Жануарлар да өткенді еске түсіре алады

Қызығы да, шыжығы да мол оқиғалар тізбегі әр күн сайын адам миында қатталып жатады. Сол адам ойша болса да өткен күндердің айқын бедерлерін еске ала отырып, иесіз қалмас бүгінгі тіршілікке бейімделе түседі. Сол адам бір кешке ата-анасымен бірге еріп барады. "Бәленшенің баласы" деген атақты өзіне иемдене отырып, сыпайы көздің астынан өзіне атыла қараған оқты жанарды байқайды. Әңгіме мұнымен бітсе бір сәрі, әлгіндегі оқты жанар ендігі кезекте ескерту жасайды. Әлгі ескерту үйге барған соң қоқаң-лоққымен аяқталады.

Енді сол адам кез келген кешке барғанда дастархан үстінен бір тәттіден артық алмайтын болған. "Оқиға үзіктерінің жадысы" (эпизодный память) енді оны тізгіндеп ұстайды. Енді ол шындық өмірде өз қадамын ептеп, тұрмыстық салт-санаға бейімделе бастады.

Ал біздің білуімізше, бүгінгі таңда жан-жануарларда "оқиғалардың үзік жадысы" жоқ. 

Когнитивті психологияның өкілі Эндель Тульвинг "оқиғалардың үзік жадысы" турасында айта отырып, жан-жануарларға бір нәрсені үйретіп, өмір салтына бейімдеуге болатынын, бірақ, бәрібір де олардың "ойша болса да өткен күнге барлау жасай алмайтынын алға тартады". 

Бұл пікірмен мүлде келіспейтін ғалымдар бар болып шықты. Мысалы, 2006 жылы Генрих Гейненің атындағы ғылым ордасында бірнеше жануарларды нысанға ала отырып, олардағы "оқиға үзіктерінің жадысы" турасында отызға жуық ғылыми зерттеулер жасалған. 

Сондай зерттеулердің бірінде, мәселен, ым-ишараға үйренген шимпанзе клетканың алыс түкпірінде жатқан дәмді тағамға бір адамның қолы жетпей, ақыры кетіп қалғанын аңғарады. Арада 16 сағат өткен соң әлгіндегі дәмді тамақты іздеп басқа адам келеді. Ол қай клетка екенін білгенмен, тамақтың қай жерде жатқанын білмейтін болып шығады. Сонда шимпанзе бейтаныс адамға қол-нұсқау жасап, дәмді тағамға бастап барар жолды көрсетіп отырыпты.

Бұл дегеніміз, шимпанзе ақпаратты еске түсіріп қана қоймай, тиісінше адамға жеткізе алатын қасиетке ие деген сөз.

Тау-тоғайда ұшып-қонып жүретін жорғаторғай (торғай тұқымдас) құсы өз жемін өзіне меншікті санайтын шекараның әр аумағында сақтап жүреді. Онда да ұзақ уақыт бойына қалдырып, керек кезінде қажетіне жаратады. Өздеріңіз білетіндей, бұл үшін ең бірінші кезекте жақсы жады керек-ақ.

Лабораториялық зерттеулердің бірінде ғалымдар жорғаторғайларды бірнеше клеткаларға орналастырып, оларға көміп тастау үшін азық-түлік берген. Одан кейін жорғатайларды 28 сағат бойына басқа жайға ауыстырып, сонда ұстаған. Уақыты толғанда қайта өз клеткаларына жіберілген. Сөйтсе, әрқайсысы өздері тыққан тамақты еш қиналмастан тауып, жей бастаған. Бір қызығы, 28 сағаттан кейін босап шыққан жорғаторғайлар клеткаларына кірген бойда жеуге жарамды азық-түлікке жетіпті...

Бұдан біз жорғаторғайлардың қандай тамақ тыққандарын, қай уақытта тыққандарын, қай жерде қайсысы жатқанға дейін жақсы білетінін аңғарамыз. Және олардың бұл қасиеті "оқиға үзіктерінің жадысы" қарастыратын үш қағиданы да ақтап алып отыр.

Осы бір таңғаларлық зерттеулерге қарамастан көпшілік зерттеушілер бір байламға келе алмады. Олар жорғаторғайлардың қалай ойлайтынын, олардың өткен күнді еске алар-алмасын пайымдап үлгермеген секілді. Бір анығы, күндердің күні жан-жануарлардың өткенді еске түсіру тұрғысындағы екіұдай пікірлер ортақ шешім табады деген ойдамыз.

сурет:bux-way.ru

Дайындаған: Фараби Арыстанбек