Қазақстан мұнайының өндірілу тарихы (2-бөлім)

Қазақстан мұнайының өндірілу тарихы (2-бөлім)

1-бөлім

Елдегі саяси жағдай біржақтыланып, тұрақтылық орнаған соң, мұнай саласы қайта күшіне мініп, жандана бастады. Нақты айтсақ, 1926 жылы Қосшағыл кен орны ашылды. Қосшағылдағы мұнайдың көлемі Доссор мұнайынан үш есе көп болды. Бұл Қосшағылдың ашылуы да бір қызық әңгіме. Жергілікті тұрғын Бешім Қызылбасов осы аймақта мұнай қабаттарының белгілерін байқап, оны “Казнефтеразведка” трестінің геологы П. Я. Авровқа көрсеткен. Көп ұзамай осы жерде бұрғылау жұмыстары басталып, мұнай қабатының бар екендігі айқындалған. Нәтижесінде Бешім мырза “Құрметті мұнайшы” атағын иеленіп, тосыннан келген олжаға қарық болды.

1935 жылы Гурьевте (Атырау) академик Иван Губкин төрағалық ететін КСРО ғылым академиясының  сессиясы өтті. Бұл басқосуда Орал Ембі мұнай аумағының болашағы талқыланып, нәтижесінде бұл аймақта жылына 25 млн тонна мұнай өндіруге болады деген қорытынды жасалды. Бұл сол кездегі шкала бойынша өте үлкен көрсеткіш еді.

Дәл осы жылы “Казнефть” бірлестігі Боранкөл кен орнын ашты. Маңғылшақтың геологиялық құрылымын зерттеу жолға қойылды. Каспий жағасындағы порттық елді мекен Баутинода бүкілодақтық геологиялық барлау ғылыми зерттеу институтының комплекстік барлау экспедициясы құрылып жатты. Мұнайлы Маңғыстау жерінің жаңа дәуірі басталып, ұйқыдағы ару осылайша ояна бастады.

Ұйқыдағы арудың оянуы

1957 жылы Маңғыстау жерінде барлау жұмыстарын жүргізу мақсатында “Казахстаннефть” өндірістік бірлестігінің жанынан “Мангылшакнефтегазразведка” тресі құрылды. Осылайша 1961 жылы алып мұнай мен газға бай Өзен кенорны ашылды. Тура жарты жыл өткенде мұнайға бай Жетібай кенорны ашылды...

Өзендегі сәтті жүргізілген жұмыстардан соң, КСРО министрлер кеңесі жаңа бұйрық шығарды. Бұйрық бойынша, Маңғыстауда “Мангышлакнефть” және “Узеньнефть” мұнайөндіру бірлестіктері құрылды.

Бұл аймақтардағы жұмыстар сәтті жүріп жатса да, Бозашы жартыаралындағы зерттеу жұмыстарының нәтижесі мәз емес еді. “Мангылшакнефтегазразведка” тресінің Қызан, Қырын, Қошақ жерлеріндегі терең бұрғылау жұмыстары оң нәтижесін бермеген соң, жартырал тәжірибелік полигон ретінде Қорғаныс Министрлігіне берілді. Геолог мамандар  жұмыстардың текке кеткеніне қапа болып жүргенінде мынадай бір іс болды. Жергілікті жолсерік Дүйсекен Ақмырзаев гелогтарды газ бөілінісі болып жатқан аймаққа сілтеп, нәтижесінде “Мангылшакнефтегазразведка” тресі зерттеу жұмыстарын жандандыру туралы шешім қабылдап, бұрғылау жұмыстарын жүргізу үшін әскери полигонның бастығы Гайденкодан рұқсат сұрады. Генерал-майор жұмыс қыс мезгілінде жүргізілетін болсын деп шарт қойып, рұқсатын берді.  

Қақаған қыстың аязында бұрғылау жұмыстары басталып, 1974 жылдың 26 қаңтарында Қаражамбас аймағындағы  K-12 ұңғысынан 302 метр тереңдіктен екпінді мұнай фонтаны атқылады. Бір жыл өткенде Солтүстік Бозашы кенорны ашылды. Одан көп ұзамай Қаламқас кенорны ашылып, Бозашы мұнайлы аймағы пайда дами бастады.     

Маңғышлақ жеріндегі жүргізілген жұмыстар мұнайдың өндірудің жылдық көлемін арттырған сайын арттыра берді. Нәтижесінде осы көрсеткіш бойынша Қазақстан аумағы бүкіл Одақ бойынша екінші орынға шықты. Осы басталған шаруалардың жалғасы ретінде 1979 жылдан бастап бірнеше мұнайлы және газды-конденсатты кенорындары ашылды. “Теңіз”, “Имашев” (Атырау облысы), “Қарашығанақ”(Батыс Қазақстан облысы), “Кенқияқ”, “Жаңажол”(Ақтөбе облысы) кенорындары қойнауынан қара алтынды жер бетіне төге бастады. 

Еліміздегі мұнай мен газдың қоры Қазақстанды әлемдік нарықтың белді мүшесіне айналдырды. Қазіргі таңда үкімет озық технологиялар мен білікті кадрларға ие шет елдік компаниялармен ұзақ мерзімді келісімшартқа отырып, бірігіп жұмыс жасауда. Бұл 2001 жылы ірі Қашаған кен орнының ашылуына негіз болды деуімізге әбден болады.

Құрметті оқырманым, атамекеніміздегі мұнай саласының даму тарихы қысқаша осылай өрбіді. Хал-қадірімізше назарларыңызға маңызды оқиғаларды ұсынып, жеткізуге тырыстық. Енді осы байлығымызды өз еліміздің дамуына пайдалануға құлшыну біздің перзенттік парызымыз болып қала бермек.  

сурет: padguy.deviantart.com