Абылай хан қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығы бытырап, әр жүзде жеке хандар сайланып, бұл хандар Абылай хан ұрпағы Уәли ханға бағынуға ниет білдірмеді. Әр жүздің өзіне тән тарихи-географиялық аймағы болды. ХІХ ғасырдың басында Кіші жүз Батыс Қазақстанның Сырдариядан батысқа Жайық пен Тобыл өзеніне дейінгі жерді алып жатты. Орта жүзге тән территория шығыста Қытай шекарасынан батыстағы Торғайға дейін, Ташкенттен оңтүстік Сібір жеріне дейін қамтыды. Ұлы жүз Жетісу, оңтүстік-шығыс және оңтүстік Қазақстан территориясын мекендеді.
Біртіндеп ішкі сауда дами бастады, бірақ ол негізінен айырбас түрінде болды. Айырбас саудасы тек қана рулар арасында ғана емес қазақ жүздерінің арасында да жүрді, ал кей жерлерде ақшаға да сауда жасалды. Айырбас сауданың дамуы барысында Қазақстанда несие сауда қатынасы кең қанат алды. Көпестер мен Сібір казактары заттарды қазақтарға несиеге әкеліп беріп, көп жағдайда оларды алдап кетіп отырды. Қазақтар арасында арнайы сауда серіктестіктерін құрып, жоғары өсіммен несиеге ақша беріп отырған арнайы саудагерлер де пайда болды.
Елдің шаруашылық жағдайының өзгеруі қазақтардың әлеуметтік қарым-қатынасына әсер етпей қоймады. ХVІІІ ғ. аяғы мен ХІХ ғ. басында қазақ қоғамында үстемдік құрушы ру старшындары мен билер болды. Олар елге әдет-ғұрып заңдарын сақтаушы әрі түсіндіруші болып саналды. Билер хандар және сұлтандармен қатар сот істеріне араласып, түскен пайданы бөлісуге, қоғамдық жерлерді біріктіру үрдісіне қатысып отырды.
ХІХ ғасырдың басында ру басшылары мен сұлтандар рудың жақсы қыстауымен және шабындық жерлерін пайдалану құқықтарымен ғана шектелмей жеке иеліктерді де басып алуға кірісті. Жақсы қауымдық жерлерді тартып алумен патша өкіметі де айналысты. Мұның бәрі қазақ руларының дәстүрлі қалыптасқан көшіп-қону жолдарының бұзылуына әкелді, бұл дәстүрлі мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырап, жайылымдық жерлердің құлдырап, шаруашылық құрылымының өзгеруіне себеп болды. Қарапайым қазақтар салық төлеуге міндеттелді. Егінді жерлерден «үшір” (жиналған өнімнің 10-нан бір бөлігі) салығын, «зекет» (жиналған малдың 40-шы бөлігі) ханға берілетін болған. ХІХ ғасырға дейін зекет жинау құқығы тек ханда ғана болса, ХІХ ғасырдың 20-жылдарында хандық билік жойылған соң сұлтандар мен билер жинайтын болды. ХІХ ғасырдың І жартысында осы екі салық түрі жиі жиналып тұруы және олар міндетті болды. Оған кейін мал шаруашылығына міндеткерліктер «соғым» және «сыбаға» т.б. сипаттағы салықтар қосылды.
ХІХ ғасырдың І жартысында бай туыстары мен казак-орыстардан, орыс шаруларынан жұмыс іздеуге мәжбүр болған кедейленген қазақтар саны өсті. И.Завалишин: “жатақтар байларға малшы болып жалданды, батрақтар шеп бойындағы казак-орыстарға, шеп бойындағы қалаларда олар тіптен топтарымен бір жапырақ нан үшін жалданып жұмыс істеді”, - деп көрсетеді. Кедей қазақтар атқарған істеріне қарай егіншілер, жатақтар және бақташыларға бөлінді.
Үстемдік етуші топқа мұсылмандықтың өкілдері қожалар мен молдалар да кірді, қожалар өздерін Мұхаммедтен тараған бірінші ұрпақтың тұқымдарымыз деп есептеді. Олар рухани лауазымның өкілдері ретінде салықтан босатылды және тек сұлтандар сотына тартылатын болды.
Мұндай артықшылықтарды тархандар да иеленді. Бұл атақты ХІХ ғасырда олардың мемлекет алдындағы ерекше қызметі үшін Ресей өкіметі мен Ішкі Ордада – хан беретін болды. Алғашқы «тархан» атағын билер Ж.Сегирбаев және Ж.Саламысовқа «Хиуаға жасаған жорықтарда көрсеткен ерекше миссиясы үшін» 1821 әскери губернатор граф Эссен берді. 1743 ж. императрица Елизаветаның жарлығымен «тархан» атағы Жәнібек батырға берілген болатын. «Тархан» атағы жеке және мұрагерлікке берілу мүмкіндігі болды. ХІХ ғасырда «тархандардың» ерекше артықшылықтары болмады, олар тек салықтан босатылды. ХІХ ғасырдың 60-жылдарында тархандар саны 20-дан аспады, тархандар институты жойылу шегінде тұрды.
Қазақ қоғамдық-саяси өмірінде ерекше орынға ие болған топтың бірі батырлар болды. Алғашқыда батырлар тайпалар мен рулардың әскер басшылары болса, кейін жоңғарлармен және Орта Азиялық жаулаушылармен болған күресте батырлардың әлеуметтік рөлі ерекше жоғарылап ру ақсақалдары деңгейіне көтерілді. Ш.Уәлиханов: “Батырлар - қазақтарда рубасы сұлтандардан кейін атақты әрі маңызды адам ... Ол ел арасында ықпалды, берген кеңесі елде әрқашанда салмақты болды”, - деп көрсетеді.
ХІХ ғасырдың ортасында қазақ қоғамында тауар-ақша қатынасына байланысты жаңа әлеуметтік топ - байлар пайда болды. Қазақтардың арасында ірі сауда қатынастарын жүргізетін бірқатар байлар болды. Олар заттарды сатып қана қоймай, басқа адамдарға несиеге өсіммен ақша берді. Мысалға, Ахмет Жантөрин сауда жасап қана қоймай, белгілі бір табыс үшін қандайда бір шаруамен айналысамын деген қазақтарға несиеге ақша беріп отырған. Байлар сұлтандар мен рубасылар арасынан да, «қара сүйектер» ортасынан да шықты. Байлар белгілі келісім бойынша жұмысшыларды жалдап отырды. Байлар керуендік саудамен де айналысқан. Кейде байлардың өзі керуенбасы болып қызмет етіп, қазақ даласында сауда жасаған, бірақ көбінесе түйелерін қарапайым қазақтарға белгілі бір ақыға беріп, олардан ақыны ақшалай, кейде заттай алып отырған. ХІХ ғасырдың басында байлардың шығуы қазақ қоғамында жаңа экономикалық құбылыс болды.
Форумда талқылау
Суреттер kk.wikipedia.org, alashainasy.kz, thenews.kz, baq.kz, turan.info сайттарынан алынған