Қазақстан мұнайының өндірілу тарихы

Батыс Қазақстандағы мұнай қабаттарының белгілерін ежелден-ақ жергілікті халық байқаған. Әсіресе Құмсай, Иманқара, Доссор секілді мекендерде қышқылды мұнайға қаныққан құмдардың бөлінуі осының дәлелі болса керек. Ол аз десеңіз, Қарашұңғыл өзенінің оңтүстік бөлігінде бензин иісті,  құрамында мұнайы бар бұлақтың ағып жатуы тегін емес екенін халық сол кезде-ақ түсінген. 

Олай болса, оқырман, Қазақстан жеріндегі мұнайдың игерілу тарихына тоқталып, шамамыздың жеткенінше назарларыңыздан өткізіп көрелік.

***

Қазақстан жеріндегі мұнайға ғылыми көзқарас орыс халқының саяхатшысы Г.С.Карелин Қайдақ шығанағында қайықпен жүзіп жүргенінде басталыпты. Ол қалай десеңіз, ескекті ескен сайын судың бетінде майлы ақшыл заттың пайда болатындығын көріп қайран қалып, осы аймақты зерттеуге көңілі ауыпты деседі натуралист ғалымның. Бұл сонау 1832 жыл еді.

Осы және де басқа белгілер атағы дардай геологтар мен мұнайшыларды да қызықтырмай қоймады. Жер қойнауындағы қара алтынды игеріп пайдаға белшесінен батқысы келгендердің ең алды Леман атты кәсіпкер болды. Табыстың көзін жақсы білетін Леман “Эмба-Каспий“ компаниясын құрып,  жүргізілген зерттеулерден соң 1894 жылы Қарашұңғыл жерінде алғашқы бұрғылау жұмыстарын бастап кетті. Епті Леманның бұл бастамасы тура 5 жыл өткен соң, яғни 1899 жылы өз жемісін берді ау әйтеуір.  №7 скважинада 40 метр тереңдіктен мұнай фонтаны атқылап, бұл уақиға Қазақстан төсіндегі алғаш мұнайдың өндірілуі болып тарих бетіне жазылып кете барды.

Міне осы сәттен бастап, еліміздегі мұнай өндірісінің қарқынды дамауы басталған еді.

Ғалымдар жаппай осы аймақты зерттеп, нәтижесінде әскери топограф Г.А.Насибянц Таспас құдықтарының айналасында топографиялық зерттеулер өткізіп шайырлы мұнайдың бөлінулерін байқаған. Ал академик Андрусовтың шәкірті М.В. Баярнаус болса тура он жылдан соң Төбешік атты аймақта қышқылды мұнайға қаныққан құмды қабаттың бар екендігін анықтады.

Ғалымдар мұнайлы мекендерді табам деп көз майын тауысып зерттеулер жүргізіп жүргенде пайда көзін көре тұра тыныш жата алмайтын кәсіпкер Леман “Орал-Каспий мұнай бірлестігін” құрып, Доссорда бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатты. Осылайша бір жыл өткенде 1911 жылы №3 скважинадан 226 метр тереңдіктен мұнай фонтаны атқылады. Көп ұзамай ақ осы жерде жүйелі түрде мұнай өндіру бастау алып, Қазақстандағы алғаш өнеркәсіп бой көтерді.  1913 жылы Мақаттан мұнай табылып, ол жер де қызу жұмыстың аймағына айналды.

Доссор-Мақат зонасындағы мұнайдың сапасы өте жақсы еді. Мұнай жеңіл, күкірті аз, парафині де көп емес-тін. Бұл мұнайдан төменгі температурада қолдануға өте ыңғайлы мотор майларын жасап шығаруға болады.  Дегенмен бұл артықшылықтар мұнай өндірісінің қарқындауына әсер ете алмады. Сол кездегі революция, азаматтық соғыс, бірінші дүниежүзілік соғыс деген сияқты саяси жағдайлар өндірістің дамуына мұрша бермеді.  

жалғасы...

сурет: ufz.de