Ғылыми фантастиканың зерттелу аймағы да адамды қызықтырады. Бәленшенің ғылымға алып келген жаңалығы осындай жағдайда пайда болған екен, түсіне де қиялдың ұшқыны кіріп шықпайтын ғалымдар осы бір жанрдың әсерінен әдебиетке бет бұрыпты деп жатады.
Сол іспетті, фантастикамен айшықталған ғылымның көркем әдебиетте қызықты дүниелерге жетелер жерлері көп. Америкалық қиялдың шегіне жеткен адам Роберт Хайнлайнды өкімет орындары тұтқынға алады. Оның себебі артынан анықталады. Жазушы өзінің бір фантастикалық романында тұңғыш уран атом бомбасының жасалуы мен сыналуын 1941 жылдың өзінде-ақ өте дәл басып, тура баяндап жазыпты.
Жұмысқа негіз болған тақырыптың аясын кеңінен ашу үшін біз барынша жоғарыда айтып өткендей түрлі әлемдік ғалымдар мен олардың еңбектері жайында сөз еттік. Жалпы жанр жағынан қиялдың шарықтау шегіне жеткен дүниенің түбі бір осы ғылымилануға келді. Оған талдаулар куә. Қазақтың фантастикасы да осы аталған ғылымдардан кенде қалып жатқан жоқ.
Қазақ ғылыми фантастикасы, басқа да әдеби жанрлар тәріздес, әуелі жұртшылықты ғылым негіздерімен етене танысуға шақыруға түрткі болуы тиіс. Ол үшін жаңашыл үн керек еді. Қазақ ғылыми фантастикасы ондай ғылым насихаткерін де тапты. Ол Шәкәрім Құдайбердіұлы еді. Өзінің нақтылы тақырыбы жоқ, алғашқы жолы: «Мен адамның таппаймын өнерлісін…» деген өлеңінде «…Іш жарып, ішек жалғап, сүйек қиып, Жамайды ерін, мұрын, түскен тісін. Аэроплан, телефон, громофон, электр, радий мен магнит ісін…” – дейді. Бір қараған көзге осы жерде ақын Шәкәрім ғылым мен техниканың өткен ғасырымыздың елең-алаңындағы су жаңа жетістіктерінің, өзіне салса, танымгері. Оқырманға салса – өлең тілімен жырлаған тәлімгер міндетін атқарып тұрған секілді. Иә, «секілді» емес, шынында да солай. Бірақ, екінші жағынан, жоғарыдағы төрт жолда ғылыми фантастика элементтері ұшырасады. Мысалы: ол жылдары медицинаның ортопедия саласында «ішек жалғау», «ерін, мұрын жамау» секілді пластикалық операциялар жасала қоймаған-ды. Оны автордың қайдан ойлап тауып жүргені? Демек, бұл өлең жолдары – ғылыми-фантастиканың еншісіндегі атрибуттар.
Тағы бір жағынан алып қарасақ:
Осыншама өнер тауып, асқан адам,
Әлемнің қиын сырын ашқан адам.
Ол үшін өмірге де айла табар,
Өлмей, жетер бірталай жасқа да адам!.. Бұл дегеніңіз – кәдімгі кісі ағзасының белсенділігін мейлінше ұзарта түсу амалын қарастыратын медицина саласы – геронтология ғой.
Шәкәрім болса, “кісі мәңгілік жасауы тиіс” демейді. Тек қана “өлмей, жетер бірталай жасқа да” дейді. Мұның өзінде де автордың өз заманынан едәуір озушылығы бар. Өйткені: Шәкәрім осы туындысын жазған тұстары қазақ ауылындағы, санақ көрсеткіштеріне жүгінсек, өмір ұзақтығы алпысты ғана алқымдаса керек. Демек, мына екі жол – ақынның ертедегі бір замандағы, Қорқыт атаның аңсауының рухани жалғасы тәрізді, арман, қиялы десе де болады.
Әрі қарай автор таза табиғат заңдарына негізделген философияға бой ұрады:
Бар нәрсе жоғалмайды, өзгереді,
Жан жоғалмас деп ойла, соны біл де,
Жан тән жасар, тән жанды жарата алмас,
Жан – қожа, тән дегенің – жанның құлы, тән – терезе, қарайтын жан – иесі», «жаннан шығар ақыл мен ойдың шыны»… Өз жырында автор осы тәріздес дәйектемелерді келтіре келе, «дәлелсіз сөз – соққан жел, ұшқан тозаң» екенін айтады. Сонысымен, Шәкәрім ішінде қисынды қиял элементтері ұшырасатын ғылыми-фантастикалық дүние берді деуге болады.