- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Жапондардың көне керамикалық...
Жапондардың көне керамикалық өнері
Жапон тілінде керамика – «токи» және фарфор – «дзики» мағынасын білдіріп, жиынтық термин ретінде «якимоно» ұғымын үстейді. Жалпы, жапон керамикасының тарихына үңілетін болсақ, алғашқы қыш күйдіру әдісі осыдан 13 000 жыл бұрын жасалынған. Ендеше, қыш күйдіру әдісінің әлемде ең алғаш рет осы жерден бастау алғандығының көрінісі. Алғаш рет арқанның көмегімен жасалынған керамика үлгілеріне «дземоноки» деген атау да берілген.
Осыдан 5 000 жыл бұрын, Дземон дәуірінде, араға біршама уақыт салып, жиегі зерге толы, ернеуі алуан түрлі өрнектермен безендірілген, сәнді де тартымды керамикалар дүниеге келе бастады. Көздің жауын алатын керамика үлгілері Яей дәуірінде де жалғасын тауып, Корей жарты аралдарынан келген жаңа үлгілермен алмасып, күнделікті тұрмыс-тіршілікте Яей қыш ыдысы ас сақтау үшін, әрі үстел мәзірінде ас қоятын бұйым ретінде қызмет атқарды. Бұның бәрі қыш күйдіру әдісінің біршама шырқау биігіне жеткендігінің көрінісі еді.
V ғасыр шамасында Корей жарты аралдарынан қыш күйдірудің озық үлгілері келуіне байланысты, жапондар төменгі температурада қыш күйдірудің әдісін жетік меңгеріп алды. Алайда, осынау қызылды-жасылды түске боялған «нарасансай» керамикалары тек ақсүйектер әулеті мен храмдарда ғана қолданылып, XI ғасырға дейін ғана өмір сүре алды.
Ал үлкен жетістіктің бастауы болған Суэни қыш ыдыстары мемлекеттегі үлкенкерамикалық өндіріс ошақтарының ашылуына бастау болды. Алғашқы үлгілеріОвари провинциясында ( Қазіргі Аитидің батыс бөлігі) Санага ошағында қолданысқа ене бастады.
Суэни керамика үлгілері орта ғасырларда жаңа технологиялық жетістіктерге жетті. Жапонияның негізгі орталықтарынан Сэто, Токонамэ, Этидзиян, Сигирани, Тамба және Бидзэн секілді алты тарихи орындардың сол уақытта негізі қаланды. Олар үлкен ваза, құмыра, қыш ыдыстарын шығарып, тәулік бойына жұмыс істеп тұрды.
Дөңгеленген ғажап керамикалар Санагэ ескі ошағының жанындағы Сэто қаласында ғана өндіріліп, Сун стиліндегі өнімдерімен аристократтар мен самурайлардың сұранысына ие болып отырды. Шынында, Сун керамикалары жапондардың талғамына негізделіп, алуан түстермен өрнектеліп, XVI ғасырдың басына дейін өмір сүрді. Ал, Сэто қаласы осы бір әдемі стилдегі қыш ыдыстарының орталығы болып қала берді.
Форумда талқылау
Суреттер mystery-queeen.com,web-japan.org, en.wikipedia.org, ssun.ru, spb-lo.ru, ukrkeramika.net сайттарынан алынған
Ж. FM