- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Жасөспірімдер туралы танымал...
Жасөспірімдер туралы танымал кітаптар
Барлық ересек бір кездері бала болған. Олар жасөспірім болудың қандай екенін жақсы біледі. Бірақ, балалы болған шақта соның бәрін бірден ұмытып кететіндей. Нәтижесінде баланың "мені түсінбейсіңдер" деуі жиілейді. Бүгін әртүрлі тағдырға ие жасөспірім балалар жайында жазылған әдеби туындыларды ұсынамыз.
1. "Жар жағалаған жалғыз" /"Над пропастью во ржи", Джером Д. Сэлинджер
Кітап алғаш рет 1951 жылы жарияланды. Аз уақыттың 60 миллион көшірмесі сатылды, қазір жыл сайын 250 мың кітапқа артып отырады. Басты кейіпкер – 17 жастағы Холден Колфилд.
Холден емханада емделу үстінде. Ол өзінің дерті, 1949 жылдың қысында оны оқудан шығарып жіберген сәтін, басынан кешірген оқиғаларды баяндайды.
Оның бар ойы – әлемнен жырақ өмір сүру. Ол әрдайым қашып кетуді, адамдар мен қоғамнан алыс өмір кешуді армандайды. Оған айналасындағы адамдар оны мүлдем түсінбейтіндей көрінеді. Бәрі мүмкін, қанша дегенмен жасөспірім өзін-өзі түсінбейді. Оның үстіне сезімін, көңіл-күйін ешкімге түсіндіре алмайды.
Әрбір жасөспірім есею үрдісін әрқалай бастан кешіреді. Бірі үшін байқалмастан өтсе, енді біріне қиынға соғады. Холден Колфилд өзінің мына әлемдегі орнын табуға тырысады.
Танымалдылығына қарамастан, роман біраз уақыт бойына оқуға тыйым салынған кітаптардың қатарына кірді. Ондағы себеп – тым жабыраңқы, күйзеліске толы оқиға мен ішіндегі боқтық сөздер. "Жар жағалаған жалғыз" кітабын бір кездері бұзықтық, тентектік пен зорлық-зомбылыққа насихаттайды деп кінәлады. Өйткені, үш атақты қылмыскердің жеке заттарының арасынан осы кітапты тапқан: Джон Леннонды өлтірген Марк Чепмен, президент Рональд Рейганды өлтіруге тырысқан Джон Хинкли, актриса Ребекка Шефферді өлтірген Роберт Джон Бардо.
"Жар жағалаған жалғыз" XX ғасырдың екінші жартысында әлемдік мәдениетке айтарлықтай әсерін тигізді. 2005 жылы Time журналы үздік ағылшын тілді 100 романның қатарына енгізді.
2. "Сазды көпір" / "Глиняный мост", Маркус Зусак
Аустралиялық жазушы Маркус Зусактің "Кітап ұрысы" романы бестселлер атанып, миллиондаған оқырманның жүрегін жаулаған болатын. Араға 13 жыл салып жарыққа шыққан "Сазды көпір" романы да танымал болып үлгерді. Зусак "Сазды көпір" романын жазу үшін 20 жыл жұмыстанғанын айтады. Бұл кітап бауырлар арасындағы махаббатты, қайғыны жақсылыққа айналдыру арқылы адам жанын емдеуді сипаттайды.
Ағайынды Данбарлар — Мэтью, Рори, Генри, Клэйтон, Томас — бір үйде ата-анасыз өмір сүреді. Оларды қоғам тентек, бұзақы ретінде қабылдайды. Оларды жабайы санайды. Дегенмен, орынсыз әзіл, төбелес пен жанжалдың артында олардың жанын жегідей жеген үлкен дерт бар. Олар алты жыл бұрын аналарынан айырылады.
Аналары қатерлі ісіктен қаза табады. Ал әкелері болса балаларын байқаудан қалады, кейін үйден кетеді. Кенеттен оралған әкелері саздан көпір салуды ұсынады. Ұсынысын ақылға қонымсыз дегенімен, ұлдарының бірі Клэй келіседі. Осылайша, олардың басы бірегеді. Көпір болса есеюдің, төзімділіктің, ерік жігердің символына айналады.
3. "Бруклинде ағаштар гүлдейді" / "Дерево растёт в Бруклине", Бетти Смит
1941 жыл. Екінші Дүниежүзілік соғыс уақыты. Әлемді қайғы мен қорқыныш билеген. Ал осы уақытта АҚШта Бетти Смиттің жаңа кітабы жарыққа шығады. Ол кедейлікпен, әділетсіздікпен күрескен Нолан әулетінің хикаясын баяндайды. Дегенмен, бұл бір отбасылық хикаядан гөрі, 11 жастан 17-ге дейінгі Фрэнси Ноланның өмірін баяндайтын есею хикаясы.
Кітаптағы оқиға 1912 жылы басталады. Бруклин Нью-Йорктің құрамына енді ғана кірді. Жаңа ғасыр басталды. 11-жасар Фрэнси сенбілік кеште рахаттанып кітап оқиды. Бірақ, бәрі біз ойлағандай емес. Фрэнсидің отбасысы кедейлікпен күресуге мәжбүр. Інісі екеуі қоқыс кезіп, жарамды заттар іздейді. Оны тиынға алмастырады. Нолан отбасы бұл аймақта осылай өмір сүретін жалғыс жанұя емес. Автор Америкаға еркіндік іздеп келген адамдардың өмірін көрсетеді.
4. "Манго-стриттегі үй" / "Дом на Манго-стрит", Сандра Сиснерос
Кітаптың басты кейіпкері Эсперанса жанұясымен бірге Манго-стритте орналасқан үйге көшіп келеді. Бұл –Мексикадан келген иммигранттар орналасқан шағын аудан. Үй тым кішкентай, бөлме бәріне жетпейді. Эсперанса өзінің шағын кеңістігін үнемі біреумен бөлісуге тиісті. Ата-анасы жақын арада үлкен үйге көшетініне сендіргенімен, ол іштей бұның бәрі бос сөз екенін ұғады. Ол сол жерде бой жетеді.
Эсперанса көршілерін бақылай жүріп, көргенін жаза бастайды: ер азаматы рұхсат бермегендіктен көшеге шыға алмайтын әйелдер, балаларын асырауға күші жоқ көп балалы жалғызбасты аналар, зорлық-зомбылыққа шыдауы тиіс қыздар. Соның бәрін көріп жүрген Эсперанса, тезірек ер жетіп, болашағы жоқ мына жерден қашуды ойлайды.
Т. Есқали