Жәңгірдің баласы Тәуке хан (1680-1718) тұсында Қазақ хандығының күш-қуаты өсіп, бірлігі артты. Тәукенің туған жылы белгісіз, ал қайтыс болған жылына байланысты ғылыми зерттеулердегі пікірлер де әр түрлі. Жәңгір ханның ұлы және мұрагері Тәуке 1680 жылы Қазақ хандығының тағына отырды. Ол асқынған ішкі феодалдық алауыздық пен бытыраңқылықты жойып, бір орталыққа бағынған Қазақ хандығын құруға қажырлы қайрат жұмсады. Хандық билікті күшейтуге бағытталған реформалар жүргізді.
Тәуке ханның билік құрған алғашқы жылдарында оның билігін қазақтың барлық рулары мойындамаған. Сондықтан Тәуке хан бытыраңқы қазақ қоғамының басын біріктіріп, бір орталыққа бағынған мемлекет құруды басты міндеті деп санады. Осы мақсатта әр түрлі әлеуметтік топтан шыққан дарынды, ақылды адамдарды мемлекетті басқару ісіне тартты. Бұған дейін мемлекетті басқару ісіне тек Шыңғыс ханның ұрпақтары мұрагерлік жолмен тартылатын еді.
Тәуке хан мемлекетті басқару ісіне туа біткен данышпан, ел арасында асқан ерлігімен, батырлығымен дараланған тұлғаларды, яғни билер мен батырларды тартты. Бұл шаралар нәтижелі болды. Мемлекетті басқару ісіне де үлкен өзгерістер енгізді. Билер кеңесін құрып, оның билік ауқымын кеңейтті. Билердің әлеуметтік тегі тек ақсүйек табынан болмағанын ескерсек, қарапайым халықты мемлекетті басқару жүйесіне тарту Тәуке хан енгізген үлкен өзгеріс болды.
Билер кеңесі мерзімді түрде Сырдарияның бойында орналасқан Әңгірен, Түркістан мен Сайрам жеріне орналасқан Битөбе, Мәртөбеде шақырылған. Жыл сайын Ташкент қаласының маңындағы Күлтөбеде үш жүз өкілдерінің басын қосқан жиналысын өткізіп тұрған. Бұл халық арасында «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп аталды.
Тәуке хан өзінен бұрынғы хандар тұсында ішкі тартыс салдарынан ыдырай бастаған үш жүздің басын қосты, жеке-жеке ұлыстарды билеген сұлтандардың бөлектенуіне тежеу салып, Қазақ хандығының ішкі бірлігін бекемдеуге барлық шараларды қолданып, оны едәуір күшейтті. Бұл тұста едәуір қырғыз тайпалары мен қарақалпақ тайпалары Тәуке ханның қарауында болды. Тәуке қырғыздарды олардың өз биі Қоқым Қарашор арқылы, қарақалпақтарды олардың Сасық биі арқылы басқарып отырған. Бұл іс жүзінде жоңғарлардың шабуылынан қорғануды негіз еткен қазақ, қырғыз және қарақалпақ халықтарының әскери-саяси одағы еді.
«Жеті жарғыны» қазақ халқы ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданып келді. Ал кейбір заңдар Қазан төңкерісіне дейін қолданылды. Сонымен бірге «Жеті жарғының» өз кезінде қағазға түсірілмегені де белгілі. Кеңестер дәуірінде «Жеті жарғыға» «феодалдық қатынастардың сарқыншығы» деген сипат тағылып, мүлдем зерттелінбеді. Бізге «Жеті жарғы» орыс ғалымдарының жазбалары негізінде белгілі. Алғаш рет орыс ғалымы Г.Спасский жаппас руының старшыны Күбек Шүкіралиевтің мәліметтері негізінде «Жеті жарғының» 11 үзіндісін 1820-шы жылы «Сибирский вестник» баспасөзінің бетінде жариялады. «Жеті жарғының» екінші нұсқасы ( 34 үзінді) А.Левшиннің зерттеулерінде беріледі. Бұл нұсқалар «Жеті жарғы» дүниеге келгеннен кейін 100 жылдан соң халық ауыз әдебиеті негізінде жариялады. Сондықтан, бұл заңдар жинағының толық нұсқасының бізге жетпегені белгілі.
«Жеті жарғы» заңдар жинағы мемлекеттің ішкі жағдайын күшейтуге бағытталды. Осы заң негізінде қазақтың тайпа, ру басыларын жылына бір рет жиналуға міндеттеді. Бұл жиындарда мемлекеттің сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелер дауыс беру негізінде шешілді. Жиынға қару асынып келген азаматтардың ғана дауыс беру құқықтары болды. Сонымен бірге қару ұстап келген азамат жылына өз байлығының жиырмадан бір бөлігін салық ретінде мемлекетке беруге міндеттелді. Жиынға қатысушы әр рудың өз таңбасы болды. Бұл таңбалар құрылтайда мемлекеттік рәміз дәрежесінде бекітілді.
Қазақтың негізгі байлығы мал болғаны белгілі. Сондықтан «Жеті жарғы» заңдарына сай әр меншік иесі өз малдарына ен салуға міндеттелді. Сонымен қатар, әр рудың жайылым жер меншігі қатаң белгіленді.
«Жеті жарғыда» қылмысты іс-құқық нормаларына үлкен орын бөлінген. Қылмыс ретіне: кісі өлтіру, мертіктіру, әйелді зорлау, соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу және тағы басқалары жатқан. Кінәлілер жасаған қылмыс деңгейіне сай әртүрлі жазаға кесілген. Бұл жинақта «қанға қан» заңы сақталды. Бірақ билер сотының екі жақ келісуі бойынша жазаны құн төлеумен алмастыруға мүмкіншілігі болған. Құн төлеу төрт жағдайда рәсімденген. Олар: егер әйелі күйеуін өлтірсе және күйеуінің туыстары оны кешірмеген жағдайда, егер әйел некесіз туған баласын өлтірген жағдайда, жұбайлар арасындағы «көзге шөп салушылық» дәлелденген жағдайда және «құдайға тіл тигізгені анықталған жағдайда». Өлім жазасының екі түрі болған: дарға асу және тас лақтыру әрекеттерін қолдану.
Жазалаудың ең көп таралған түрі – құн төлеу болған. Қылмыскердің және өлген адамның әлеуметтік жағдайына байланысты құн мөлшері өзгеріп отырған. Мысалы, өлген ер адамның құны 1000 қой болса, әйел адамның құны 500 қой болған. Ал өлген адамның әлеуметтік жағдайы ақсүйек болса құн мөлшері жеті есе өскен, яғни сұлтан немесе қожа тұқымынан өлтірілгендерге жеті адамның құнын төлеген. «Сұлтан» немесе «қожаға» тіл тигізгені үшін 9 мал, қол жұмсағаны үшін 27 мал төленетін болды. Құлдың құны бүркіттің немесе тазы иттің құнымен теңескен. Дене мүшелеріне зақым келтірген қылмыскер де белгілі мөлшерде құн төлеген. Атап айтқанда, бас бармақ – 100 қой, шынашақ 20 қой болған. Ұрлық жасалған кезде ұрланған заттың құны иесіне «үш тоғыз» етіп қайтарылған. Мысалы, ұрланған 100 түйе 300 жылқыға немесе 1000 қойға теңелген. Бұл баптардан біз «Жеті жарғыға» сай қылмыс істеген әр әлеуметтік таптың құқықтары заңдастырылғанын көреміз.
«Жеті жарғы» бойынша өлім жазасы мен құн төлеуден басқа жазалар да қолданылған. Мысалы, әкесіне қол жұмсаған ұл баланы қара сиырға теріс отырғызып масқаралаған. Ата-анасына дауысын көтерген қыз баланың жазасын шешесі шешкен. Күйеуін өлтірген екіқабат әйел елден қуылса, христиан дінін қабылдаған адамның мал-мүлкі тәркіленген. Құдайға тіл тигізгендігі жеті адамның куәлігі арқылы анықталған адам таспен атып өлтірілген.
Суреттер tarih.spring.kz, kazkhi.info, nashsaagasha.org, tatar.kz, kk.wikipedia.org сайттарынан алынған