- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Қазақ хандығының құрылуы...
Қазақ хандығының құрылуы және нығаюы (II бөлім)
Екі жылдан соң Мұхаммед Шайбани Түркістанға қайта оралып, Ноғай Ордасының әмірі Мұса мырзаның көмегіне сүйене отырып, Аркөк бекінісі мен Сығанақ қаласын басып алды. Бұл уақытша жеңіс еді. Бұрындық сұлтан мен Махмұд сұлтан бастаған қазақтың біріккен әскерлері Қаратаудағы Соғынлық асуы түбінде, Созақ пен Сығанақ аралығында, Мұхаммед Шайбанидың әскерлерін талқандады. Бұрындық сұлтан Сығанақ қаласын қайтарып алды. Бұл шайқаста күйрей жеңілген Мұхаммед Шайбани Маңқыстауға қашты. Сырдария жағасындағы қалалар қайтадан Қазақ хандығына өтті, бірақ аумалы-төкпелі жағдай сақталды.
Бұл күрес Керей ханның баласы Бұрындық хан болған кезде де (1480-1511) толастаған жоқ. XY ғасырдың сексенінші жылдарында Әмір Темір әулетінің өкілі Сұлтан Ахмет мырза мен Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд арасындағы соғыста Мұхаммед Шайбани Моғолстан ханына болысып, оның қолдауымен тағы да Аркөк, Сығанақ қалаларын басып алды. Бірақ қазақ ханы Бұрындық қырдан келіп Сығанақ қаласын қоршады. Қаланың тұрғындары қазақ әскерлеріне қала бекінісінің қақпасын ашып берді. Сонымен, бұл аймақ Бұрындықтың қолына өтті.
Бұдан соң қазақтар Мұхаммед Шайбанидың туысы Махмұд Сұлтан билеген Яссы (Түркістан) қаласын қоршауға алды. Қазақтардың біріккен әскери күшінен қорғанған Шайбани әскерлері Аркөк қаласына қырық күн бекінді. Алайда үш жыл бойы қазақтармен соғысқан Мұхаммед Шайбани, Бұрындық хан мен Қасым сұлтан бастаған қазақтардың қысымына төтеп бере алмай, 1486 жылы Түркістанды тастап, Хорезмге кетуге мәжбүр болды.
Қазақ хандығы, Шайбани әулеті, Әмір Темір әулеті және Моғолстан билеушілері арасындағы тайталаста Қазақ хандығы мен Мұхаммед Шайбани арасындағы жауласу және Әмір Темір әулеті мен Моғолстан билеушілері арасында арпалыс асқына түсті. Осы күрес барысында Моғолстан ханы Жүніс 1482—1485-жылдары Ташкент пен Сайрам қалаларын басып алды.
Моғолстан билеушілері Мұхаммед Шайбаниды Әмір Темір әулетіне қарсы жұмсау үшін қолдады, ал Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан оларға қарсы Қазақ хандығымен одақтасты. XY ғасырдың аяғында Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд Отырар қаласын басып алды да, оны Мұхаммед Шайбаниға берді. Моғолстан ханының қолдауына және Отырар сынды маңызды стратегиялық орынға ие болған Мұхаммед Шайбани тағы да Сауран мен Яссы қаласын басып алды.
Қазақ ханы Бұрындық пен Қасым және Жәдік сұлтандар Мұхаммед Мәзит Тарханмен күш біріктіріп, Мұхаммед Шайбаниға қарсы Созақ қаласына шеру тартты. Созақтың тұрғындарының көбі Бұрындық ханға тілектес және онымен байланыста еді, сондықтан Созақ қазақтардың колына көшті. Ал Сауран қаласының халқы қазақтың біріккен қалың қолын көрісімен-ақ Мұхаммед Шайбанидің қаланы билеуге қалдырған туыстарын ұстап қамады да қазақтарды қалаға кіргізді. Бұрындық хан Сауранды қайтарып алған соң Мұхаммед Шайбанидың тұрағы Отырар қаласының қамалын қоршады. Алайда Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд Ташкенттен Мұхаммед Шайбаниды құтқаруға көмек жібергендіктен қазақтар Отырар қамалын қоршауды тоқтатты. Мұхаммед Шайбани хан қазақтармен бітім жасады.
XY ғасырдың ақырында Отырар, Яссы, Аркөк, Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлігі Мұхаммед Шайбаниға қарады да, Сығанақ, Сауран, Созақ қалалары мен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі Қазақ хандығының иелігінде қалды. Ташкент пен Сайрам қалаларын Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд биледі.
Қазақ хандығы өзінің шаңырағы қөтерілген батыс Жетісудағы иеліктерін, Сырдария бойындағы отырықшы-егіншілік аудандар мен сауда, қолөнер және мәдениет орталығы болған Сығанақ, Созақ, Сауран қалаларын иемденіп, өз иеліктерін едәуір ұлғайтты және билігін нығайтты. Қазақ хандарының билігінің нығаюы Шайбани ханды Дешті-Қыпшақ тайпаларының біраз бөлегімен Мауереннахрға ығысуға мәжбүр етті. Мұхаммед Шайбани 1500 жылы ондағы Әмір Темір әулетін талқандап, Мауереннахрды жаулап алды да, Шайбани әулетінің негізін қалады. Бұл кезеңде ішкі қырқыстардың күшейуі, толассыз соғыстардың халық шаруашылығына тигізген зардабы салдарынан ауыр дағдарысқа тап болып отырған Мауереннахр билеушілері (Әмір Темір әулеті) пәлендей қарулы қарсылық көрсете алмады. Мұхаммед Шайбани ханға ілесіп Мауереннахрға келген көшпелі тайпалар да бірте-бірте жергілікті отырықшы халыққа сіңіп, олардың тілі мен мәдениетін қабылдап, өздерінің бұрынғы (Дешті-Қыпшақтағы) өзгешеліктерінен бірте-бірте айырылды. Бұл көшпелі тайпалар Дешті Қыпшақтан ала келген «өзбек» деген атау бірте-бірте Мауереннахрдың байырғы тұрғындарына сіңісіп кетті. Бірақ олар «өзбек» деген атау ғана болмаса, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне ықпал жасай алмады.
XY ғасыр мен XYI ғасырдың арасында (1500 жылы) Мұхаммед Шайбани ханның Дешті Қыпшақтан ығысып барып қос өзен аралығын (Мауереннахрды) жаулап алуы Орта Азия тарихындағы, әсіресе қазақ пен өзбек үшін елеулі оқиға болды. Бұл ең алдымен Қазақ хандығының жерін кеңейтіп, беделін арттырып, елдігін нығайтты. Бұрынғы дәуірлерде бытыраңқы болып келген қазақ тайпаларының басын бір жерге қосуға, қазақтың этникалық территориясын біріктіруге, сонау YI-YII ғасырлардан басталған қазақтардың халық болып қалыптасу үрдісін біржолата аяқтауға мүмкіндік берді. Бұрын Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығында қолданылған «өзбек-қазақ» деген жалпы атау бір-бірінен ажырады. «Қазақ» термині бірте-бірте Дешті-Қыпшақ пен Жетісуда қалыптасқан халықтың тұрақты атына айналды. «Өзбек» термині Мұхаммед Шайбаниға еріп кеткен тайпалардың этникалық атауы ретінде Орта Азияда ғана қолданылды.
Қазақ хандығы Қасым хан тұсында (1511-1521жж.) нығая түсті. Қасым 1445 жылдар шамасында туған. Қасымның 1513 жылы күзде Шу өзені жағасында Шағатай ұрпағы Саид ханмен жүздесуі болғанда, олардың замандасы Мырза Хайдар Дулатидың айтуы бойынша: «Қасым ханның жасы алпыстан асып, жетпіске жақындаған еді». Бұрындық ханның тұсында Қасым әскери қолбасшы болды. Хандықта беделі жоғары болса да, үлкенге бағыну дәстүрін ұстанып, Бұрындық ханның айтқанынан шықпады. Шайбани ханның 1504 жылы көктемдегі Әндижанға жорығы тұсында Қасым хан маңғыттардың көмегімен бүкіл Қыпшақ даласына үстемдікті қолына алды. Сөйтіп оның Ташкент пен Түркістанға шабуыл жасауға мүмкіндігі болды.
Қасым хан феодал ақсүйектердің қарсылығын әлсіретіп, хандықтың әскери қуатын арттырды. Өзіне қарасты қазақ жерін кеңейте түсті. «Тарих-и- Рашиди», «Шайбанинама» және т.б. деректерге қарағанда XYI ғасырдың екінші он жылдығында Қасым хан қазіргі қазақ жерінің далалық аймағын түгел бағындырды. Бұл кезде хандықтың шекарасы оңтүстікте Сыр жағалауы мен Түркістанның маңызды қалаларын, оңтүстік-шығыста Жетісудың көп бөлігін, солтүстік-батыста Жайық өзені жағалауын қамтыды. Қасым ханның Қазақ хандығын күшейту, қазақ тайпаларын және қазақтардың этникалық территориясын біріктіру жолындағы жеңістері елдің іші мен сыртындағы беделін арттырды. Мұхаммед Хайдар Дулати: «Қазақ хандары мен сұлтандары арасында Қасым хандай құдіретті ешкім болған емес» деп жазды.
Бұл тұста Қазақ хандығы сол кезеңнің халықаралық қатынасына да кең тартылды. Қасым хан Ұлы князь Василий III (1505-1533) кезіндегі Мәскеу мемлекетімен дипломатиялық қатынаста болды. Осы кезеңде қазақ халқы туралы мәлімет батыс Европаға да белгілі болды. Мәскеуге бірнеше рет келген (1517, 1526 ) Австрия дипломаты Сегизмунд Герберштейн өзінің дипломатиялық жазбаларында Қазақ хандығы туралы баяндаған.
Қасым ханның билігінің соңғы кезеңінде Шайбанидтермен қарым-қатынасы өте күрделі болды. Деректер бойынша олардың арасындағы негізгі күрес Ташкент қаласы үшін болды. Қасым хан өзінің замандастары Рузбихан, Бабырдың еске түсірулері бойынша жылқы малының өте білгірі және әскери талантты қолбасшы ретінде суреттеледі. Хан билігі өте күшті болған және де халық саны осы кезде бір миллионға жеткен. Қасым дәстүрлі әдет-ғұрыптарды ұстанған хан болды. Осы дәстүрлі әдет-ғұрыптарды заңдар жинағы етіп, елді басқаруда кең қолданған. Бұл заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді заң болды. Сондықтан да халық арасында бұл заңдар жинағы Қасым ханның атымен байланыстырылып: «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталды. Бұл заңға кірген ережелер мынадай:
1. Мүлік заңы (мал, мүлік, жер дауын шешу ережелері) ;
2. Қылмыс заңы (кісі өлтіру, ел шабу, мал талау, ұрлық қылмыстарына жаза);
3. Әскери заң ( қосын құру, аламан міндеті, ердің құны, тұлпар ат);
4. Елшілік жоралары (шешендік, халықаралық қатынастарда сыпайылық, әдептілік);
5. Жұртшылық заңы (ас, той, мереке үстіндегі ережелер);
Қасым хан кезінде Қазақ хандығы біраз күшейді. Алайда хандық бір орталыққа бағынған мемлекет деңгейіне көтеріле алмады. Қасым хан қайтыс болған соң Қазақ хандығындағы ішкі жағдай бірден айқындалды. Оның мұрагерлері арасында билікке таласқан дау басталды. Соның нәтижесінде ішкі тартыс, қайшылық пен қырқыстар күшейді. Қазақ хандығы осы ішкі феодалдық қырқыстар нәтижесінде ыдырап, бөлшектенді.
Қорыта айтқанда, Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихында төтенше маңызды оқиға болды. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтатуда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды.
Суреттер ғаламтор беттерінен алынған
Ж. FM