Грекия ғалымдары Македонскийдің қабірін тапқан болуы мүмкін

Осы күнге дейін Александр Македонскийдің қай жерде жерленгендігі бүкіл тарих ғылымындағы мамандарының шеше алмай келген жұмбағы болып келді. Әр заманның тарихшылары әр кезде әртүрлі пікірлер айтып жүрді. Алайда атақты қолбасшының мәйітін бүгінге дейін ешкім таба алған жоқ. Ал өз заманында Ұлы Александр Македонский Жерорта теңізінен Үндістанға дейінгі жерді алып жатқан үлкен империяны құрғанын есімізге алсақ, онда ол осы аралықтағы кез-келген жерге жерленуі мүмкін болғандықтан, оның нақты қай жер екендігін дөп басып айту қиын мәселе екені даусыз.

Ежелгі парсы жазуларында Ескендір Вавилонда жерленіп, ал Александрияға тек бос саркофаг (тас табыт) әкелінді делінеді. Шығыс аңыздарында оның денесі Месопотамия жеріне жерленіп, кейін ол адам қаны толытырылған ыдыста еріп кетті деп те айтылады. Ал Александрдың отаны Македонияда оны өзінің серіктестері өлтірді деп есептейді. Осылардың ішіндегі ең танымал болжам патшаның Мысыр елінде жерленгендігі жөнінде болды.  

Ал енді міне жақында грек археологтары жоғарыдағы болжамдардың барлығын жоққа шығарып, Александр Македонскийдің қабірін Грекиядан таптық деп сенсациялық мәлімдеме жасап үлгерді. Мәрмәр тастан жасалынған патшаның жерленуі мүмкін жері ел астанасы Афиныдан солтүстікке қарай 570 шақырым жерде орналасқан екен. 

Қабір маңын айнала қоршалған қабырғаның биіктігі үш метр болса, ал оның жалпы периметрі 500 метрді құрайды. Бұл жер елі жоқ далада емес, кезінде үлкен қала болып гүрлеген Амфиполистен табылып отыр. Қазірдің өзінде ғалымдардың анықтағыны – ол жоғары сапалы мәрмәр тастан қол күшімен біздің заманымызға дейінгі IV ғасырда салынған. Яғни бұл мерзім Александр патшаның өмір сүрген уақытына тұспа-тұс келеді.  

Қабір беті топырақпен жабылып, ол 1912 жылы грек әскерлері тауып алғаннан кейін қалпына келтірілген Амфиполистік Арыстан скульптурасымен безендірілген болып шықты.

Грекиялық ғалымдар қазірдің өзінде табылған қабір атақты қолбасшы Ұлы Александр Македонскийге тиісті дегенді айтып отыр. Ал Грекия мемлекетінің мәдениет министрі болса тым асығыс мәлімдеме жасамай-ақ, егер қабір Александр Македонскийге тиесілі болмай шықса да, онда атақты бір македониялық патша жерленгені күмәнсіз дегенді айтады.    

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: keeptalkinggreece.com