- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Қазақстан аумағындағы мемлекеттік...
Қазақстан аумағындағы мемлекеттік бірлестіктер
Б.з.б. І мыңжылдықта қазіргі Монғолияның оңтүстігіндегі Ордостан тартып Каспийге дейінгі Орталық Азияның ұлан – байтақ кеңістігін шығу тегі мен этникалық құрамы жағынан әр түрлі тайпалардың мекендегені белгілі. Шаруашылықтың біртіндеп даму барысы, тұрмыстың біршама ортақ болуы, этникалық жақындық пен түрлі саяси фактордың әсері Орталық Азияда ертедегі ірі тайпалық бірлестіктердің құрылуына негіз болды. Олардың уақыты жағынан алғашқылары саналатыны хунну (ғұндар) еді. Б.з.д. ІІІ ғасырдың аяғында қытай деректерінде кездесетін сюнну немесе хунну (ғұндар) әр түрлі тайпаларды біріктірген. Ғұндар туралы мәліметтерді негізінен қытай жазбаларынан аламыз. Олар Тынық мұхиты мен Солтүстік Қытай, Алтай мен Жетісуға дейінгі аумақта, ал кейіннен одан әрі батысқа да таралып отырған саяси құрылым болып табылады. Ғұндар 24 руға бөлінген. Әрбір рудың көшіп жүретін өз жері болды.
Ғұндардың жоғарғы билеушілері қытай деректерінде “шаньюй” деп аталған. Б.з.д. 3 ғасырдың соңына қарай ғұндар бірігіп әскер түзеп, өздерінің мемлекетін құрды. Оларды бір одаққа біріктіру әйгілі Мөде шаньюйдің есімімен байланысты. Ғұндар қытайлармен көп соғысты. Б.з.д. 3 ғасырда ғұндар шабуылының күшейгені соншалық, қытай императорын Ұлы қорғанды тұрғызуға мәжбүр етті. Б.з.д. 209 жылы ғұн тайпаларын Мөде шаньюй басқарып, ол билік құрған алғашқы жылдардың өзінде-ақ Қытайдың шекаралық аудандарына жорықтар жасап, күйрете соққы берді. Кескілескен күресте Мөде бастаған ғұндар өздерінен әскери-саяси қуаты басым Хань әулетін ғұндардың Ордостағы көшіп-қонатын жерлеріне көз тігуінен бас тартуға мәжбүр етті. Хань императоры Гаоцзу Мөде шаньюйдың алдында бас иіп, онымен “өзара тыныштық және туыстық туралы шартқа” қол қояды. Бұл шарт бойынша Хань императоры шаньюйге өзінің ханшасын әйелдікке беріп және жыл сайын салық төлеп тұруға міндеттеледі.
Мөде бастаған ғұндар кейін шығыстағы “шығыс ху” тайпаларын бағындырады, ал оның құрамына Керулен және Онон өзенінің алқаптарында мекендеген сяньби және ухуань тайпалары кіретін еді. Одан соң ғұндар батыстағы юечжи тайпаларына жорықтар жасайды. Бұл кезеңде қазіргі Кореядан Тибетке және Шығыс Түркістаннан Хуанхэнің орта ағысына дейінгі кең аумақ ғұндардың қол астына өтеді, ал солтүстікте ғұн конфедерациясына кірген тайпалардың мекені Байкалға дейінгі аумақты алып жатқан еді.
Ертедегі деректерге қарағанда ғұндар Саян-Алтай тайпаларына жорықтар жасаған. Б.з.д. 201 жылы сюннулердің солтүстік және солтүстік-батысқа қарай жорықтарын жалғастырып, Хуньюй, Цюйшэ, Динлин, Гэкунь және Синьли елдерін бағындырған. Олардың аумағы батысында Кем (Енисей) өзенінен Іле өзенінің алқабына дейінгі жерлерді алып жатты.
Б. з. д. 201 жылғы жорықта ғұндар Алтай өңірін мекендеген тайпаларды түгелдей дерлік бағындырды. Одан кейінгі жылдарда олар батыста да белсенді әрекет жасайды. Б. з. б. 177 жылы Мөде шаньюй көршілеріне қарсы әрекет жасамақ болды деген сылтаумен өзінің батыстағы иеліктерінің билеушілерін юечжилерге қарсы жорыққа аттандырады. Ғұндардың атты әскерлері Чжанье-Ганбчжоу ауданы маңында юечжилерді жеңіп, қалыптасып жатқан бірлестігінің төңірегіндегі бірнеше иелікті бағындырады. Бұл жөнінде шаньюй былай дейді: “Аспанның рахымымен жауынгерлер аман, ал аттар мықты шықты: олар юечжилерді жойып, жуасытты; семсердің ұшына іліп немесе бағындырып, өз билігін нығайтты. Лоулань, Үйсін, Хуцзе және оларға шектес 36 иелік (князьдік) сюннулерге қаратылды. Олардың бәрі сюннулердің армиясына кіріп, бір әулетке айналды”.
Ғұндар бірлестігіне шығу тегі әр түрлі тайпалар мен этникалық-саяси құрылымдар кірген. Конфедерацияның қоғамдық-саяси өміріне бір орталықтандырылған билікке бағынғысы келмейтін күштер мен ұланғайыр аумақта орналасқан иеліктер арасында тығыз саяси және экономикалық байланыстардың болмауы қатты әсер етті.
Б. з. д. I ғасырдың ортасында ғұн қоғамы өзінің вассалдық иеліктерінен айрылумен қатар бұрынғы бірлестік құрамында болған ғұндар б.з.д. 55 жылы оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлінді. Оңтүстік бөлігін Хуханье шаньюй, солтүстік бөлігін Чжичжи шаньюй басқарды. Оңтүстіктегілер Ордос аумағында мекендеп қалды да, солтүстіктегілер өз тайпаларының қысымына шыдамай Саян мен Байкал өңіріне ығысып, яғни солтүстік пен батысқа қарай қоныс аударды.
Б. з. д. 49 жылы Чжичжи Хань империясының боданына айналған оңтүстік ғұндардың жерін басып алуға, сол арқылы бірлікті қайта орнатуға әрекет жасады. Бірақ оның бұл әрекетінен нәтиже шықпады. Өз күші жетпеген соң үйсін күнбиінен көмек сұрайды, бірақ үйсін күнбиі оған көмек беруден бас тартады. Осыдан кейін одақтассыз қалған солтүстік ғұндар оңтүстік ғұндардың жерінен кетуге мәжбүр болады.
Солтүстік ғұндардың билеушісі Чжичжи шаньюй солтүстік-батыс Моңғолиядағы Қырғыз-Нұр көліне таяу жерде өз ордасын орнатады. Осы арадан ол үйсіндердің көрші тайпаларына жорық жасап тұрады. Сөйтіп, б.з.д. І ғасырдың екінші жартысында Чжичжи бастаған ғұндар Қазақстанның Жетісу аймағына алғаш рет көшіп келе бастады.
Ғұндардың батысқа қарай қоныс аударуының екінші толқыны б.з. 93 жылы басталады. Олар Сырдария бойы мен Арал өңіріне, Орталық және Батыс Қазақстан аймақтарына барып енеді. Б.з. ІҮ ғасырында ғұндар Еуропаға дейін жетеді. Ғұндардың Батысқа жорығы Халықтардың ұлы қоныс аударуының басталуына түрткі болды. Олар Шығыс Рим империясының жерлеріне шапқыншылықтар жасайды. Әсіресе, Ү ғ. басында Ругила патшалық құрып тұрған кезде Рим мемлекетіне шабуылы күшейеді, Дунай жағалауындағы римнің иеліктерін жаулап алады. Паннония (қазіргі Венгрия аумағы) жерінде жаңа мемлекет – Батыс ғұн империясы құрылады. Ғұндар Рим империясына үлкен қауіп туғызады. 433 жылы Ругила қайтыс болғаннан кейін мемлекет билігі іс жүзінде Аттиланың (Еділ батыр) қолына көшеді. Ол 453 жылы қайтыс болғанға дейін Еуропаның көптеген халықтарын өзіне бағындырып, бүкіл Еуропаны дүр сілкіндірді. Бірақ Аттила өлгеннен кейін Батыс ғұн империясы ыдырап кетті.
Ғұндардың өмірінде көшпелі мал шаруашылығы басты рөл атқарады. Жылқы өсіріп, ат баптауды жетік меңгерген. Ғұндардың ішінде отырықшы тұрмыс кешіп, егіншілікпен шұғылданғандары да болған. Дәнді дақылдың ішінде тарыны көп өсірген. Ғұндар өмірінде аңшылық та үлкен орын алған. Қолөнері мен бейнелеу өнері жоғары деңгейде болды. Зергерлік өнердегі полихромдық стильді дүниеге әкелген. Көк тәңіріне табынып, ата-баба рухына сиынған. Өздерінің дәстүрлі құқық жүйесін қалыптастырған.
Ғұндар қоғамында патриархалды-рулық қарым-қатынастар күшті болған. Елді шексіз билік иесі – шаньюй басқарған, оның жақын туыстары түменбасы лауазымын иеленді. Деректер ғұндарда малға және жерге де жеке меншік болғанын білдіреді. Ер азаматтардың барлығы дерлік қатардағы жауынгер саналған. Ғұн әскерінің негізін атты әскер құрады. Ғұндар жауынгер халық еді. Олардың жауынгерлік құдіретінен сескенген қытайлықтар Ұлы Қытай қорғанын салдырған. Сонымен, қорыта келгенде, ғұндар – бастапқы кезде Орталық Азияда пайда болған ежелгі дәуірдегі тайпалар одағы, түркі халықтарының арғы тегі. Бұл тайпалардың бір бөлігі қазақ халқының құрамына қосылып, қазақ халқын қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Соның үшін ежелгі ғұндарды қазақ халқын құраған қайнардың бірі деуге болады.
Үйсін мемлекеті. Б.з.д. ІІ – б.з ҮІ ғасырларда Қазақстан аумағында мекендеп мемлекеттік дәрежеге көтерілген көне тайпалық одақтардың бірі үйсіндер болып табылады. Үйсін – қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Ежелгі қытай жазбаларында үйсін атауы б.з.б. 2 ғасырдан бастап кездеседі. Жетісу үйсіндерінің шығу тегіне келетін болсақ кейбір ғалымдар үйсіндердің сақ заманындағы исседондармен туыс екенін дәлелдеп, оларды Тянь-Шань және Шығыс Түркістан тармағы деп бөледі. Белгілі антрополог О. Смағұлұлының дәлелдеуінше үйсін антропологиялық типінің морфологиялық құрылыстары нәсілдік жағынан сақ дәуірінде өмір сүрген тайпаларға өте жақын. Демек үйсіндерді сақ тайпаларының тікелей ұрпақтары деп тұжырымдау орынды.
Белгілі қытайтанушы тарихшы-ғалым Н. Мұқаметқанұлы: “Үйсін мемлекеті дегеніміз – үйсін тайпалар одағынан құрылған Қазақстан аумағында б.з.д. ІІ – ҮІ ғасырларда өмір сүрген байырғы мемлекеттердің бірі. Байырғы үйсіндер, Үйсін мемлекеті бізге қытай жылнамаларының орысша аудармасы арқылы “Усунь” деген атпен белгілі болған. Үйсін мемлекеті жөнінде жазылған тарихи деректер мол, қазылған археологиялық мұралар көп, зерттеу еңбектері де аз емес”... Аталмыш “Үйсін” деген этноним ең алғаш қытай тарихшысы Сы Мачянь (Сыма Цянь) жазған “Тарихнама - Ши цзы. Хұндар тарауында” хатталған”, - деп көрсетеді.
Үйсін мемлекетінің негізгі территориясы қазіргі Қазақстанның Жетісу өлкесі, Шу, Талас өңірі, Ыстықкөл аумағы және Қытайдың Іле аймағы болды. Шекаралары батысында Шу мен Талас өзені, шығысында Тянь-Шаньның шығыс атырауларына, солтүстігінде Балқаш көліне, оңтүстігінде Ыстықкөлге дейінгі аумақты алып жатты. Үйсі мемлекеті батысында қаңлылармен, шығысында ғұндармен, ал оңтүстігінде Ферғанамен шектесіп жатты. Қытай жазба деректері бойынша Үйсін мемлекетінің астанасы Чигу-Чэн (Қызыл аңғар) қаласы болған. Ол Ыстық көлдің жағасында орналасқан.
Ғұндардың күшеюінен қорыққан қытай үкіметі өзіне одақтас іздеп, батыс елдеріне елшілік жіберді. Қытай елшісі келген кезде үйсіндер Қытаймен және ғұндармен терезесі тең қуатты мемлекет болды.
Үйсіндер мен Үйсін мемлекеті жайлы жазылған қытай деректеріндегі мәліметтерге қарағанда – үйсіндердің 120 мың түтіні, 630 мың адамы, 188 мың 800 әскері болған. Мемлекеттің ең жоғарғы билеушісі гуньмо (күнби) деп аталған. Үйсін елі құрылғаннан бастап, оның бүкіл елді басқаратын үкіметтік ұйымы болды. Әлеуметтік қатынастар заңдар арқылы реттелді, күшті, ұйымдасқан әскері болып, қытайлар үшін «Батыс өлкедегі ең күшті мемлекет» саналды.
Үйсін қоғамы біртекті болмаған, онда байлары – тайпа мен ру дәулеттілері, жасауылдар мен абыздар және қатардағы бұқара – малшылар мен егіншілер болған. Үйсіндер қоғамында құлдар да болған, олар негізінен соғыс тұтқындарынан құралды және үй шаруашылығында пайдаланылды.
Үйсін қоғамында мүліктік және әлеуметтік теңсіздік, малға жеке меншік болды. Әрбір отбасы өздерінің малын ажырататын өз таңбаларын салды. Жер иеленуге де жеке меншік болғанын жазба деректер мәлімдейді. Үйсін қоғамында әлеуметтік теңсіздіктің болғанына археологиялық қазбалар дәлел. Жетісудың көптеген қорғандарының көлемі әртүрлі - үлкен, орташа және шағын болып келеді.
Үйсіндердің шаруашылығы мен мәдениеті жайындағы деректер археологиялық қазбалардан анықталып отыр. Қытай жазбаларында үйсіндерді көшпелілер ретінде сипаттайды. Б.з.б. 105 жылы үйсін күнбиіне ұзатылған Қытай императорының қызы киізбен қаптаған дөңгелек үйде тұратынын, ет, сүтпен қоректенетінін айтып, өлеңмен зарлы хат жазған. Үйсіндердің негізгі шаруашылығы – мал шаруашылығы. Әсіресе, жылқы мен қой өсіру жақсы дамыды. Кейбір байлардың 4-5 мың жылқысы болған. Сонымен қатар егіншілік те дамыған, бау-бақша өсірілген, кейбір қожалықтар жартылай отырықшылық тіршілікке көшті. Іле, Шу, Талас өзендері алқабынан суландыру жүйесінің іздері анықталды. Обалардан табылған мәдени мұралар қолөнер кәсібінің болғандығын да дәлелдейді.
Қарғалы үңгірінен табылған диадема (бас киім) б.з.д. 2 – 1 ғғ. өмір сүрген үйсіндік зергер-ұстаның тамаша туындысы. Бұл ұзындығы 35 см., ені 5 см. диадемада аңдар, жануарлар, адамдар бейнеленген. Ол суреттер үйсіндердің наным-сенімдерін білдіреді. Мысалы, ондағы пырақты аттар күннің символы болып табылады. Үйсін шеберлері алтын әшекей бұйымдарды зерлеу тәсілімен жасады. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған осындай және басқа да қолөнер заттары мен бұйымдары үйсін өнерінің жоғары даму деңгейін көрсетеді.
Үйсін мемлекетінің Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы оның көршілес елдер, тайпалармен (қытай, ғұн, қаңлы, ұйғыр, қырғыз және т.б.) саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды дамытуына мүмкіндік жасады. Бастапқыда Үйсін мемлекеті ғұндармен қалыпты қарым-қатынаста болды. Бірақ Хань патшалығының ғұндарды жеңіп, батысқа бет алу әрекеті үйсіндерді қытайлармен тығыз байланыс орнатуға мәжбүр етті. Қытайлар ғұндарға қарсы батыста жатқан елдерден одақтастар іздеуге кірісті. Қытай императоры Уди б.з.д. 138 жылы үйсін еліне Чжан Цянь бастаған елшілік жібереді. Осыдан кейін екі жақты қарым-қатынастар етек алып, үйсіндер Қытаймен кең дипломатиялық және туыстық қатынаста болған. Қытайлар үйсіндермен құдандасып, күнбиге Хань патшалығының ханшасын әйелдікке береді. Әрине, бұл құдалық белгілі саяси мақсатты көздеп, хань әулеті үкіметі мен үйсіндер арасындағы одақтастық байланыстың негізін қалады. Өз кезегінде ғұндар да үйсіндермен құдаласып, күнбиге өздерінің қыздарын беріп отырған. Үйсін мемлекеті біртұтас ел ретінде б.з. ҮІ ғасырының ортасына дейін өмір сүріп, одан соң Түрік қағанатының құрамына енеді.
Қаңлылар – қазақ халқының негізін құраған ежелгі тайпалардың бірі. Олар туралы деректерді негізінен қытай жазбаларынан аламыз. Шығыстанушы Н. Аристов «қаңлылар – ежелгі түркі руы» деп көрсетеді. В.Востров олардың ежелгі тайпа және түркі тілдес екенін нақтылап берді. А.М. Бернштамның пікірінше де қаңлылар түрік тілді халық болған.
Қаңлы мемлекеті (б.з.д. ІІ ғ. – б.з. Ү ғ.) – Оңтүстік Қазақстанда құрылған алғашқы мемлекеттік бірлестіктердің бірі. Қытай деректері бойынша астанасы Битянь қаласы болған. Қаңлының билеушісіне 5 иелік бағынышты болды. Кангюй мемлекеті мен оның иеліктерінің орналасу мәселелерінің тарихы И.Бичуриннен басталады, ол оның орналасқан жерін Сырдария өзенінің солтүстік жағындағы далалар деп белгілеген. «Шицзи» мәтініне «Давань туралы хикаяда» берген түсініктемесінде ол «Кангюй иелігі қазіргі қазақтың Ұлы жүзі мен Орта жүзі көшіп жүрген Сырдарияның солтүстік жағындағы далаларды алып жатыр» деп атап өткен. «Шицзиде» кангюйдің орналасуы туралы былай делінген: «Кангюй Даванның солтүстік-батысында шамамен алғанда 2000 ли жерде жатыр. Бұл - әдетте 20 000 әскері бар юечжиліктерге ұқайтын көшпелі иелік. Кангюй Даваньмен шектес және күшінің аз болуына қарай оңтүстікте юечжилердің билігін, шығысында ғұндардың билігін таниды».
Б.з.д. ІІ-І ғғ. қаңлылар батыс өңірдегі белді мемлекеттердің бірі болды. Үлкен Хань әулетінің келесі хроникасы «Цянь Ханьшудың» «жерге орналасуды суреттеу» деген тарауында кангюйге арналған бөлім бар, онда сөзбе-сөз келтіргенде былай делінген: «Кангюй билеушісі Лоюень елінде, Уананнан 12 300 ли жердегі Битянь қаласын мекендейді. Ол наместникке тәуелді емес. Әміршінің жазда болатын жеріне Лоюеннен жеті күнде жетуге болады... Халқы 120 000 отбасынан, 600 000 адамнан тұрады; әскер саны 120 000 адам. Әдет-ғұрпы үлкен юечжимен бірдей. Кангюй шығыс жағында ғұндарға бағынады...». Осы ғасырдың ортасына қарай олардың орналасу мәселелері жөнінде негізінен екі көзқарас: 1. Кангюйлер Ташкент жазирасынан Хорезмге дейінгі қос өзен арасындағы кең-байтақ жерді алып жатты; 2. Кангюй иелігі Сырдария өзенінің сағасынан Ташкентке дейінгі алқапта шоғырланған, ал байырғы жерлері Сарысу өзенінің орта ағысынан сол өзен мен Шу өзенінде, Ұлытауға дейін орналасқан деген көзқарастар қалыптасты.
Алайда кангюйлердің байырғы жерлері Сырдарияның орта ағысы бойындағы жерлер болған. А.Н.Бернштамның пікірі бойынша, неғұрлым ертедегі тарихи ескерткіштер – Авестада, Махабхаратада, Пехлевилердің бундахишні мен эпикалық Шахнамада аңызғы айналдырылған Кангха нақ осында орналасқан. Ол ежелгі түріктердің руналық ескерткіштерінің Кенгутарбант елін де осында орналасқан деп көрсетуді ұсынған еді. Кейіннен бұл көзқарасты Қазақстан зерттеушілері мен ежелгі Орта Азия тарихының саласындағы басқа да мамандар негізге алды. С. Г. Кляшторный мен Л. М. Левинаның еңбектері кангюйлердің орналасу мәселелерін зерттеуге қосылған елеулі үлес болды. Біріншісі кангюйлер туралы жазбаша деректердегі хабарларды қорытып, кангюй жерлерінің орналасуы жөніндегі негізгі пікірлерге сын көзбен талдау жасады. Л.М.Левина сол кезге қарай жинақталған археологиялық деректерді жүйеге келтіру мен қорытуда көп еңбек етті. Ол кангюйлер заманындағы Сырдария алқабының негізгі үш мәдениетін сипаттап, оларды кезеңдерге бөлуді ұсынды. Жан-жақты талдау негізінде автор өзі қарастырған жетіасар, отырар-қаратау, қауыншы мәдениеті кангюй мемлекеті тұрғындары мәдениетінің нұсқалары болып табылады деген қорытындыға келді.
Сонымен, Кангюйлер Сырдария өзенінің орта ағысының солтүстік жағын мекендеген және Кангха мемлекетінің ұйтқысы болған тайпалар одағы деп айтуға болады.
Егер б. з. б. II ғасырдың екінші жартысында қытай елшісі Чжан-Цянь Кангюй жерлерінің оңтүстігінде юечжиге, ал солтүстігінде ғұндарға тәуелді екенін айтса, біздің заманымыздағы I ғасырда мұндағы жағдай өзгереді. Егер Чжан-Цянь юечжи әскерін 100-200 мың, ал кангюй әскерін 90 мың деп хабарлаған болса, Цанб-Хань-Шу енді кангюй әскерін 120 мың, юечжи әскерін 100 мың дейді.
Бұл кезеңде Орта Азиядағы қос өзен аралығында юечжилердің негізгі бөлігінің оңтүстікке, сол жағалаудағы Бактрияға ығысуы, жерге отырықшылық орын алып, жеке-жеке бес иелікке бөлінгенін, мұның өзі кангюймен салыстырғанда олардың әлсіреуіне әкеп соқпай қоймағанын, ал кангюйлердің алдынан оңтүстік пен батысқа басқыншылық жорық жасау үшін мүмкіндік ашылғанын атап өткен жөн. Сол кезде б. з. б. II ғасырдың аяғы – I ғасырдың басы, сірә, кангюйдің жоғарыда аталған тәуелді бес иелігі пайда болса керек.
Б.з.д. І ғасырдың екінші жартысында Чжичжи шаньюй бастаған ғұндар Оңтүстік-шығыс Қазақстан жеріне алғаш рет көшіп келе бастады. Осындай жағдайда Қаңлы мемлекеті Чжичжимен одақ құрып, оны үйсіндерге қарсы пайдаланбақ болды. Қаңлы билеушісі Чжичжиді Талас алқабына шақырып, оған өзінің атты әскеріне қолбасшылық ету құқын берді. Бірақ, каңлылардың үміті ақталмады. Чжичжи үйсіндерді бағындыра алмады. Енді ғұндар мен каңлылар арасында қайшылық туды. Чжичжи қаңлы билеушісінің қосынынан қуылып, Таластың жоғарғы жағына кетеді, сол жақтан өзіне қала тұрғызады. Шаньюй құрлысқа қаржыны Ферғана мен Парфия билеушілерінен алым ретінде алып отырды, сірә, ол құрлысшы-шеберлерді де сол жақтан шақырып алса керек. Екі жыл бойы салынған қала мықты бекітілді, ол екі қорғанмен қоршалды, оның сыртқысы ағаш, ал ішкісі мұнаралары бар қамкесектен тұрғызылған дуалдан болатын.
Чжичжидің күшеюі, үйсіндерге шапқыншылығы Қытай империясын мазалады. Көп кешікпей қытай әскері жорыққа шықты. Ол Ұлы Жібек жолын бойлай екі бағытта жүрді. Үш отряд Қашғар, Ферғана арқылы, Шатқал жотасындағы Шанаш және Талас жотасындағы Қарабура асулары арқылы оңтүстік жолмен, үш отряд солтүстік жолмен – Шығыс Түркістаннан, сірә, усундердің Чигучэн ордасы орналасқан Ыстықкөл қазан шұңқырындағы Бедел асуы арқылы өткен болар, содан соң Шу аңғарымен Таласқа беттеді. Әскерлер Чжичжи қаласы қорғанының жанында қосылды. Шаньюйдің өзі қоршауға дайындалған еді, ол өз әскерлерін қабырғаларды бойлай орналастырды, ал қала қақпаларының екі жағына «балық қабыршағы» сияқты етіп әдеттен тыс сап түзеген жаяу жауынгерлер отрядын қойды. Алайда, қаһармандықпен қорғанғанына қарамастан, қытайлар сыртқа ағаш қорғанды өртеп, топырақ дуалды опырып жіберді, қоршаудағылардың қарсылығын басып, қалаға басып кірді де қамалды басып алды. Чжичжи мен оның төңірегіндегі жақындары көптеген туыстарымен, балаларымен, әйелдерімен және атақты князьдарымен бірге 1518 адам тұтқынға алынды. Олардың бәрінің басы шабылды. Бір мың екі жүздей жауынгері Усун мен Ферғананың вассалдық князьдарына сыйға тартылды.
Қытай-кангюй қатынастарының басқа бір жағы Шығыс Түркістандағы оқиғаларға байланысты. Біздің заманымыздағы 78 жылы Бань Чжао басқарған қытай армиясы Шығыс Түркістан жазирасына үстемдігін орнатады. Алғашқыда кангюйлер император наместнигіне одақтас болады да, көп кешікпей өзінің көзқарасын өзгертіп, біздің заманымыздың 85 жылы Бань Чжаоға қарсы көтерілген Суле (Қашғар) билеушісіне көмекке әскер жібереді.
Қаңлы тайпаларының негізгі кәсібі көшпелі мал шаруашылығы болған. Олардың бір бөлегі егіншілік және бау-бақша өсірумен айналысқан. Қолөнер едәуір дамыды. Олар Ұлы Жібек жолы арқылы көп елдермен сауда жасасқан, халықаралық саудаға қатысқанын археологиялық жұмыстар кезінде өзге елдерде жасалған заттардың табылуы дәлелдейді. Сол заманға сай қалалары да болды. Қаңлылар өрмекпен жүн мата тоқыған, алуан түрлі қыш ыдыстар істеген. Қоладан және темірден құрал-саймандар мен қару-жарақтар жасаған. Зергерлік бұйымдар мен әшекейлерді алтын, күміс және қоладан жасады. Ерте замандағы қаңлылардың жазу мәдениеті болған. Қаңлылар негізінен ата-аналарының аруағына, ал бір бөлігі отқа, айға, күнге табынған.
Қаңлы ескерткіштерінің жарқын көріністерін қауыншы, отырар-қаратау, жетіасар мәдениеттерінен көруге болады. Олар Сырдария сағасынан Ферғанаға дейінгі өңірге тараған. Қауыншы мәдениеті Ташкент аймағын қамтиды. 1958-1963 жж. А.Г.Максимова жетекшілік еткен Шардара археологиялық экспедициясы Оңтүстік Қазақстаннан қауыншы мәдениетіне жататын бірқатар ескерткіштер ашты. Оның біршама толық зерттелгені Шардараға таяу, Сырдарияның оң жағалауындағы Ақтөбе қонысы. Отырар алқабында Отырар-Қаратау мәдениетіне жататын ескерткіштер көп шоғырланған. Арыс өзенінің сол жағалауында аумағы әртүрлі Пұшық-Мардан, Қостөбе, Шаштөбе, Сейітман төбе, Ақайтөбе, Шалтөбе сияқты жиырма шақты қалашықтар бар. Олардың ең үлкені – Көкмардан. Бұлардың көбін 1969-70 ж. К.Ақышев жетекшілік еткен Отырар археологиялық экспедициясы тапқан. Жетіасар мәдениеті Қуаңдария мен Жаңадария аңғарын қамтиды. Бұл кездегі қала орындары біртектес. Қалалар мен обалардан Жетіасар мәдениетіне жататын түрлі бұйымдар табылды. Археологиялық қазбалар барысында табылған әшекей бұйымдар, шаруашылық заттар қаңлылардың егіншілікпен, мал шаруашылығымен, қолөнер кәсібімен, саудамен айналысқанын және өз тұсындағы Қытай, Парфия, Рим және Кушан империясы сияқты ірі мемлекеттермен саяси, экономикалық, мәдени байланыста болғанын дәлелдейді.
ІІІ-V ғғ. қытай деректері бойынша кангюйлер өзінің Орта Азиядағы қос өзен аралығындағы, Арал өңіріндегі иеліктеріне үстемдік етуінен айырылып, бірқатар тәуелсіз иеліктерге бөлініп кетеді. V ғасырда ол император сарайына елшілік жіберген елдер тізімінде ғана белгілі. Сірә, бұл кезге қарай кангюйлер орнында пайда болған ұсақ иеліктер эфталиттер мемлекетіне тәуелді болса керек. Біздің заманымыздағы 1 мыңжылдықтың орта шенінен бастап ортаңғы және төменгі Сырдария ауданындағы этникалық-саяси жағдай өзгерді. Оған түркі тілдес тайпалар басып кірді.
Суреттер kaliolla.com, kazakhistory.ru, megahuimyak.livejournal.com, j-times.ru, turan-tiger.yvision.kz сайттарынан алынған.