Қазан айы – азаматтық күнтізбе бойынша оныншы, күздің екінші айы. Халық тілінде бұл ай бозқырау деп те аталады. Бұл атау осы айдағы ауа райына қатысты шыққан болса керек.
Қазан сөзінің бірнеше мағынасы бар. Қазан – ауыртпалық, «қазан ат» – жауға мінетін ат, қазан – ас пісіретін ыдыс, қазан – үзеңгінің бір түрі, қазан – шолақ зеңбірек. Бір кездері бұл айда үлкен қырғын соғыс болып, содан ай осылай айтылып кетуі мүмкін дейді халық санасы.
Бұл айда күн суытып, құстар жылы жаққа ұшып кете бастайды, малшылар күзекке көшеді. Бие ағытылып, күздік сойылады. Кей жерлерде қар ұшқыны білініп, суға мұз қатады, бозқырау түседі. Пісіп үлгермеген көкөніс пен егін суыққа ұрынса, халық оны «қазан ұрды» дейді. Қазанда Таразы жұлдызы туып, таң суытады.
Кейбір зерттеуші ғалымдар ай атының этимологиясын соғым сойылып, бие ағытылатын кезбен байланыстырады. Қымыз болмағандықтан, жұрт етке қарайды, сондықтан қазан көтеріліп, ет асыла бастаған кезді «қазан айы» деп атаған. Дегенмен, бұл дерек нақты дәйек бола алмайды. Жаз бойы қазан құрт қайнатудан босамаса, қыс, күз бойы ет пісіруден арылмайтыны белгілі. М.Исқақовтың деректерінде қазан сөзі бірнеше мағынаны береді деп түсіндіреді: «Қазан – ауыртпалық. «Қамбар батыр» жырында «қазан аттыққа барамыз» деген сөйлем кездеседі. Ондағы «қазан ат» – жауға мінетін ат» дей келе, қазан сөзін жаугершілік заман, өлім-жітім, соғыс ұғымдарымен байланысты түсіндіреді. Соның негізінде қазан айының атауы осы айда болған қырғын соғыс кезеңімен сабақтас болуы мүмкін деген болжам ұсынады.
Халық есепшілерінің бақылауы бойынша қазан айында жұлдыздар төменнен жоғары тартылған түзудің бойымен тіркеседі. Жоғарыда Үркер және оның Үлпексарысы, одан төменіректе Үш Арқар-Таразы, одан төменде Сүмбіле жұлдызының бірінен кейін бірі қатар түзуін жұлдыздар тіркесіпті дейді. Табиғаттағы бұл құбылыс күн суытып, қыс түсер шақ келді дегеннен хабар береді. Жұлдыздар қазан айында тіркесіп болады. Ал жұлдыздар теңесіпті деген тұрақты тіркес әлгі жұлдыздардың наурыз айында горизонталь түзудің бойымен қатар келуін көрсетеді. 22-24 наурызда Сүмбіле (сол жақта), Үш Арқар-Таразы (ортада), Үркер мен Үлпексары (оң жақта) бір түзудің бойында, күннің батысында тізілген моншақтай болып тұрады. "Жұлдыздар теңесіпті" дегені, ал кейде "Таразы басы теңесіпті" дегені күн мен түн теңелді деген ұғымды білдіреді.
Дереккөз: Ана тілі газеті