге кіріп кетсе, күннен келер УФ сәулеленуге қарай тырмысып, терезеге соғысатынын бәріміз білеміз. Сөйтсек, түнгі уақытты олар жабық кеңістік ретінде қабылдап, жарықтың айналасында мазасыздана ұшады екен. Тек қана жарық әрі бос кеңістікке жету үшін.
Әлі келіспей тұра тұрыңыз. Бұған қарама-қарсы да пікірлер бар болып шықты. Көбелектер жарықтан құтылып, қап-қара түнек белдеуіне ұшқысы келеді екен. Аталған белдеу жарық пен қараңғылықтың ортасында орналасқан көрінеді. Олардың осы бір оптикалық қиял, сағымы Маха белдеуі сияқты. (Адамдардың арасында да бұған сенетіндері бар).
Фототактистің қайдан бастау алары әзірге белгісіз. Бір қызығы, бір түрдің әр түрлі тұқымдары жарықты басқаша сезінетін болып шықты. Кейбіреулері жарықты айналып ұшатын болса, кейбіреулері тіпті де ұшпайды екен.
Сурет: bconline.com.ua