- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- ЖОО оқулықпен қамтамасыз...
ЖОО оқулықпен қамтамасыз ету жөнінде конференция өтеді
2013 жылдың 12 наурызында сағат 15.00-де Алматы қаласындағы Ғылым Ордасының концерттік залында Қазақстан Жоғары оқу орындарын оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі бойынша VIII республикалық конференция өтеді. Алқалы жиынды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары Қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Конференция жұмысына Білім және ғылым вице-министрі М.К. Орынханов, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Р. Алшанов және бірқатар ЖОО-лардың ректорлары мен ғалымдары, кітапхана директорлары, баспагерлер, оқу-әдістемелік бөлімдердің мамандары, жаңа шыққан оқулықтардың авторлары мен авторлық ұжымдар, аудармашылар, жалпы зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады.
Қазір еліміздегі ЖОО-ларда білім алып жүрген 629 мың жастың 52 пайызы мемлекеттік тіл - қазақ тілінде білім алады. Алдағы жылдарда мемлекеттік тілде білім алатын жастар 70 пайызға жетеді деп күтілуде. Бұл еліміздің жоғары оқу орындарына қазақ тіліндегі оқулықтардың қажет екенін айқындай түседі. Ресми есеп бойынша, қазіргі күні елімізде 50 миллион кітап болса, мұның 8 миллионға жуығы ғана қазақ тілінде екен.
Белгіленген жоспар бойынша, биыл 50 базалық оқулық, 26 шетел авторларының үздік оқулықтарын аудару көзделіп отыр. Үстіміздегі жылы мемлекеттік тапсырысты орындауға 18 ЖОО-дан 84 оқулық авторы (оның ішінде 22 авторлық ұжым) қатысуда. Бұған қоса, жаңа оқулықтар үшін 13 ЖОО-дан 37 тәжірибелі аудармашы тартылуда. Мемлекеттік тілге АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Ресей ғалымдарының ақпараттық технология, биохимия, машина жасау, геотехнология, физика, химия, математика, биология, биотехнология салалары бойынша шығарған оқулықтары аударылмақ. Жоба аясында оқулық авторлары мен аудармашы мамандарға тиісті қаламақы беру жайы да дұрыс жолға қойылған. Бұл оқулықтар еліміздің әр аймағындағы тапсырыс берген Жоғары оқу орындары мен мамандандырылған кітапханаларына тегіс таратылатын болады.
Конференцияда шетел авторларының оқулықтарын мемлекеттік тілге аудару және базалық оқулықтарды одан ары басып шығару жұмысы жөнінде өзекті мәселелер талқыланады. Конференция шеңберінде оқу орындары авторларының үздік оқулықтары мен оқу құралдары жинақталған көрме ұйымдастырылады. Конференция жұмысына 300-ден астам адам қатысады деп күтілуде.
Өткізілетін орны: Алматы қаласы, Ғылым Ордасы, 9-павильондағы Концерт залы, Құрманғазы к-сі 28 үй, (Уәлиханов к-сінің қиылысы)
Өткізілу күні: 12 наурыз, 2013 жыл
Басталуы: сағат 15.00
Тіркелу: сағат 14.30
Қосымша байланыс үшін: ҚР Жоғары оқу орындарының қауымдастығы, тел/факс: 8 (727) 293-05-02, 292-94-80e-mail: avrk@mail.ru
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: alashainasy.kz
Қ. Қауымбек