1756 ж. патша жарлығы бойынша қазақтарға қысқы уақытта Жайықтың оң жағалауына мал жаюға тиым салынған болатын. Патшаның бұл жарлығы Жайық орыс-казактарының мүддесі тұрғысынан қабылданған-ды. “Игельстром реформасының” жүргізілуі барысында қазақтар Еділ мен Жайық арасындағы жерлерге көшіп-қонуға патша үкіметінің рұқсат алған соң, кейінірек, 1801 жылы ол қосөзен аралығында Нұралы ханның баласы Бөкей сұлтанның басқаруымен жеке иелік құрылды. Бөкей сұлтан тек 1812 ж. ғана патша үкіметінен “хан” атағын алып, ол басқарған иелік Бөкей ордасы немесе Ішкі Орда деп атала бастайды. Бөкей Ордасы Ресей империясының шекаралық өңірінің “Ішкі” жағында орналасқандықтан “қуыршақ мемлекет” рөлін атқарды. Бөкей хандығының құрылуы сол кездегі Кіші жүздегі саяси-экономикалық жағдайдың нәтижесі. Бөкей Ордасы құрылғаннан кейін Жайықтың оң жағалауына 5 мыңға жуық үй көшіп-қонса, кейін Орынбор шекаралық комиссиясының есебі бойынша Бөкей хандығының саны 10 235 үйге жеткен. Бөкей хандығының шекарасы бірте-бірте анықталған соң, оның көлемі шығыстан батысқа қарай 350 шақырым, солтүстіктен оңтүстікке қарай 200 шақырым жерді алып жатты. Бірақ бұл жерге қоныстанған қазақтарға патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты өзіндік зиянын тигізді. Оларға Орал казак-орыс әскерлері жиі-жиі шапқыншылықтар жасап отырды, біртіндеп әскери бекіністер салына бастады. 1813-1815 жылдары Плинин, Фокеев, Сламихин бекіністері салынды. Қараөзен мен Сарыөзеннің бойы шекаралық аймаққа айналды. Жайық өзенінің бойы біртіндеп Орал казак-орыс әскерлерінің меншігіне қарады. Соның салдарынан қазақтардың жайылымдық жерлері тарылып, шаруашылықтары күйзеліске ұшырады. Сонымен қатар, Орал казак-орыстары қазақтардың ауылдарына шабуыл жасап, адамдарын өлтіріп, мал-мүліктерін тонап кетіп отырды. Патша өкіметінің жергілікті әкімшілігі мұндай озбырлықтарға қарсы шара қолданбай, керісінше көп жағдайда мәселеден жалтарып кетіп отырды.
Жер қатынасында әділетсіздіктер орын алды. Жәңгірдің ағасы Меңдігерей Бөкейханов ханның төңірегінде жүрген сұлтандар Мұсағали, Шыңғали Ормановтар, Балқы Құдайбергенов т.б. шұрайлы жерлерді иеленді. Сонымен қатар Ішкі орданың халқы Орал казак-орыстарынан да қатты қысым көрді. Жайық өзенінің жағалауына адам жолатпады. Қазақтарға Жайықтан балық аулау түгілі су ішуге, мал суғаруға рұқсат етпей, өзенге он шақырым жақындауға тиым салынды. Ал, ол жаққа жайылып бара қалған малдарды айдап алып, иеленіп кетіп отырды.
Жәңгір хан 1833 ж. өзінің қайын атасы Қарауылқожа Бабажановты Каспий теңізінің жағалауында көшіп-қонып жүрген рулардың басқарушысы етіп тағайындайды. Жаңа тағайындалған басқарушы қарапайым халықты қатты қанауға ұшыратты. Ол қазақтарға жерді “жалға” беру дегенді шығарып, қазақ шаруалары жер үшін ауыр салық төлеуге мәжбүр болды. Оған қоса Қарауылқожаның отбасы үшін әр шаңырақ 2 сом, ал ауыл старшындары бір жылқыдан төлеуге міндеттелді. Одан басқа да қосымша міндеткерліктер халықты әбден күйзелтті. 1835 ж. Исатай ханға арызданбақ болғанда, сұлтан Шөке Нұралиев ханмен сөйлесемін деп Беріш руына қарасты елден 264 түйе, 127 жылқы, 19222 сом ақша жинап алып, халықтың шағымын аяқсыз қалдырады. Қ.Бабажановты тағайындау қарсаңында және одан кейін де ханға айтылған арыз-шағымдар ескерусіз қалған еді.
Мінеки, осындай жер қатынасындағы әділетсіздіктер, Орал казак-орыстарының көрсеткен озбырлығы, түрлі салықтардан түскен ауыртпалықтар Орда халқының наразылығын тудырды. Бұл жағдайлар 1836-38 жылдары халықтың көтеріліске шығуына әкеліп соқты. Көтеріліске Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы жетекшілік жасады. Көтеріліс алғаш әр жерде ұйымдаспаған наразылықтар түрінде байқалса, кейіннен біріккен күшке айналып, ашық қарсылыққа ұласты. Көтерілістің негізгі қозғаушы күші бұқара халық болды. Бөкей хан 1812 жылы Жайық бөлімінің старшыны Жабал Бегалин қайтыс болған соң орнына Исатайдың жақын серігі М.Өтемісұлын тағайындайды. Махамбет жасынан ақын ретінде қалыптасып, әрі татар және орыс тілдерін үйренеді. Ол Жәңгір ханның баласы Зұлқарнаймен бірге Орынборда да тұрады. Жәңгір хан Махамбетті сарай ақыны жасауға тырысады, бірақ арадағы қарым-қатынас өзгеруіне байланысты Махамбет 1828-1829 жылдары өз ауылына кетіп қалады. Одан соң шекаралық үкімет тарапынан “Еділ арқылы құпия өткені үшін” деген айыппен қамауға алынып, екі жылдай қалмақ қамалында болады. 1831 ж. онда тырысқақ (холера) эпидемиясы басталғанда қашып кетеді. 1834 ж. Жәңгір хан Махамбетті старшындыққа тағайындайды, бірақ бұл тағайындауды Шекаралық комиссия бекітпейді.
1836-37 жж. көтерілісшілер ханға өздерінің талаптарын айтып, өкілдерін жіберумен болады. Сонымен қатар Исатай ел ішіндегі түрлі мәселелерді шешіп, халық казактар мен байлардың жерлерін бөліске салып, Жайықтың арғы бетіне өтуге шақырып отырады. 1837 ж. наурызында Шекаралық комиссия Исатай мен Махамбетті сотқа шақыртады, бірақ олар сотқа барудан бас тартады. Орынбор генерал-губернаторы Перовский жіберген атаман Покатилов бастаған Жайық казак әскерінің отряды да оларды тұтқындай алмайды. Бұл тұста көтерілісшілердің саны 3 мың адамға жеткен еді. 1837 ж. қыркүйегінде Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілер Қарауылқожаның ауылы мен басқа да би-сұлтандардың ауылдарына шабуыл жасайды. Одан кейін хан ордасын шабуылдауды ойластырып, қазан айының басында ордаға 12 шақырымдай жерге келіп орналасады. Исатай хан ордасына жақындаған тұста қол астында 2000 жігіт болады. Алдымен ханға өз талаптарын айтып хат жазып, оның орындалуын күтеді. Жәңгір хан болса Исатаймен келіссөз жүргізу арқылы уақыт ұтады да, Орынбор генерал-губернаторлығына жасырын хат жазып, көмек сұрайды. Бұл жағдайды білген Исатай да Орынборға хат жолдап, жауап күтеді.
Жалғасы бар
Форумда талқылау
Сурет kk.wikipedia.org, kz.abyroi.kz, kargoo.gov.kz, moldirbulak.kz, сайттарынан алынған