Като Ломбтың тіл үйренуге арналған әдісін білесіз бе?

Химия саласының маманы Като Ломб әлемдегі ең алғашқы синхронды аудармашылардың бірі. Ол еш қиналмастан 8 тілді еркін аудара алатын болған және 16 тілде еркін түсініп, жұмыс істеді. Өзінің "Мен қалай тіл үйренемін" атты бестселлерінде тіл үйренуге арналған 10 ережені тізіп көрсетті. Тіл үйренуге ынтасы бар оқырмандарымыз үшін осы 10 қағиданы ұсынып көрмекпіз.

1. Тілді үйренумен күн сайын айналысу қажет. Тап бір бұлшық еттерді жаттықтыру үшін спортзалда жүргендей сезініңіз. Жаңа сөздерді қайталауға немесе оқуға кем дегенде 10-15 минут уақыт бөліңіз.

2. Тілді үйренуге деген құлшынысыңыз тез әлсіреп кететін болса өз алгоритміңізді жасап қойыңыз. Мәселен, біршама уақыт оқып болған соң музыка тыңдаңыз, үзіліс жасап, серуенге шығып келіңіз.

3. Мәнмәтіннің (контекст) рөлі зор. Ешқашан жеке сөз жаттамаңыз, тек қана мәнмәтін бойынша. Мысалы, «strong wind» тіркесін жаттап алсаңыз, еске түсіруге келгенде бір сөз екіншісін шақырып тұрады. 

4. Дәптеріңізге дайын сөз орамдарын жазып жүрудің пайдасы зор. Және сол сөздерді қарапайым диалогтарда пайдалануға тырысып бағыңыз.

5. Көзіңізге ілінген дүниелердің бәрін – жарнамалар, әндерден үзінді, диалогтар, газет мақалаларының тақырыбын ойша аударып жүріңіз. Қарапайым әрі пайдалы!

6. Дауыстап жаттау – өте пайдалы. Бірақ, жүз пайыз дұрыс әрі ұстазыңыз мақұлдаған сөздерді ғана дауыстап жаттайтын болыңыз.

7. Қолдануға дайын сөз орамдарын, идиомдарды бірден жазып алып, миыңызға сақтаңыз. Мысалы: «I am only pulling your leg» ("Мен сені жай ғана мазақтаймын").

8. Кез келген шет тілімен тып-тыныш қана мұғалімнің айтқанын тыңдап, дәптерге жазып отырамын деп бөлектеніп үйренуге болмайды. Фильм көріңіз, әдебиет оқыңыз, газет қараңыз, сіз үйреніп жүрген тілде сөйлейтін интернеттегі достарыңызбен сөйлесіңіз.

9. Қателіктен қорықпаңыз, түзелмеген қателіктерден қорқыңыз. Ешқашан ештеңені тексерусіз қалдырмаңыз.

10. Ештеңеге қарамастан осы тілді үйреніп кететіндігіңізге сеніңіз!

Соңында: Сексен алты жасқа толған Като Ломб елу төрт жастағы досын көргенде: "Стив, сен сондай жассың! Сенің алдыңда бірнеше тілдерді үйренуге болатын уақыт бар!" - деген екен.

Сіздің де тіл үйренуге уақытыңыз бар, оқырман! Тек қана алға жылжыңыз!


Сурет: boombate.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева