Заманауи технология біздің өмірімізге тек ақпараттық жаңа құрылғылар беріп қана қоймай, жаңа түсініктер мен мамандықтар, ерекше мерекелер мен әдеп қалыптастырып жатқанын естен шығармаған дұрыс. 1992 жылы Тим Бернерс Лидің еңбегі әлемдегі блогерлік бағыттың бастамасы болды. Бірнеше жылдан соң блог жазу сәнге айналды, бастысы пайдалы бола түсті. Өйткені, ғаламтор-жазушылары пайда болды. Кейбір адамдар болашақта хат пен шығарма жазуды ұмытып қаламыз деген тұжырымға келген. Бұл ең орынсыз пікір. Өйткені, интернет миллиардтаған әріптер мен сөздер жиынтығы. Ғаламтордағы ақпарат мәтін түрінде берілген. Мәтіндер жинақы және оқырманын оңай табады. Жазылым стилі өзгеріп, жаңа сипатқа ие болды. Бірақ, бұл жазушылардың санын азайтпады. Желіде үйде отырған әйелдер де, ғалымдар да, мұғалім де, оқушы да, ақындар мен психологтар да жазады. БАҚ енді ақпаратты толықтыру үшін бірнеше күн бойына түсрілім алаңында бақылаумен отырмайды. Барлығы әп сәтте-ақ куәгер салған видео, сурет секілді медиа ақпараттар арқылы желіде жүреді. Бастапқыда интернет парақшалары тек сөз бен әріптерден тұратын. Кейін оның жаңа форматы қолданысқа енді. Адамдар ойларын жеткізудің жаңа жолдарын қарастыра бастады. Сленгтер, идиомалар және мемдер пайда болды. Сілтемелер, иллюстрациялар мен анимациялық бөлшектер енді. Осылайша адамдарға интернет әлемі одан да қызықты бола түсті. Мәтіннің сыртқы бейнесі де сан алуан сипатта өзгерді. Адамның көңіл-күйін білдіретін эмоджилар қатарға енді. Қазір, адамды өзіне баурап алатын суретсіз құр мәтінге назар аудару мүмкін емес. Мұны ғылымда жазба өнімдері сандық және виртуалды сипатқа қарай бет бұруымен түсіндіреді. Енді ойлап қараңызшы, адамның дауысы, музыка мен 3D дыбыстар лонгридтер мен блогплатформада сұранысқа ие. Қазір ғаламторда сараптамалық сипатта мәтін жазу сәнге айналып келеді. Желіге өзінің ойын, пікірін және толғандырған сұрақтарын еркін бөлісетіндердің қарасы қалың. Ешкім жасырынуды қаламайды. Мұның барлығын олар белгілі бір формат бойынша беруге талпынады. Соңғы 3 жылда видео-контентке деген сұраныс артқан. Айналамыздың барлығы видеотарих: қысқа, толықметражды, кәсіби немесе өзгенің хоббиі. Психологиялық тұрғыдан, адам естігенінің 10%-ын есте сақтаса, көргенінің 70%-ы есте қалады. Демек, адам баласының көру арқылы қабылдауы әлдеқайда оңай әрі өнімді. Сондықтан, видео-контент адам үшін ең тиімді ақпарат құралына айналды. Ғаламтор торабы мен киберқозғалыстың жолында жүріп жатқан ақпарат сеңі бізді қайда әкелетіні белгісіз. Адамдар ақпаратты қабылдаудан шаршап, цифрлі аскетизм тумай ма деген қорқыныштың барын да жасырмау керек. Сонымен қатар, соңғы уақытта ең танымал неологизм fake news, яғни жалған жаңалықтар. Зерттеулерге сүйенсек, жалған жаңалықтар жалған контенттің тек бастапқы толқыны. Генеративті нейрожелілер (GAN) істемеген әрекетті істетіп, сөйлемеген сөзді ауызына салып беретін видеороликтердің жасалуына мүмкіндік бергені анықталған. The Economist журналы мұны жаңа медиа әлемінде ешкімге сенуге болмайды деп түсіндіреді. Несі бар, тіпті туысымыздың тойында еркін билей алмайтын деңгейге жеткенімізді де мойындау керек. Сонда жаңа медиа бізге қандай мүмкіндік берді?Ақпараттар ағыны, білім мен ғылым саласына терең бойлауға мүмкіндік, адамдармен қарым-қатынас орнатудағы үлкен күш. Бәсекеге қабілетті бола түстіңіз. Өйткені, ғаламтор арқылы өзіңіз секілді мыңдаған адамның жетістігін бақыладыңыз. Нені жоғалттыңыз? Алдымен, артық ақпаратқа (керек емес, пайдасыз ақпарат) санаңыз уланды. Әлемнің сіз ойлағандай керемет емес екенін ұқтыңыз. Айналаңыздағы қорқынышты жайттардан хабардар болғандықтан, болашағыңыз бен балаларыңыз үшін үрей туды. Айналаңыздағы адамдарға деген сенімсіздік пайда болды. Соған қарамастан, жаңа медиа өзінің жаңғыруын тоқтатпақ емес. Ол дами түседі. Сіз тек көштен қалмауыңыз керек. Келісесіз бе?