- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Қазақтың полиглот жігіті...
Қазақтың полиглот жігіті 8 тіл білудің құпиясымен бөлісті
Жастайынан 8 тілді меңгеріп, қазірде Малайзия елінде қызмет жасап жатқан Хан Әзім Massaget.kz оқырмандарына тілді меңгеру құпияларын ашты. Сонымен қатар, оның таяуда Youtube желісінде жастарға арнап түсірген видеосы пайда болды. Видеороликте ол сегіз тілде еркін сөйлеп, тілді меңгеру оңай екенін, оның ішінде өз ана тілімізді үйрену одан да оңай екенін айтады. Біз өз кезегімізде онымен таныс болсақ дедік...
- Хан, назар аударғаныңызға рақмет. Біріншіден, өзіңізді таныстыра кетсеңіз, қай жақта туып-өстіңіз? Қандай оқу орнын оқыдыңыз?
- Мен Алматы қаласында туып-өстім. Абылайхан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінде жапон-ағылшын тілдерін меңгеріп, кейін Малайзияда магистратураны бітірдім. Қазір сол Малайзия астанасы Куала-Лумпур қаласында халықаралық қызметте істеймін. Онда қызмет жасап жүргеніме 2 жыл уақыт болыпты.
- 8 тілді қалай, қайдан үйреніп жүрсіз? Тілді білуге не түрткі болды?
- Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектепте оқығандықтан бұл тілді меңгеріп шығуым заңды. Менің ойымша, тілдік фундамент сол уақыттан бастап қалыптасты. Ал жапон тілін университетте жүргенде 4 жыл бойы оқыдым. Өзім Шығыстану факультетінде оқыдым, сонда басқа тілдерді меңгеріп жатқан достарым да бар еді, солардан ең болмағанда тағы да бір тіл меңгергім келді. Сосын Малайзияға келген соң мен сондағы араб достарымнан араб тілін үйрене бастадым. Қазір бұл тілде оңай сөйлейтін болдым. Ал түрік тілі біздің қазақ тілінен шыққан. Себебі сол түрік достарым да біздің көнеше сөйлейтінімізді айтатын. Міне, сол жақын тіл болғандықтан түрік тілін де меңгердім. Ал малай тілін, шынымды айтсам, қажеттіліктен үйрендім. Себебі оған басында да, қазір де аса құмарлығым жоқ. Ал оған қарағанда француз тіліне деген қызығушылығым бұрыннан бар. Бұл тілді де француз достарымнан үйреніп алдым.
- Сіздіңше, тілді тез арада меңгеру үшін қандай әдіс-тәсілдерді қолдану керек?
- Біріншіден ниет, ал екіншіден әрбір тілді үйренгенде сол тілде сөйлейтін тілдік орта болуы керек. Осы екі-ақ нәрсе әбден жеткілікті деп есептеймін. Адам өзін бір іске арнағанда бар ынта-жігерімен кірісу керек. Мысалы Англияда оқып келген таныс достарым бар, солардың көбісі әлі де ағылшын тілін дұрыс білмейді. Ал сол жаққа бармаған өз еліміздегі кейбір азаматтар ағылшын тілінде судай сөйлейді. Тіпті АҚШ-та оқып келген кейбір адамдардың өз елімізге келіп тағы да тілдік курстарға жазылып жүргеніне сенесіз бе? Ал бұл шындық. Сондықтан, меніңше, тіл білу үшін адамда қарапайым құлшыныс болуы қажет сияқты.
- Таяуда қазақ тілін меңгеруге байланысты әр тілде сөйлеген видеролигіңізді Youtube желісіне салған екенсіз. Бұл видео арқылы не айтқыңыз келді?
- Айтқым келгенін видеомда да айттым, тағы да түсіндіріп өтейін: видеомның басты мақсаты – ағылшын тілін үйрену мүмкін екенін дәлелдеу және өз тілінде сөйлей алмай жүрген кейбір бауырларымызға, әсіресе әпке-қарындастарымызға ана тілін, қазақ тілін меңгеру одан да жеңіл екенін дәлелдеу. Тағы да бір факт: қазақша сөйлей алатын адамдар ағылшын тілін жақсырақ меңгереді және айтылуы өте таза шығады, яғни қазақтарда ағылшын тілінде акцент болмайды.
- Рақмет!
Сұхбаттасқан: Анара Мұстафина
Сурет: Хан Әзім
A. Mustafina