Әдеби тілдің өміршеңдігін сақтау үшін сөздік құрамға енген әрбір сөзіміздің мән-мағынасын танытудан аянбауымыз керек. Соған орай қазіргі қазақ тіліндегі жарыспалы сөздерге талдау жасап көрелік.
Садақа мен садаға
Садақа мен садаға сөздері араб тілінен ақшалай не заттай қайыр беру мағынасында енгенімен, екеуі екі түрлі семантикалық сипат алған жеке-жеке лексемалар. Яғни олар бірінің орнына бірі синоним ретінде қолданылмайды және жарыспалы сөздер деп танылмайды.
Садаға - бір нәрсенің жолындағы құрбандық, құрбандыққа беру. Оған "садағаң болайын", "бастан құлақ садаға", "баладан садаға болды", "садаға кеткір" (қарғыс), "малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы" "жаудан аман жан қалса, қара орман — малым садаға" деген қолданыстар дәлел бола алады.
Садақа - ислам діні бойынша қайырымдылық мақсатында мұқтаж адамдарға берілетін ақшалай немесе заттай көмек, қайыр, құдайы. Соған орай "садақа беру", "садақаны сауыңда бер", "пітір-садақа" (Ораза айында жан амандығына шүкірлік ретінде берілетін садақа), "желінсадақа" (мал төлдеп жатқан кезде малдың аман болуын ырымдап, тарататын ғұрыптық ас) сияқты қолданыстардан садақаның құрбандық емес, шамаға қарай материалдық көмек беру екенін ұғынамыз.
Шәрбат пен Шербет
Дәмі тіл үйіретін осынау екі тағам атауларын ажырата аламыз ба? Парсы тілінен енген шәрбат сөзі - тәтті шырынды сусын (жүзім шырыны) мағынасын білдіреді. Қазақтың халық ауыз әдебиетінде де шәрбат су, шәрбат сусын деп жемістің шырыны айтылады. Ал парсыдан орыс тіліне енгенде шербет болып икемделген сөз - шығыс тәттілері мағынасында кең қолданысқа ие болды. Сонымен шәрбат - шырынды сусын болса, шербет - жаңғақ пен қант қосылған, шоколад пен жемістен дайындалатын, шай ішуге арналған тәтті тағам. Демек бір атаудан тараған екі түрлі жарыспалы қолданыстың негізінде шығыс тәттілерінің біріне атау берілді. Бұл жарыспалы сөздердің жаңа сөз жасаудағы, яғни сөздік қорды байытудағы ықпалын көрсетеді.
Уақиға мен оқиға
Жарыспалы сөздер қатарында жүрген бұл екі сөздің мағыналарын да семантикалық реңкіне қарай ажыратып, бірінің орнына бірін қолдануды тоқтатқанымыз дұрыс сияқты. Уақиға деп ұзақ жылдар бұрын өткен жеке адамның өміріндегі немесе қоғамдағы елеулі бір құбылысты атауға болады. Мысалы, "мына суретке қарап басымнан өткен бір уақиғаны айтып берейін" деген сөйлемде уақиға сөзі қолданылғаны жарасымды. Себебі уақиға - болып өткен әрі ерекше есте қалған хикаялы естелікке жақын. Ал оқиға - болып жатқан іс, әне-міне болған маңызды жағдай, елеулі әрекет. "Жайсыз оқиға", "жол-көлік оқиғасы", "оқыс оқиға", "кездейсоқ оқиға", "төтенше оқиғ"а қолданыстары кенеттен болатын қалыпты өмір ағымындағы өзгерістердің дәйекті көрінісін сипаттайды. Сонымен уақиға жеке адам өмірінде айрықша есте қалған сәттерінің маңыздылығымен, естелік болып сақталуымен және ұзақ жылдар өткеннен кейін еске түсетін сағым оқиға болуымен ерекшеленсе, оқиға - қоғамда кенеттен болған күрделі жағдайлардың хронологиялық тізбеленуімен ерекшеленеді.
Айгүл Әмірбекова
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты
Лексикология бөлімінің меңгерушісі,
филология ғылымының кандидаты