- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Халықаралық байланыс саласындағы...
Халықаралық байланыс саласындағы қытай тілінің рөлі қандай?
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті – Қазақстандағы тұңғыш ашылған алдыңғы қатарлы ірі ЖОО бірі болып табылады. Өзінің 81 жылдық қызметі ішінде университет еліміздегі экономиканың, саясаттың, құқық базасы пен білім берудің, мәдениеттің құрылуы мен дамуына айтарлықтай үлес қосты. Қазіргі таңда еліміздегі ұлттық білімнің «ұстаханасы» ҚазҰУ білім беру саласындағы көшбасшылық орнын биіктен түсірмей келе жатыр. Университетте 14 факультет, бірнеше іргелі ғылыми зерттеу институттары мен зертханалары жұмыс істейді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің алдына ұстанған міндеті – отандық және шетелдік жұмыс нарығында бәсекелестікке қабілетті жоғарғы білікті мамандар дайындау, ал бұрыннан қалыптасқан ізгі дәстүрлерінің бірі – студентттер мен магистранттарға жан-жақты білім берумен қатар адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттер, ана тіліне, туған жерге, салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызға деген махаббат сезімін ұялату боп табылады. Университетіміз – Қазақстанның жетекші классикалық университеті мәртебесіне ие еліміздің білімі мен ғылымының ірі орталығы. Ал білім беру мен тәрбиенің негізгі міндеті – өз елінің азаматы, патриотын тәрбиелеу болса, осыған сәйкес «қазақстандық патриотизм мен ұлттық патриотизм» студенттер мен магистранттардың тәрбиелік деңгейін бағалаудағы басты көрсеткіш болып табылады. Сондай –ақ университетіміз төрт жылдан бері қолға алған «Айналаңды нұрландыр» атты әлеуметтік жобаға да ерекше тоқталып өткен жөн.
Сәуір айында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультеті дипломатиялық аударма кафедрасының ұйымдастыруымен «ҚХР ЖОО-ның магистратурасына қабылдауға арналған HSK емтиханға дайындық» атты тақырыптағы дөңгелек үстел және «Халықаралық байланыс саласындағы қытай тілінің рөлі» атты тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өткізілді. Ғылыми-әдістемелік семинардың арнайы қонағы ретінде А.Байтұрсынов атындағы Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының қызметкері Қайрат Ғабидханұлы шақыртылды.
Бұл іс-шаралардың басты мақсаты - студенттерді көршілес Қытай елінің халықаралық байланыс саласындағы алатын орны және қытай тілінің әлемдік аренадағы рөлімен тереңінен таныстыру болды, онымен қоса көршілес Қытай елінің ЖОО-на түскісі келетін студенттерді HSK емтиханына дайындау. Шараны ұйымдастырушылар - дипломатиялық аударма кафедрасының доценті, философия ғалымдарының кандидаты К. Смағұлова және қытайтану кафедрасының доценті, филология ғалымдарының кандидаты А.Кенжебаева қазіргі таңда қытай тілін оқытудың ең басты бағыты – қатысымдық бағыт туралы және тілді қатысымдық тұрғыдан меңгертуге тілшілер де, әдіскер-ғалымдар да, ұстаздар да ерекше назар аударып отырғанын атап өтсе, дипломатиялық аударма кафедрасының аға оқытушысы А. Қалиоллақызы HSK емтиханына дайындалудың қыр-сырын студенттерге айтып, керекті әдебиеттерді ұсынды. Ал ғылыми-әдістемелік семинардың қонағы Қайрат Ғабидханұлы қытай тілінің рөлі туралы дәріс оқып, өз пікірімен бөлісті. Ол шетел азаматтарының қытай тіліне деген ұмтылысын бірнеше факторлармен түсіндірді. Олардың бірі – коммерциялық мүдде. Шетел азаматтары үшін қытай тілі қаншалықты қиын болса да, басты ақша табу амалы. Себебі қазіргі таңда Қытай әлемдік державалардың бірі. Экономикалық тұрғыдан алып қарасақ, қытай экономикасы күннен күнге өсуде. Қытай тілі қиын болғанымен, оны оқып жатқан шетел азаматтарың саны жылдан жылға өсуде. Әсіресе, Қытайға келіп оқитын студенттердің саны жоғары.
Іс-шараға сондай-ақ ғылыми-инновациялық технологиялар және халықаралық ынтымақтастық басқармасы бастығының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, Р. Сарбаева және халықаралық қатынастар факультетінің студенттері қатысты. «Әлемдік экономика» мамандығының 3-курс студенті Баспақов Мәшһүр–Жүсіп «Халықаралық байланыс саласындағы қытай тілінің рөлі» атты тақырыпта мазмұнды баяндамасын ұсынды. Баяндамадан кейін қатысушылар «Қытай тілі ағылшын тілінің рөлін баса алады ма?» атты тақырыпқа сөз қозғады.
Бұл дер кезінде өткізілген пайдалы, қызықты әрі өзге ұстаздар өнеге алатындай іс-шаралар болды. Мұндай іс-шаралардың бәрі келешек жас ұрпақты патриоттық және интернационалдық рухта тәрбиелеудің қажеттілігін қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының білім беру жаңа бағдарламасында, қоғамның, бүгінгі күнгі талабы алдағы уақытта да әрбір адамды Отанын сүюге, туған жерін құрметтеуге, ата-бабаның озық салт-дәстүрлерінің құндылығын мақтаныш тұтуға, парасатты қоғамның парасатты азаматы болуды, әлемде халықтар арасындағы бейбітшілік үшін достықты нығайтуға бағыт беруде талмай еңбек етуді қажет санайды. Осындай бағыттарды шебер ұштастыра отырып, университетіміздің халықаралық қатынастар және шығыстану факультеттері әрі қарайғы ізгілік пен тағылымға толы, терең мазмұнды іс –шаралар аясын ұлғайтып, қоғам өмірінің кемелдене түсуіне тамшыдай болса да өз үлестерін қосып келеді.
философия.ғ.к., доцент
Смағұлова Күлшат Қабдоллақызы,
ф.ғ.к., доцент Кенжебаева А.