Басы мында
Мал мен мүлікті ұрлау да ауыр қылмыс болып табылды. Егер ұрыны ұрлық үстінде өлтірсе, онда құн төленбейтін болған. Ұстап алған ұрыны дүре соғып жазалауға сотсыз-ақ рұқсат етілген. Сөйтіп, ұры қатаң қылмыс жазасына тартылды, ұрлап алғанын қайтаруға және «тоғыз» айыбын тартуға міндетті болды, яғни ұрланған бір мал үшін тоғыз мал беруге тиіс еді.
Соттау құқығы тек ханның, билер мен рубасыларының қолында болған. Қылмысты істі шешкені үшін билерге ақы төленген. Атап айтқанда, өтелетін есенің оннан бір бөлігі тиіселі болған. Сұлтандар қылмысты болған жағдайда, олардың істерін тек хан қарап, жазалаған. Қылмыстық іске 13 жастан бастап тартылған. Есі дұрыс емес адамдар жауапқа тартылмаған.
«Жеті жарғы» қабылданғаннан кейін ішкі қырқыстар азайып, қоғамда біршама тыныштық орнады. Тәуке хан мемлекеттің ішкі жағдайын нығайту барысында басқа да шараларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, кіші жүздің аз жеті руын бір тайпаға, орта жүздің уақтары мен керейлерін бір уақ-керей бірлестігіне біріктірді. Сөйтсе де, көшпелі қоғам салты мен оның геосаяси жағдайы мемлекет бірлігіне қайшы келді. Тәуке ханның билік құрған соңғы жылдарының өзінде басқа хандар мен сұлтандардың оқшаулануға ұмтылысы байқалды.
Тәуке ханның сыртқы саясаты көрші елдермен тату көршілік байланыс орнатуға, олармен экономикалық, сауда-саттық қарым-қатынас жасауға тырысқан бейбіт дипломатиялық саясат болды. Тәуке хан 1687 жылы Бұхар ханы Субханқұлымен Ташкент жөнінде келіссөз жүргізіп, оны қазақтар иелігінде қалдырды. Бұхар хандығымен сауданы дамытуға күш салды. Нәтижесінде Қазақ мемлекеті мен Бұхар хандығы арасында бейбіт қарым-қатынас орнап, Бұхар саудагерлері қазақ жеріне кіріп сауда жасауға мүмкіншілік алған. Қазақ жерінде Бұхар көпестерін тонауға қарсы Тәуке хан арнайы жарлық шығарып, ендігі жерде тонаушылар қатаң жазаланып отыратын болған. Бұхар басшыларының тарапынан жоңғарларға қарсы соғыста қазақтарға көмек көрсетілмеді. Бұл мемлекетпен байланыс тек сауда қатынастарының жандануымен шектелді.
Орыс деректерінде Тәукені тек қазақтардың ғана емес, қарақалпақтардың да ханы деп жазады. Олар жыл сайын қазақтарға салық төлеп, өз одақтастарымен бірігіп соғыс қимылдарына қатысып отырған. Бұл туралы орыс деректерінде былай делінген: «Арыстың оң жағасындағы құмды жол арқылы Ақсу тастарына дейін жарты күн, осы тастар арқылы қарақалпақтарға жол түседі… Түркістаннан Сыр өзенінің төменгі ағысы арқылы үш күндік жолда Үзкент қаласы, сол қалаға 1683 жылы Тәуке хан қарақалпақтардан салық жинауға түсті. Олар егін егіп, қазақтармен қатынаста өмір сүреді. Үзкенттен төмен Сырдың екі жағалауында да қарақалпақтар көшіп жүреді. Қалалары көп емес. Әскери істері қазақтармен ортақ. Олардың билеушілері Табұршық сұлтан». Қарақалпақтар Тәуке ханға бағынышты болған, оларды ол Сасық би арқылы басқарған.
Тәуке ханға қырғыздардың басым бөлігі де бағынышты болды. Қырғыздар да қазақтардың жоңғарларға қарсы әскери қимылдарына белсене қатысып отырған. Ш.Уалиханов өзінің «Қырғыздар туралы жазбалар» деген еңбегінде: «Ал енді Есімнің немересі, Жәңгірдің баласы Тәуке қырғыздардың биі ретінде басқарып отырған (қырғыздардың Тиес деген биі соған бағынған). Бүкіл рудың билеушілері есебінде Тәуке мен Тиестің аты Тәуке-Тиес деп бірге аталыпты». Шоқанның бұл еңбегінде қырғыз елінің Тәуке ханға бағынышты болғаны сипатталады.
Тәуке хан билік құрған жылдары Ресеймен қарым-қатынас жанданды. Осы жылдары шекара аудандарындағы орыс бекіністері мен қазақ ауылдары арасындағы қақтығыс шиеленіседі. Осындай келеңсіз әрекеттерді бейбіт жолмен шешу үшін Тәуке хан 1687 жылы Тобыл қаласына Тәшім батыр бастаған елшілік жібереді. Бұл елшілік сауда қатынастарын жандандыруды да мақсат етеді. Сөйтіп, Тәуке хан Ресеймен дипломатиялық және сауда байланыстарын орнатты. 1686-1693 жж. аралығында Тәуке хан Ресейге бес елшілік жібереді. 1694 жылы хан ордасында орыс елшілері Скибин мен Трощинді қабылдаған. Сөйтсе де, орыс-қазақ қарым-қатынастары 17-ші ғасырдың соңы мен 18-ші ғасырдың басында барынша шиеленіседі. Өйткені осы жылдары Ресей мен Жоңғар мемлекеттері жақындасады. Қазақ мемлекетінің күшейгенін байқаған орыстар жоңғарлармен жақындасып, оларды қазақтарға қарсы қою саясатын жүргізеді.
Тәуке хан билік құрған жылдары қазақ мемлекеті мен жоңғарлар арасындағы қарым-қатынас тұрақсыз болды. Тек 1653-1670 жылдар аралығында жоңғарлардың қазақ жеріне шапқыншылығы біршама тыйылды. Өйткені 1653 жылы Жонғар хандығының негізін салған Батыр қонтайшы қайтыс болғаннан кейін, оның мұрагерлері таққа таласумен болды. 1670 жылы билікке келген Ғалдан-Бошокту қонтайшының тұсында оңтүстік Қазақстанға шапқыншылықтар жиіледі. Ол 1681 жылы Шудан өтіп, Сайрам қаласын басып алуға әрекет жасады. 1684 жылығы жоңғарлардың Сайрамға шабуылы нәтижелі болды. Жоңғар хандығының территориясына қытайлар тарапынан шапқыншылық басталғандықтан олар Сайрамнан бас тартты. Қайтарында жоңғарлар қаланы тонап, қала халқының басым бөлігін тұтқынға айдап әкетті.
1697-1727 жылдар аралығында жонғарлар мемлекетін басқарған Цеван- Рабтан тұсында қазақ-жоңғар қарым-қатынастары барынша шиеленісті. Осыған байланысты 1710 жылы Қарақұмда Тәуке ханның бастамасымен қазақ жүздерінің біріккен жиналысы болды. Жиналыс нәтижесінде қазақтар жоңғарларға қарсылық көрсетуге шешім қабылданды. 1713-1714, 1717 жылдардағы жоңғарлардың шапқыншылықтары қазақтар үшін ауыр болды. Осы қиын жылдары Тәуке ханның қолбасшылық, реформаторлық, батырлық қасиеттері айқын көрінді. Тәуке хан Шыңғыс хан құрған әскери басқару жүйесін қайта жаңғыртты. Әскерді қатаң басқаруға үлкен мән берілді. Әскерде басшылық ету онбасы, жүзбасы, мың басы болып тағайындалды. Мыңбасыны Тәуке ханның ұсынысымен Билер кеңесі аса ерлік көрсеткен батырлардан тағайындады. Бас қолбасшы Тәуке ханның өзі болды. Әскер саны соғыс жылдарында 80 мыңға жеткенімен, бейбіт кезеңде хан ордасында тұрақты сарбаздардың саны 1000-нан аспады. Бұл сарбаздар ханның қауіпсіздігін қорғады.
Соғыс жылдары әскерді қару-жарақпен, көлікпен әр ру басылары қамтамасыз етіп отырған. Бұл мәселе де Тәуке қабылдаған тәртіп негізінде жүзеге асырылған. Жауынгерлердің алдын-ала соғыс өнерінің түр-түрінен дайындықтан өтуі хан жарлығы негізінде міндетті болған. Бұл әскерлердің соғысу қабылетін күшейткен. Сонымен бірге хан жарлығымен шекара аудандарында әр 5-7 шақырым аралықта әскери мұнаралар тұрғызылды. Жоңғарлар шабуылы басталған сәтте мұнаралардағы тұрақты жауынгерлер от жағып, келесі мұнараға жау шабуылы басталғаны туралы хабар беріп отырды. Бұл стратегиялық тактика негізінде жау шабуылын 100 шақырым жерден көріп, ұтымды қарсылық алдын-ала ұйымдастырылды.
Қорыта келгенде, Тәуке хан өзі билік еткен жылдары ішкі және сыртқы саясатты сәтті жүргізді. Ол ХҮІІ ғ. аяғы мен ХҮІІІ ғ. басында Қазақ хандығындағы саяси жағдайды реттей алды. Бұл кезде Қазақ хандығы біртұтас мемлекет болды. Қазақ хандығында тәртіп сақтау және мемлекеттік құрылыстың негізгі принциптерін анықтаған «Жеті жарғы» заңдар жинағы Тәуке тұсында жасалды. Тәуке хан дипломат-мәмілегер, айлакер қолбасшы, әдеттік құқық жүйесінің реформаторы және қазақ ұлтының бірлігі мен жерінің тұтастығын сақтауға жан аямай күш салған ірі мемлекеттік тұлға ретінде танылды. Тәуке ханның күшті мемлекет құрғаны туралы А.Левшин, Е.Бекмаханов т.б. көрнекті тарихшылар жазды. XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында қазақ қоғамында интеграциялық сана күшейіп, хан билігі нығайды. Үш жүздің құрамына 112 ру кіріп, қазақ халқының саны 2-3 миллион адамға жетті.
сурет: tarih.spring.kz