XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы шиеленісті. Тәуке хан өзара тартыстарды уақытша тыйып, тыныштықты қалпына келтірген еді. Алайда сұлтандардың өз алдына оқшауланып, билік үшін күресуі көп ұзамай бірлікті бұзды. Қазақ қоғамының өз ішінде дағдарысты құбылыстар етек алды: көшпелі ұжымдар арасында ынтымақ болмады, алауыздық етек алып, рулық тартыс, билік үшін ішкі саяси күрес күшейді. Ал бұл жағдайды көршілер дереу пайдаланды. Жан-жақтан: солтүстік пен батыстан – Ресей мемлекетінің, шығыстан – жоңғарлардың, оңтүстіктен – Орта Азия хандықтарының саяси қысым жасауы айқын аңғарылды. Қазақ халқы үшін ең басты қауіп – Жоңғар хандығы тарапынан төнді. XVIII ғасырдың басында жоңғарлардың негізгі тайпалары: торғауыттар мен дербеттер Тарбағатай, Монғол Алтайы, Ертістің жоғарғы ағысын, хойттар Қара Ертіс салалары мен Қобда өзенінің алқабында, ал Іле өзенінің орта және жоғарғы салалары бойында чоростар, Жоңғар Алатауының беткейлерінде хошоуттар мекендеді. Жоңғар экономикасының негізі мал шаруашылығы болды. Мал басының өсуімен, жер көлемін кеңейту мақсатында жоңғарлар Қазақ хандығы территориясына шапқыншылықты жиілетті. Сонымен бірге жоңғарлар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда-қолөнер орталықтары шоғырланған қалаларды басып алуды көздеді.
1715-1722 жж. жоңғарлардың негізгі әскери күші Цин империясы әскерлеріне қарсы соғысып жатты. 1722 ж. Цин императоры Кансидің өлімінен соң Цеван Рабдан енді басты күшті Қазақ хандығына қарсы бағыштады. 1723 жылы қазақ-жоңғар қарым-қатынасы шиеленісті. Қытай мемлекетімен бейбіт келісім-шартқа отырғаннан кейін жоңғарлар Қазақ хандығына қарсы соғыс ашуды шешті.
Қаратау мен Арыс өңіріндегі қазақтардың көп бөлігі жаудың қолынан қаза тапты. Алтай өңірі толығымен жоңғарлардың қолына көшті. Қазақ рулары мекендерін тастап, Сырдарияның арғы бетіне қарай қашты. Сырдариядан өткен Ұлы және Орта жүз қазақтарының басым бөлігі Ходжентке, Орта жүз қазақтарының біраз бөлігі Самарқанға, ал Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұхара территориясына өтті. Ал жоңғарлар қазақ ауылдарын, қалаларын басып алды, халқын қырып, тұтқынға айдады. Әсіресе, Шона-Дабаның бағытындағы халық ауыр зардап шекті. Оның әскері 5000 қазақ жанұясын тұтқындап, 1000 жанұяны тұтқынға айдады. Жоңғарлар Қазақ хандығы территориясының басым бөлігін жаулап алды. Ендігі жерде қазақ жері мен жоңғарлар ұлысының шекарасы Ұлытау, Балқаш көлі мен Шу, Талас өзендерінің арасымен өтті. Қазақ тарихында бұл кезең «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама » деп аталады. Қашып, босқан қазақтардың паналаған жері Сырдарияның сыртындағы Алқакөл көлі болды. Бұл оқиға қазақтың кіші жүзі арасында «Сауран айналған» деген атпен әйгілі болған. Жоңғарлардан қашқан Кіші жүз қазақтары соңынан түскен жауды көз жаздыру үшін Сауран қаласын айнала көшкендіктен, бұл оқиға «Сауран айналған» деп аталған екен. Осы заманнан бізге дейін жеткен «Елім-ай» әні халық бұқарасының сол жылдардағы мұң-зарын бейнелейді.
Бұл жылдардың өзінде жау халықтың рухын сындыра алмады. Көп жерлерде халық жауға батыл қарсылық көрсетті. Ташкенттің 300 мың тұрғындары қаланы үш ай бойы ұстап тұрды. Халық жоңғарларға қарсы күресте ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сайрам, Түркістан қалаларының тұрғындары да жауға табанды қарсы тұрды. Осындай қарсылықтарды ұйымдастырушы Бөгенбай, Қабанбай, Саңырық, Тайлақ, Жәнібек, Малайсары және т.б. халық батырлары болды. Түркістан қорғанысына Қабанбай мен Айшыбек батыр қатысты. Қоршауда қалған Сайрам қаласын басып ала алмаған жоңғарлар Сайрамсу мен Тубалық өзендерінің ағысын өзгертуге шешім қабылдайды. Бұл өзендер қаланы сумен қамтамасыз еткендіктен қала тұрғындары сусыз қалады. Осыдан кейін ғана әбден әлсіреген халық қаланы жауға беруге мәжбүр болады. Тек қалаларда емес, тау, дала өңірлерінде де жау халықтың ұйымдасқан қарсылығына тап болды. Қожаберген жыраудың айтуы бойынша қазақтар шегінуі барысында да үлкен қарсылық көрсеткен.
Осы жылдары Қазақ хандығының батысындағы қалмақтардың да қазақ жеріне шабуылы жиіледі. Әбілқайыр ханның басшылығымен қазақ жасақтары бұл бағытта да жауға ұйымдасқан тойтарыс берді. Осынау қиын-қыстау кезде халық сұлтандар мен ру басыларына үміт артпай, өз тарапынан да қарсылық ұйымдастыра бастады. Қазақ жасақтарының басында халық батырлары тұрды. Халық рухын көтеруде Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің рөлі зор болды. Жауға қарсы жаппай қарсылық көрсету 1724 жылдан басталды. Бұл жылы негізгі әскери қақтығыстар Орталық және Батыс Қазақстан территориясында болды. Бұл қақтығыстарда Әбілқайыр хан бастаған қазақ қолдары табысты қимылдады. Әбілқайыр ханды қазақтардың басым бөлігі, қарақалпақтар мойындады. Бұл жылдары Әбілқайыр хан соғыс даласында асқан батырлық танытты. 1725 жылы Әбілқайырдың қол астындағы сарбаздардың соны 50000-ға жетіп, қазақтар жаудың басып алған жерлерін азат етуді бастады. Осы жылы басқыншыларға қарсы алғаш рет үлкен тойтарыс берілді. Отырар, Шымкент, Түркістан, Сайрам төңірегін жаудан азат етуде қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаратау тауларының Теректі алқабындағы Садырбұлақ өзенінің төңірегіндегі қалмақтардың қолын Үлкентұр тауына қуып тығып, жойып жіберді.
Мәшүр Жүсіп Көпейдің жазбаларында 1725 жылы Бұхара жақтан қайтып келе жатқан Орта жүз қазақтары Шақшақұлы Жәнібектің қолбасшылығымен Шұбаркүл
Осы тақырыпты мұнда талқылаңыз
Суреттер softzone.kz, ru.abyroi.kz, ardaktylar.kz, thenews.kz, alashainasy.kz сайттарынан алынған