Адам бар мүмкіндігін пайдаланып жатқан дәуір. Қолынан келсе әрбір істің көзін тауып кәсіпке айналдырып жатқандардың қатары көп. Дегенмен олардың қоғамға пайдасы бар ма? Қазіргі таңда жаппай белең алған кәсіптің бірі арнайы мамандықтарға арналған курстардың ашылуы. Білімін толықтыру үшін немесе мамандығын ауыстырып, жаңа бағытта білім алуға ұмтылған жандар үшін курстардың таптырмас орын екені де белгілі. Мәселен тіл үйрену, кәсіпкерлікке бастайын, арнайы мамандарды даярлау курстары бар. Солардың ішінде қанатын кеңге жайып келе жатқаны, журналист боламын дегендерге арналған арнайы курстар. Курсқа қатысу, арнайы білім алу құны тегін емес. Ол да ақша. Ендеше ақшаңыз ауаға кетпесін десеңіз не істеу керек? Жалпы журналистерге арналған арнайы курстарға барған кезде нені ескеру керек? Осы сұрақтар төңірегінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, тілші-баспагер Сағатбек Медеубекұлымен Massaget.kz сайтының тілшісі сұқбаттасып қайтқан болатын. Massaget: Қазір кім боламын деп ойланбайсыз. Көшеге шықсаңыз, толған жарнама. Мақсат пен бағытты көрсетіп береді және қалтаңыздан ақшаны да қағып алады. Сағатбек мырза, қазір журналист боламын дегендер үшін арнайы курстар ашылып жатыр. Бұл дұрыс па? Сағатбек Медеубекұлы:Біз зайырлы елде өмір сүріп жатырмыз. Әрбір адамның қандай іспен айналысса да, заңды түрде бәрін дұрыс жасаса, оған мін таға алмаймыз. Ал журналистикаға келетін болсақ, ол тек мамандық емес, игерсе үлкен ғылым, түсінсе алып әлем. Себебі оның бойында ақиқат жатыр. Ақиқатты іздеуге деген құлшыныс, зерттеу, талдау, бақылау бар. Журналистика мамандығына арналған арнайы курстардың ашылғаны қуантады. Меніңше, қандай адам болмасын осы салаға жаны ашыған, білікті әрі білімді азаматтардың қатары деп ойлаймын. Ақша үшін емес, қоғамның мүддесі үшін жұмыс жасайтын болса, қос қолдап қолдауға бармын. Ал қалтаның қамы үшін жасалған болса, бұл қоғам үшін үлкен қауіп.Massaget:Арнайы курстардың бағасы арзан тұрмайды. Ал келушінің ақшасы білсем, көрсем, үйренсем деп келеді. Алданып қалмуы үшін қандай кепілдік болуы керек? Сағатбек Медеубекұлы:Кез келген курс болсын, жеке кәсіптік мектеп болсын олардың заң алдындағы жауапкершілігі бірдей. Ақша төлеген адам да ақымақ емес. Ол ақшасының далаға кетпегенін қаласа бар ынтасын салып оқиды. Ал қателік тұтынушыдан емес, істі дөңгелетіп отырған тараптан кетсе бұл басқа әңгіме. Журналист боламын деген адамар арнайы курсқа бараған кезде ескеру керек бірнеше фактор бар: 1. Журналист мамандық қана емес, адамның ішкі жан дүниесіндегі үлкен арман. Себебі ішіңде қоғам үшін еңбектенемін, мемлекет үшін қызмет жасаймын деген ой болмаса, сіз қатардағы жауынгердің бірі ғана боласыз. Ең соңы тек қана ақша табудың жолына түсуге алып келуі мүмкін. 2. Арнайы курстің мақсаты, жоспарымен танысу керек. Бұл құжаттар бекітілген түрде ұсыныс жасаушы тараптың кабинетінде тұрады. Ашыңыз, көріңіз, танысыңыз. Сізге не керек, сіз іздеген білімді аталған орын бере ала ма? Осы сұрақтарға жауап іздеңіз. 3. Оқытушылар құрамын қараңыз. Бұл өте маңызды. Курс ашып отырған адам жап-жас бала немесе арнайы білімі жоқ бірақ ақшасы бар адам болуы мүмкін. Айналып келген кезде білімді беретін ол емес, оның айлық беріп жұмысқа алдырып отырған оқытушылары. Профессор ма, доцент әлде кандидат па? Аға ұстаз, білікті журналист па бәрін қарау керек. 4. Қазір елімізде жекеменшік курстар ашып жатқандар үшін арнайы ұлттық аттестация немесе аккредитация бар. Курс ашамын деген адам осы талаптардан өту керек. Оны растайын құжат та жоқ емес, бар. Сондықтан оны да назардан тыс қалдырмаңыз. Massaget:Арнайы курстардағы оқытушылардың құрамы жайында айтып өттіңіз. Кіл мықты да кім мықты? деген. Қазір жастар барынша ақпараттанған санамен өмір сүріп жатыр. Бәлкім кеше ғана қолына таяқ ұстап, тақтада сабақ өтуге жарап қалған жастар дәріс жүргізсе ше? Сағатбек Медеубекұлы:Қой! деп кімге айтасыз? Білімі мен бабы келіп тұрса, өзі үшін емес, өзінің тапқан адал ақшасы үшін адал кәсіп қылса әрине бек жақсы. Бірақ IT саласынан, компьютерден хабар бар екен деп журналистика мамандығын түсініп алдым деу күпіршілік. Себебі сөз басында айтып өткендей журналистика тек қана мамандық емес. Ең дұрысы өмір мектебін көрген журналистердің дәрі бергені абзал. Себебі олардың оқығандары, тоқығандары мен көргендері көп. Олардың айтары да көп. Бір емес бірнеше мысал қатарын айтып, сізді өткен және бүгін, келешекпен табыстырады. Жалпы қазір тек курстар емес, университет қабырғаларында жас журналистер үшін мектептер ашылып жатыр. Бұл жерде ең білікті, ең қарымды ұстаздар сабақ беріп қана қоймайды, тәжірибемен бөліседі. Журналистиканың отымен кіріп, суынан шыққан мамандар жұмыс жасайды. Арнайы курс деген атауының ерекшелігі болмаса, оқу орындарының жанынан ашылған арнайы мектептердің де берері көп. Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме деп қазақ бекер айта ма, жоқ. Ал оқу орындарындағы профессорлар құрамы бұл мамандықтың сырын білмейді десеңіз, тағы миға қонымсыз. Сондықтан ақшаны, мамандықты таңдамастан бұрын, ішкі жан дүниеңізге үңіліңіз. Шынымен де сіз журналист бола аласыз ба? Massaget:Сіз үшін журналист кім? Сағатбек Медеубекұлы:Журналист қара бастың қамы үшін емес, мемлекеттік мүдде мен қоғам үшін қатар жұмыс жасайтын, екеуінің арасындағы ара-жікті ажыратып беруші, түсіндіруші, ақиқатқа жүгініп, ақ пен қарасын ажыратушы, өтірік қабын аршып, шындықтың шырынын шығаруы, өз ісіне өзінен артық сенетін маман. Біреуді жамандау әлде жақтау, бір жақта пікірде ғана қалам сілтей беру журналисттің дәрежесі емес. Massaget: Сыр шертіп, сұқбаттасқаныңызға рақмет! Түйін. Ақын әрі сатирик Үмбетай Уайдин сабақ үстінде шәкірттеріне лекция оқымастан бұрын бір сөзді әрдайым қайталайды екен: Журналистика деген бұл тарих.... Иә, әр мамандық өзінше тарих. Себебі олардың бастауы, шығу нүктесі бар. Қандай салаға барсаңыз да, сол саланың сардары болыңыз. Сұқбаттасқан Марғұлан Ақан