Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2016 жылдың басынан бастап еліміздің айтулы мерекелерінің бірі «Тәуелсіздікке 25 жыл» толуына орай көптеген ғылыми, қоғамдық, тәрбиелік және қайырымдылық шаралары түрлі бағытта орын алуда. Мемлекетіміздің мұндай айтулы мерекесі университет көлемінде ғана емес, сонымен қатар қалалық, республикалық деңгейде орын алуда.
Оындай шаралардың бірі университетіміздің филология және әлем тілдері факультетінің М.М. Бағызбаева атындағы дәрісханада қараша айында «Айналаңды нұрландыр» бағдарламасы аясында Ахмет Байтұсынов атындағы Тіл білімі институтының ономастика бөлімінің меңгерушісі, филол.ғ.д., профессор Қыздархан Рысбергеннің «Қазақ топонимикасындағы ат қою және қайта өзгерту мәселелері» тақырыбында өткен ашық дәрісін ерекше атап өткен жөн.
Дәріске филология және әлем тілдері факультетінің студенттері мен қатар тарих, археология және этнология факультетінің студенттері мен магистранттары, жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының оқытушылары қатысты.
Қазақ ономастикасының қалыптасып, дамуына үлес қосып жүрген ғалым Қ. Рысберген тәуелсіздікке дейінгі, тәуелсіздіктен кейінгі жылдардағы ат қою, қайта өзгерту мәселелері жайында айта келіп, ХХІ ғасырдағы атауларға деген көзқарасын өзге, мысалы Ресей еліндегі атаулармен салыстыра ойын тарқатты.
Ат, атаудың ұлт болып қалыптасуға, қоғамға әсері жайында да көптеген мәселелер қозғалды. Сонымен қатар дүкен, ірі сауда үйлері мен фитнес клубтарының атауларын да тілге тиек етті.
Көтерілген мәселеге қатысты студенттер тарапынан көптеген сұрақтар туындап, талқыланды.
«Айналаңды нұрландыр» бағдарламасы аясында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай өткен профессор Қ. Рысбергеннің дәрісін студенттер мен магистранттар қуана қабылдап, ономастиканың қоғамдағы рөлі жайында білімдерін тереңдетті.
Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында «Қазақ топонимикасындағы ат қою және қайта өзгерту мәселелері» атты ашық дәрістің тәрбиелік мәні жүрегімізден ерекше орын алды. Өйткені бұл дәріс Еліміздің егеменді ел қатарына қосылғанына 25 жыл болса, сол мерекеге орай жоспарланған 25 шараның бірі ретінде өте жоғары деңгейде өтті.
Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы
проф. Г.Б. МӘДИЕВА,
оқыт. П.Т. МЕДЕТБЕКОВА