Өмірде кейбір жандар таңдаған мамандығы мен қалаған жоғарғы оқу орнына таңдап түссе де кейіннен оқуға құлқы бола бермейтінін көріп жатамыз. Тезірек университетті бітіруге асығатындар да табылып жатады. Жоғарғы оқу орнына түсіп алып, оны оқудағы мәніне жете мән бере бермейтіндер де кездеседі. Мәселен, «5 жыл оқисың, ал жұмыс істеуіңе керек нәрсе - тәжірибе жоқ», «Өзімнің 5 жыл өмірімді босқа өткіздім, ал өз мамандығым бойынша жұмыс істемеймін», «Біз бұның барлығын оқимыз, ал өмірімізге мұның бір де бір қажеттігі жоқ қой», «Қызыл дипломмен бітірдім, бірақ ештеңе қолымнан келмейді» деген секілді пікірлерді құлағымыз шалып жатады. Мұндай жанайқайлар көп, бұған қарап сіз де өзіңізге сұрақ қойған боларсыз: «Университетте оқудың қажеті қанша, егер жұмысқа барғанда университетте оқығандарыңның барлығын ұмытып қалсам...».
Сонымен, жоғарғы оқу орнында білім алу бізге не береді? Сіз жай ғана университет бізді теория, тәжірибе немесе басқалай басымызды қатырады деп ойлауыңыз да мүмкін. Бақсаң, барлығы басқалай екеніне көз жеткізе аласың...
Жоғарғы оқу орны бізге не береді?
1. Базалық білім қорын. Егер сіз инженер мамандығында оқитын болсаңыз, онда құралдардың неден құралғанын және қалай жұмыс жасайтынын білуіңіз қажет, ал оны қалай қолдануды сізге үйретпеуі мүмкін, мұны колледж бен техникумдарда үйретеді. Сіз білімнің іргетасына қалыптастырып алсаңыз, қалған керек дүниелерді өзіңіз-ақ толықтырып аласыз.
2. Ойлау машығын. Гуманитарлық білім беруде – абстрактілі ойлау түріне үйретсе, техникалық білім беруде – математикалық.
3. Университет сізге мәңгі серіктес бола алатын достар тауып беруге көмектеседі. Студенттік өмір – өміріңнің бал дәурен шағы.
4. Оқу бізге адамдардың кез келген типімен, түрімен қарым-қатынас құруға үйретеді. Бұл қабілет қазіргі заманда өмір сүрудің ең маңызды құралы болып табылады.
5. Оқу бізге келген ақпараттардың тек керектісін ғана алуға үйретеді.
6. Жеке тұлға ретінде қалыптасуыңа, өмір жолыңды айқындау үшін үлкен бетбұрыстар жасауға жол ашады.
7. Жоғарғы оқу орны - тәлім-тәрбиенің бір мекені. Өзгелерге қарап бой түзей аласыз.
Сондықтан жоғарыда айтқандай, міндеттелген білімді ала алмай өкініш білдіретін студенттер өз ойларын қайта сарапқа салар, әрине көп нәрсе оқу орнына байланысты болады дейтіндер де бар, алайда оқитын оқу орнын біз өзіміз таңдап түстік емес пе?
Студенттерді екі топқа жіктеуге болады:
1. Диплом үшін оқитындар, олар үшін тек диплом алу ғана. Сабақтан қалмай оқып жүр, алайда не үшін оқып жүргенін білмейтіндерді де қосса болады. Бұл топтан нағыз кәсіби мамандар шығуы екіталай.
2. Өзгелері тек білім үшін. Олар үшін дипломда қандай баға – қызықсыз, олар үшін қызықты тек білім ғана, сабақта не айтылды – барлығын емін-еркін меңгереді.
Университет бізге не беретінін барынша түсіндіруге тырыстық. Ал сіз қалай ойлайсыз, Студент?
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: cis.winncom.com, nur.kz