Италия мен Аустралияның мүйізі қарағайдай ғалымдары қосылған халықаралық топ ерте кездегі пломба салынған тісті тапты.
Серіктес авторлардың бірі Клаудио Туництің айтуы бойынша, аталған пломба салынған тіс 20 ғасырдың басында Словениядан табылған тас болып қатып қалған жақ сүйектен табылып отыр. Сол уақытта осы бір астыңғы жақ сүйек 24 пен 30 жастағы еркектікі болып анықталған еді. Және осы күнге дейін Италияның Триест қаласының бір мұражайында қойылып келген екен.
Қызығы сол, пломба салынған тіс кездейсоқ анықталған. Ғалымдардың бірі жақ сүйекті рентген жасауға алып барған көрінеді. Сол жақта рентгеннің қорытындысы бойынша, ғалымдар бөтен затпен пломбаланған тісті байқаған. Анықтап қараса, жарықшақ пен қуысы бар тіс араның балауызына толтырылыпты.
Радиокөміртектің арқасында пломба салынған күн белгілі болды. Тасқа айналған жақ сүйекке 6,5 мың жыл толыпты.
сурет:зерттеушілерден
Дайындаған: Фараби Бақыт