ХҮІІІ ғасырдың соңы – ХІХ ғасырдың басындағы Қазақ хандығы (II бөлім)

Басы

Егіншілер, жатақтар мен бақташылардың болуы ішкі қазақ қоғамында әлеуметтік теңсіздік патшалық Ресейдің Қазақстандағы отаршылдық саясатының белсенділігімен де күшейе түскен еді.  

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ қоғамында құл ретіндегі адамдар категориясы да болды, бірақ олар маңызды рөл атқармады да, жойылып кету шағында тұрды. Құлдар негізінен соғыста қолға түскен және базарлардан сатып алынып отырған. Олар көбінесе үй шаруашылығына пайдаланылды. Кейіннен олар қоғамның толық мүшесі болды немесе төлеңгіттерге айналып отырды. 

ХVІІІ ғасырда төлеңгіттер хандар немесе сұлтандардың әскери қызметшісі болды. Олар кейде жауапты дипломатиялық жұмыстарды да орындады. Төлеңгіттердің әлеуметтік жағдайының өзгеруі ХІХ ғасырда қазақ мемлекеттігінің жойылуымен байланысты болды. Төлеңгіттер енді өз қожайындарының оққағары немесе жасақтары ретінде қызмет етті. Төлеңгіттер сұлтандарды және олардың мүлкін қорғауға, жол сапарда бірге жүруге, шабармандық сияқты т.б. қызметерді де атқарды.  ХVІІІ ғасырда төлеңгіттерді тек қана «ақ сүйектердің» тұқымдары сұлтандар ғана иелене алса, ХІХ ғасырдың І жартысында сұлтандар бұл құқықтарынан айырылып, енді төлеңгіттерді билер мен старшындар да иелене алды.

Осылайша, ХVІІІ ғ. соңы мен ХІХ ғ. басында қазақ қоғамы екі қарама-қарсы топ - сұлтан, би, бай, батыр бір жағында болса, екіншісі – қарапайым шаруа, оның ішінде кедейленген егіншілер, жатақтар мен бақташылар болды.

Егер бұрын жасы келген, алдына барып ақыл сұрайтын адам – ақсақал атанса, енді ХІХ ғ. І жартысында билікке ие болған басшы-сұлтандар мен аға сұлтандар да ақсақал атанды. Әйелдердің ер адамдармен қатар тең құқылары болмады. ХVІІІ ғ. соңы мен ХІХ ғ. басында мемлекеттік маңызды мәселелерді шешуде қазақ қоғамында рулық-патриархалдық қатынастардың сақталып қалуы қоғамның одан әрі дамуына, бірігуіне, орталықтандырылған мемлекет құруына тежеу жасады.

Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайын жете білуге тырысқан патша өкіметі хандық билікті сақтай отырып, қазақтардың ішкі істеріне араласа бастайды. 1781 ж. Орта жүзге Уәли хан (1781-1819 жж.) болып бекітілді. Ресей әкімшілігі сұлтандар мен ру басшыларының өздерінің хандарына, оның ішінде Уәли ханға қатысты да өтініштері мен арыз-шағымдарын қарастыруға тырысты. Сондай-ақ қазақтардың саяси, сот және рухани өміріне  байланысты шараларды даярлаумен де айналысты. Мысалы: ханның жанынан ақсақалдар Кеңесін  құру; билер соты; қазақ балалары үшін мектеп ашу; шекара жанындағы қазақтарды тікелей басқаруды ұйымдастыру; қазақ жерлеріне әскери-ғылыми-барлау экспедицияларын жіберу т.б. Ал, 1819 ж. Уәли хан қайтыс болғаннан кейін Орта жүзде жаңадан хан сайланбады.

Ресей қазақ даласын отарлауды табанды түрде жүргізе отырып, саяси сахнадан Әбілқайыр ханның ұрпақтарын ығыстырып, Кіші жүздегі хандық билікті жоюға әрекет жасады. 1797 жылы Ресей үкіметінің қолдауымен хан сайланған Айшуақтың халық арасында беделі төмен болатын. Оның тұсында ел ішіндегі қарым-қатынас шиеленісіп, саяси билік қатты дағдарысқа ұшырайды. Ресей үкіметінің сенімін ақтамаған Айшуақтың орнына оның баласы Жантөре хан (1805-1809 жж.) сайланады.Осы кезде Орынбор губернаторы Жантөреге қатысты екіұшты саясат ұстанады. Ол бір жағынан халық өкілдері сайлаған ханмен санасуына тура келсе, екінші жағынан оның ел арасындағы беделінен сескеніп, оған қарсы кейбір сұлтандарды жасырын айдап салып отырды. 1808 жылдың соңына қарай Жантөре ханның жағдайы қиындай түсті. Кіші жүздің хандығы бұрынғы біртұтастығынан айрыла бастады. Біртіндеп билігі әлсірей бастаған Жантөре хан Ресей үкіметінен қолдау табу мақсатында Жайық шебіне жақындап барып қоныстанады. 1809 жылдың күзінде қарсыластарының бірі Қаратай сұлтан 200 жігітпен оның ауылына шабуыл жасап, ханның өзін өлтіріп кетеді. Жантөре өлген соң Ресей үкіметі оның орнына Әбілқайырдың тұқымы дарынсыз Шерғазыны хан тағайындайды. Бірақ, оны халық жиналысы мойындамайды да, орнына ел арасында ықпалы күшті Арынғазы сұлтанды хан сайлайды. Арынғазы тез арада Кіші жүздегі билікті бір орталыққа бағындырады. Хандық билікті жоюға мүдделі патша үкіметі Арынғазының хандық билікті күшейту әрекетіне мүмкіндігінше кедергі жасауға тырысты. 1821 жылы Санк-Петербургке келген Арынғазы ханды патша үкіметі қамауға алады да, Сібірге жер аударып жібереді. Бұдан кейін Кіші жүзде хан тағайындау ісі жүзеге асырылмады. “Игельстром реформасы” жүргізілуі барысында қазақтар  Еділ мен Жайық өзендерінің арасындағы жерлерге көшіп-қонуға рұқсат алған соң, кейінірек, 1801 жылы қосөзен аралығында екінші хандық - Бөкей Ордасы (Ішкі Орда) құрылған еді. Бұл жағдайдың барлығы Кіші жүздегі  түрлі әлеуметтік топтардың арасындағы қатынастардың шиеленісуіне әкелді.

Осылайша, ХVІІІ ғ. аяғы мен ХІХ ғ. басында Орта және Кіші жүздің территориясы Ресей империясының ықпалында, Ұлы жүздің территориясы Қоқан хандығының қол астында болды.

ХІХ ғ. 20-30 жылдары орыс-ағылшын бақталастығының шиеленісуіне байланысты патшалық Ресей Орта Азия мен Қазақстанда өз ықпалы мен билігін одан әрі нығайту басты міндеті деп санады. Қазақстанның Ресей мен Орта Азия хандықтарының және Қытай аралығында геосаяси орналасуы Ресей тарапынан қазақ даласын отарлау үрдісін тездетті. Осы мақсатпен Ресей империясы 1822 ж. «Сібір қырғыздары туралы», 1824 ж. «Орынбор қырғыздары туралы» Жарғыны қабылдады. Ресейдің хандық билікті жоюға асығуы соншалықты, олар әрбі  р мүмкіндікті пайдаланып, ел ішіндегі ықпалды адамдарды, хандарды, билер мен батырларды бір-біріне айдап сала отырып, алдау, күш көрсету сияқты  шараларды қолданды.

1822-1824 жылдардағы Жарғының қабылдануымен Орта және Кіші жүзде хандық билік жойылды. Авторы Сібір әскери губернаторы М.Сперанский болған  «Сібір қырғыздары туралы» (1822 ж.) Жарғы бүкіл Орта жүздің жерін қамтыса, авторы Орынбор әскери губернаторы П.Эссен болған «Орынбор қырғыздары туралы» (1824 ж.) Жарғы Кіші жүз территориясына таралды.

«Сібір қырғыздары туралы» Жарғы бойынша Орта жүз территориясы «Сібір қырғыздарының облысы» аталып Батыс Сібір генерал-губернаторына бағынатын болды да орталығы алғаш Тобыл, 1839 ж. бастап Омбы болды. Хандық билік жойылғаннан кейін Оңтүстік-батыс Сібірде тұратын қазақтар ішкі округтерге біріктірілді, ал Орта жүздің қалған қазақтары сыртқы округтерді құрады. 1838 жылға қарай 7 сыртқы округ құрылды: Қарқаралы (1824 ж.),  Көкшетау (1824 ж.), Аягөз (1831 ж.), Ақмола (1832 ж.), Баянауыл (1833 ж.), Құсмұрын (1834 ж.), Көкпекті (1838 ж.).

 М.Сперанский

Әр округ болыстар мен ауылдарға бөлінді. Батыс-Сібір генерал-губернаторлығын генерал-губернатор басқарды, оған сібір қырғыздарының облысы бағынды. Округтердің басшылығында округтік приказдар тұрды және оларды сұлтандар жиналысында 3 жылға сайланатын аға сұлтандар басқарды. Округке 15-тен 20-ға дейін болыс кірді. Болыстарды сұлтандар басқарды. Бір болыстың құрамында 10-нан 12-ге дейін ауыл болды. Ауылдарды ауыл старшындары басқарды, әр ауылда 50-ден 70-ке дейін үй болды. Қазақтарға тек қана өз округында ғана көшіп-қонуға рұқсат берілді, ал бір округтен екінші округке өту үшін жергілікті басшылардан рұқсат алуы керек болды.

Жаңа әкімшілік бөлініс қазақтардың дәстүрлі жер қатынасын күйретті де – рулық қауым құлдырады. Сонымен қатар, оған аға сұлтандарға, болыс сұлтандарына, тілмаштарға, казактарға түрлі көлемде жер бөліп беру де әсер етті. Оларға өңдеуге, мал шаруашылығына, омартаға т.б. ыңғайлы жерлер бөлінді және егерде ол жерлер қойылатын талаптар бойынша дұрыс пайдаланылатын болса, онда оның иесі жерге меншік құқығын иеленуге де мүмкіндігі болды. Патша өкіметінің қарауы бойынша Орта жүз жері бөлініске түсіп, бір әкімшілік басқарудан екіншісіне өтіп жатты. Осылайша, Омбы облысы Тобыл губерниясына кірді, Семей және Өскемен уездері Том губерниясына берілді.

1822 ж. Жарғы бойынша сот істеріне де өзгерістер енгізілді, ол өзгерістер бойынша сот үш категорияға бөлінді:

қылмыстық істер (мемлекеттік сатқындық, ұрлық, барымта, билікке бағынбау);

арыз-шағымдар («қазақтардың әдет-ғұрып заңдары» бойынша билер шешетін екінші кезектегі істер);

облыстық басшыға берілетін арыздар бойынша (қазақтардың  сұлтандар мен билерге, болыстарға т.б.).

Сонымен қатар Жарғы салық жүйесін енгізді, ол бойынша әр қожалық өкіметке 100 бас малдан 1 бас мал салық төлеуге тиіс болды. Жарғыны қабылдаған қазақтар бірінші бес жылда салықтан босатылды. Қазақтарға керуендерді, почта жолдарын күзету, байланыс жолдарын қадағалау сияқты және т.б. міндеткерліктер жүктелді.

Жарғының арнайы бір параграфы аға сұлтандардың, болыс-басқарушы сұлтандардың және  округтік приказ шенеуніктерінің мәртебесін және жылдық жалақысын белгіледі: аға сұлтандарға жылына 1200 сом,  тілмаштарға – 800 сом, болыс сұлтандарына – 150 сом.

Жарғы бойынша қазақтарға өз округтерінің ішінде және оның сыртында да тауарларын шығарып сатуға рұқсат етілді. Жарғының жеке баптары сауат ашу мәселесін қарастырды.

1838-1856 жылдары сібір қазақтарының облысын басқаруды реттеу үшін бірнеше «Ереже…» қабылданды және отаршыл әкімшіліктің қазақ даласына тереңдеп жылжи түсуіне мүмкіндік берді. Патша әкімшілігі шенеуніктерінің жергілікті жағдайды дұрыс білмеуі, әкімшіліктің Орта жүздегі хандық билікті жою үрдісін тездетуге ұмтылуы,  басқарудың жаңа құрылымын енгізуі қазақ қоғамының жікшілдікке ұшырауына және үкіметке қарсы көңіл-күйдің пайда болуына әкеліп соқты. Ол қазақ халқын өз мүддесін қорғауға шығарып, Қазақстанның барлық аймақтарында ұлт-азаттық көтерілістер орын алды.

1824 ж. Орынбор генерал-губернаторы П.Эссен даярлаған «Орынбор қырғыздары туралы» Жарғы кіші жүзде жүзеге асырылды. Бұл реформа барысында Кіші жүздегі хандық билік жойылып, оның территориясы: Батыс, Орта және Шығыс болып үшке бөлініп, Орынбор генерал-губернаторлығына бағынды.  Бұл бөліктердің басында  аға сұлтандар тұрды. Бірінші аға сұлтандар: Қаратай Нұралыұлы, Темір Ералыұлы, Жұма Құдаймендеұлы болды. Аға сұлтандардың жанына Ресейдің «көзі мен құлағы» саналған 200 адамнан тұратын казак-орыс отрядтары берілді. Сұлтандарға жылына 1200 сом жалақы төленді. 1824 ж. Жарғы бойынша құрамында төраға, төрт кеңесші және төрт ауқатты қазақтан тұратын шекаралық комиссия құрылды.

1822 ж. Жарғыдан айырмашылығы Кіші жүздегі ауыл старшындарынан бастап аға сұлтандарға дейін сайланбайтын болды, оларды шекаралық комиссияның ұсынысымен Орынбор генерал-губернаторы тағайындады. 1831 ж. дистанциялар мен старшындықтар ұйымдастырыла бастады. Батыс бөлікте – 8, Ортада – 20, Шығыста – 28 дистанция құрылды. 1837 ж. 1 сом 50 тиын күміс ақшамен түтін салығы енгізілді.  Сұлтандар, старшындар және молдалар салықтан босатылды.

1844 ж. «Орынбор қазақтарын басқару туралы ереже» қабылданды да,  ол бойынша орыс шенеуніктерінен жергілікті әкімшілікті қадағалайтын «қамқоршылар» қызметі енгізілді. Қазақтардың ру-тайпалық бөлінісі ескерілмеді, ауылдардың өз бетінше қарекет етуі мүмкін болмай қалды.

Осылайша, Ресей империясы Қазақстанды өз отарына айналдыру үшін хандық билікті, яғни, қазақ мемлекеттілігін жойып, орнына орыстың әкімшілік-территориялық басқару жүйесін енгізді. Алғаш Кіші жүз қазақтары шекаралық комиссия арқылы басқарылды, ал Орта жүз қазақтары шекаралық басқармаға бағынды. Кейін 1822-1824 жж. Ресей империясы Орынбор және Сібір ведомстваларының территориясында тұратын Кіші және Орта жүз қазақтарын басқару туралы Жарғыларды қабылдады. Осы және одан кейін жалғасқан ХІХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы реформалар патшалық Ресейдің қазақ жерлерін одан әрі отарлау үшін жағдай жасады. ХІХ ғасырдың 60 жылдарының аяғына қарай қазақ даласы  тұтастай  Ресей империясына бағынышты болды және жаңа заңдар қабылданып, Ресейлік басқару жүйесіне қарай жақындатылды.

Форумда талқылау

Суреттер visitkazakhstan.kz, masa.kz, oyn.kz, bskamalov.livejournal.com, ru.wikipedia.org сайттарынан алынған