Қазақ халқы ежелден жылқы баққан...

Қазақ халқы ежелден жылқы баққан...

Питтсбург университетінің ғалымы Брайан Хэнкс: "Жылқыны қолға үйрету тұңғыш рет шамамен 6 мың жыл бұрын Қазақстанның далалық алқабында жүзеге асқан. Мұны әлемнің 6 елінің 8 ғалымынан құралған топтың жаңа генетикалық зерттеуі дәлелдеп отыр. Ғалымдар тобының ішінде Ұлыбритания, АҚШ және Қазақстан ғалымдары бар"-дейді.

 

Мұндай зерттеу нәтижелері АҚШ Ұлттық ғылым академиясының Proceedings of the National Academy of Sciences (PNAS) журналында жарияланған. Жылқының қолға алғаш үйретілген жерін нақтылау үшін ғалымдар Еуразияның түрлі аймақтарынан — 8 елдің (Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай, Украина, Ресей, Литва және Грузия) аумағынан әкелінген жылқылардың генетикалық үлгілерін сараптамадан өткізіп көрген. 16 жылға созылған зерттеулер кезінде 328 жылқының генетикалық материалдар үлгілері жиналып, жинақталған материалдар компьютерлік үлгілерді қолдану арқылы түрлі сценарий шеңберінде сараптамадан өткізілді. Соның нәтижесінде жылқы түлігінің жер бетінде ең алғаш Қазақстан мемлекеті орналасқан аумақта, атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысындағы ерте қола дәуірінің археологиялық ескерткіші — Ботай қонысы маңында қолға үйретілгені дәлелденді. «Ботай мәдениетінің қазбалары жылқының бұл қоныс адамдары өмірінде аса маңызды рөл атқарғанын көрсетті. Олар жылқыны аулап, етін азық еткен тәрізді. Өйткені қоныстағы қалдықтар тасталатын жерден жылқылардың көптеген сүйегі табылды. Басқа да археологиялық қазбалар детальдары, керамика сияқты заттар да бұны растайды"-дейді.

Ежелден жылқы баққан қазақ халқы үшін бұл жаңалық аса таңсық бола қоймас. Бірақ қашан да жылқы десе, ішкен асын жерге қоятын қазақ үшін бұл да бір қуанышты жаңалық болғаны рас. 

Дайындаған: Қосмағамбет Болат

сурет: ivanovo.olx.ru

Б. Қосмағамбет