Қазақстанға орыс шаруаларының, ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуы

Қазақстанға орыс шаруаларының, ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуы

Патша үкіметінің ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанда жүзеге асырған әкімшілік реформалары қазақ елінің саяси тәуелсіздігін біржола жойғанымен, бұл реформалар көп ұзамай-ақ патшалық әкімшіліктің қазақ қоғамының ішкі өміріне тереңдеп еніп, оны игеріп алып кетуге әлі де болса әлсіз екендігін көрсетіп берді. Мұны жақсы түсінген патшалық әкімшілік ХІХ ғасырдың 60-жылдарының орта тұсынан бастап Қазақстанды отарлаудың "ең сенімді" жолына түсті. Ол Орталық Ресейден орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныс аударту еді. Патшалық Ресейдің қоныс аудару саясаты бірнеше кезең арқылы жүзеге асырылды. Қазақстан тарихнамасында бұл қоныс аудару саясаты үш кезең бойынша бөліп қарастырылады.

І кезең ХІХ ғасырдың 70-80 жылдар аралығын қамтиды, ол 1889 жылғы 13 шілдедегі жарлық шыққанға дейін созылды.

ІІ кезең ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан 1905 жылға дейінгі уақыт аралығын қамтиды.

ІІІ кезең 1906 жылдан 1916 жылдар аралығын қамтиды.

Қазақстанға орыс және украин шаруаларын қоныстандыру ХІХ ғасырдың 70-жылдарының соңы 80-жылдардан бастап қарқынды жүргізілді. Қоныс аударудың алғашқы кезеңі өз еркімен қоныс аударған шаруалар қозғалысымен анықталып, патша үкіметі өз еркімен қоныс аударғандар жағдайын реттеу мақсатына бірқатар жеке заң-актілермен, нұсқаулар қабылдады. Онда көзделген мақсат – қоныс аударуды үкімет өз қадағалауына алып, оған көмек көрсету болды. Оған алдын ала дайындық шаралары жасалды. Мәселен, Жетісу облысы әскери губернаторы Колпаковский бастамасы бойынша Жетісуға шаруалардың қоныс аударуы туралы "Уақытша ереже" әзірленді. Бұл құжат 1868 жылдан бастап 1883 жылға дейін күшін сақтады. "Уақытша ереже" бойынша орыс қоныс аударушыларына (ерлерге) 30 десятина жер беру, 15 жылға алым-салық және түрлі міндеткерліктерден босату, 100 сом мөлшерінде көмек беру және басқа жеңілдіктер анықталып, көрсетілді. Қоныс аударған шаруалар жағдайына қатысты оларға жасалатын жеңілдіктер туралы жаңа ережелер ХІХ ғасырдың 80-жылдарынан дайындалды. Оларда да жаңа келіп қоныс тебушілер үшін берілетін жеңілдіктер сақталды, тек жер мөлшері аздап төмендеді. Айталық, 1886 жылғы дайындалған: "Түркістан генерал-губернаторын басқару туралы Ереже" бойынша 10 десятина (ерлерге) жер беру, қоныс аударушыларды алым-салық және міндеткерліктен 5 жылға дейін босату, кейінгі жылдары алымды тек жартылай төлеу жеңілдіктері сақталды.

Арнайы ереже 1889 жылғы 13 шілдеде қабылданды. Онда қоныс аудару тек Ішкі істер министрлігі және Мемлекеттік мүлік министрлігі арқылы алдын ала шешілуі қажет делінген. Тиісті үлестік мөлшері жергілікті өкімет құзырына берілді. Мұнда үлкен астар жатқаны ешқандай құпия емес-ті. "Ережеде" шаруалардың қоныс аударып, тұрақтайтын аудандары нақты анықталып көрсетіледі: Жетісу, Ақмола және Семей облыстарының территориясына орыс-украин шаруалары көптеп қоныстануы белгіленді. Ата-мекенінен қоныс аударған шаруаларға қажетінше жерді үлестіру кеңінен жүргізілді. Тек 1885 жылды қоса алғанда, Ақмола облысы қазақтары жерінен 251779 десятина мөлшерінде тартып алынды. Онда 10 940 ер адамы бар 24 қоныс аударушылар бөлімшесі (учаскелері) құрылған еді. Семей облысы бойынша 33 064 десятина егістік жер жергілікті тұрғындар иелігінен алынды. Жетісу облысынан 12 жылда (1868-1880 жж.) 3324 отбасы қоныс аударған, оның 2099 селолық құрылымға  біріксе, 1225 отбасы қалаларда тұрақтанды.

1889 жылғы Заң күші Торғай және Орал облыстарына да таралды. Заң қоныс аудару мәселесін үкімет құзырында қалдырды, қоныс аударушылар үшін арнайы рұқсат алуы қажет болды. Түйіндеп айтсақ, патша өкіметі орыс шаруаларының еркінше қоныс аударуын қадағалап, реттеуді көздеді. Алайда шаруалардың өз еркінше қоныс аударуы ретсіз қозғалыс болып қала берді.

Патша үкіметі өзінің қоныс аудару саясатын қарқынды жүргізуді көздеп, 1892-93 жж. Ұлы Сібір темір жол құрылысын бастады. Қазақтар жерін экономикалық игеру мақсатында "артық", "бос" жатқан жерді анықтайтын түрлі экспедиция құрылып, жедел жұмысқа кіріскен еді. Комиссиялар алдында қойылған талап біреу – барынша көп мөлшерде қазақтар жерінен "бос", "артық" деген жерді анықтау арқылы қоныстанушылар "қорын" толықтыру болды. Сондай-ақ, жергілікті әкімшілік басқару жүйесін қалыптастыруға үлкен назар аударылды. Нәтижесінде ХІХ ғасыр соңына қоныс аударушылар басқармасының орталықтандырылған біртұтас жүйесі құрылды. Транссібір темір жолы қазақ жерінің Солтүстік өлкесі арқылы жүргізілді. Ақмола облысы әкімшілігіне қараған осы өңірде құрылған 5 уездің 3 уезінен 160 мың келімсек орыс-украин шаруаларын қоныстандыру үшін 2241503 десятина жер бөлінді. Мұнда, экономист Ф.А.Щербина басшылығымен "қоныстанушылар қорын" жасау үшін арнайы статистикалық экспедиция жасақталды. Арнайы экспедиция 1896-1902 жылдарда Ақмола, Торғай және Семей облыстарының 12 уезін қамтып, қазақтардың мал шаруашылығына қажетті пайдаланатын "нормасын"  "187 десятина жер 24 мал басына жеткілікті" – деп анықтады. Зерттелген 8 уездің жергілікті қазақтарға тиесілі жер мөлшері – 51 %, қалған 49 % жері "қоныс аударушылар қорында" қалды. Экспедиция жұмысы нәтижесімен қанағаттанбаған патшалық әкімшілік қазақтар пайдалануындағы жер "нормасын" азайтып, "артық" деген жерді қосымша анықтау арқылы жоғарыда аталған уездер бойынша "қоныстанушылар қорын" 63% дейін көбейтті. Қоныс аударушылар қатары жылма-жыл артып, олар тұрақтанған жерлерде мыңдаған қоныстар пайда болды. Қазақстанның солтүстік, батыс және шығысында жаңа келіп қоныстанған орыс және украин шаруаларымен қоса, орыс-казак станицалары салынды. Мәселен, Ақмола, Торғай және Орал облыстарында тұрғын қазақтармен салыстырғанда, келімсек орыс-казактар және орыс, украин шаруалар есебінен жалпы халық саны өсті. 1897 жылғы жалпы ресейлік халық санағы бойынша, тек бір Ақмола облысында орыс тұрғындарының көрсеткіші 33 % жеткен.

Қазақстанның оңтүстігінде 14 мыңдай орыс, украин және әскери адам қоныстанды. ХІХ ғасырдың 80-жылдарында мұнда 5 уезд және 80-нен астам елді мекендер пайда болды. Патшалық үкіметтің жедел қарқында жүргізген қоныс аудару саясаты нәтижесінде келімсек орыс, украин шаруаларына ең шұрайлы жайылымдық, егістік, су көздеріне бай, орманды жерлер берілді. Тұрғылықты қазақтар болса, сусыз, малға тиімсіз аймақтарға зорлықпен, түрлі амал-айламен қоныстарынан көтеріле көшуге мәжбүр болды. Қоныс аудару салдарынан жергілікті тұрғын саны азайып, демографиялық ахуал күрделене түсті. Қазақтар сан жағынан 1897 ж. санақ бойынша 87 %-ке  дейін азайды. Келімсек орыс және украиндардың саны  532,7 мыңға, татарлар – 55,4 мыңға, өзбектер – 73,5 мыңға, ұйғырлар – 56 мыңға артқан. Бұл сандық көрсеткіштер жаңа ХХ ғасырда ұлғая түсті.

Патша үкіметі 1901 жылы Жарлық шығарды, онда жеке адамдарға қазыналық жерлерден үлестік жер бөліп беруге рұқсат етілді. Қазақтар жері қазыналық деп есептелді және 1867-68 жылдар реформасына сәйкес мемлекеттік меншік болып жарияланған болатын. 1904 жылы қоныс аудару басқармасы құрылып, оған орталық Ресейден шаруаларды қоныс аударту ісін қадағалау толығымен жүктелген еді.

1904 жылы 6 маусымда шыққан енді бір заңда "село тұрғындары мен мещан-егіншілердің өз еркімен қоныс аударуы туралы" делінген. Бұл аталған заңдық күші бар құжаттардың барлығы қазақ халқын өз ата-қонысы болған туған жерден ығыстырылуға, тұрмыс ауыртпалығын бастан кешуге, мәжбүрлікке душар етті.

XІX ғасырдың соңында Қазақстанға орыс шаруаларымен қатар ұйғырлар мен дүнгендер де қоныс аударды. Өйткені 1871-1881 жылға дейін Іле аймағы патшалық Ресейдің қол астында болды. 1881 жылы 12 ақпанда Қытай мен Ресей арасында "Петербург шартына" қол қойылды. Шарттағы 17 статьяның алғашқылары келісімнің мәнін жан-жақты ашып көрсетті. Мысалы, шарттың 3-бабында: "Іле аймағының тұрғындарына Қытай қол астындағы мекендерінде қалу немесе Ресей жерлеріне көшіп, Ресей азаматтығын қабылдау ұсынылады"-деп қарастырылған. Ұйғырлар мен дүнгендерді Жетісуға қоныстандыру арқылы патша үкіметінің көздеген мақсаты – оны жергілікті халықтың ұлт-азаттық көтерілісіне қарсы қолшоқпар ретінде пайдалануды көздеді. Бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, қоныс аударғандарды Шелек және Іле өзенінің аралығында орналастыру туралы шешім қабылданды. Ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісуға қоныс аударуы 1881-1883 жылдар аралығында жүзеге асырылып, 1884 жылдың басында 9572 ұйғыр отбасы қоныс аударды, оның 24628 ер адам болса, ал 20745 әйелдер болды, барлығы 45373 адам еді. Сонымен қатар, Қазақстанға барлығы 5055 дүнген қоныс аударды.

Қоныстанушылардан жаңадан 5 болыс: Жаркент, Ақсу-Чарын (қазіргі Ұйғыр ауданы), Малыбай (Шелек ауданында), Қорам (Шелек ауданы), Қарасу (Еңбекшіқазақ ауданында), Кетпен болыстары құрылды (қазіргі Жаркент ауданында). Жаңа құрылған болыстың басшысы болып сол бұрынғы Іле аймағында болған басшылар сайланды.

Дүнгендер мен ұйғырлар өздерімен бірге Жетісуға жасанды жолмен суландырылатын егіншіліктің әлдеқашан қалыптасқан дәстүрлерін әкелді. Ұйғырларда күріш өсіру дүнгендердегі сияқты негізгі дақылға айналған жоқ. Олар негізінен бау өсіріп, бақша салумен айналысты (халықтың шамамен алғанда үштен екісі). Дүнген шаруашылықтарының үштен екісінен астамында бау да болды.

Сонымен, қорыта айтқанда, орыс шаруаларын қазақ өлкесіне қоныстандыра отырып, қазақ халқын шаруашылыққа жарамды жерінен айыру процесімен бір мезгілде отарлаушы әкімшілік жүйесінің жаңа жағдайға байланысты одан әрі жетіліп, нығая түскендігін, сондай-ақ отарлау ісінің құрамды бөлігі қазақтарды орыстандыру, шоқындыру шараларының да жүйелік, мақсаттылық сипат алғандығын байқаймыз.

Сурет: malimetter.org, azattyq.org

Ж. FM