- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Гарольд Уильямс: 2...
Гарольд Уильямс: 2 күнде тіл үйренген полиглот
Гарольд Уильямс – 50-ден аса тіл білген полиглот. Ол серб тілін 2 күнде меңгере алған. Дегенмен оның дарыны мен лингвистикалық қабілеті жайлы көп адамдар біле бермейді. Balbal.kz Гарольд Уильямстың оқиғасын назарыңызға ұсынады.
Балалық шағы
Гарольд Жаңа Зеландиядағы Окленд қаласында 1876 жылы 6 сәуірде дүниеге келген. Отбасындағы 7 ұлдың үлкені. Оның әкесі де сауатты адамдардың бірі болған. «Methodist Times» газетінде ұзақ уақыт редактор қызметін атқарады. Сондықтан балаларын да білім жолына түсіріп, сауатты болғанын қалаған.
Гарольдтың айтуы бойынша ол да өзге балалар секілді білім алуға қатты ұмтылмаған. Бірақ 7 жасынан бастап білім және тіл үйренуге деген құлшынысы оянады. Бірінші латын тілін, кейін өзге де тілдерді иегере бастайды.
20 жасына дейін 10-нан аса тіл білген
Гарольд Уильямс қалтасында бар ақшаға өзге тілдегі газеттерді сатып алған. Орта мектепке түспей тұрып ол латын, грек, иврит, француз, неміс, испан, итальян, маори, самоан, тонган, фиджи және полинезий тілдерін үйренді. Полиглот шетелдіктер көп жүретін жерлерге баруды ұнатқан. Мысалы, кеме тоқтайтын айлаққа барып, экипаж құрамындағы адамдармен сөйлескен.
Саяхаттың басталуы
Гарольд Окленд университетінен бакалавриатты оқиды. 20 жасында әкесінің кеңесімен және математика пәнінен қиындықтар болғандықтан методизм бағытында оқуға түсті. Ол жаңа тілдерді жылдам үйренеді. Бірте-бірте орыс және поляк тілдерін игере бастайды.
23 жасында Уильямс Еуропаға аттанды. Алдымен Берлинге барып, Берлин университетіне оқуға түседі. Бұл уақытта ол 20 тілді білген. Өзге студенттер секілді Гарольдтың да ақшасы болмады. Алайда ол мойымай, философия ғылымының докторы атағын алған. Академик болуды армандағанымен, полиглот журналистика саласында жұмыс істеді. Штутгард қаласында Гарольд өзінің болашақ әйелі Ариадна Тырковамен танысқан.
Әлемге саяхат
Арнайы тілші ретінде Гарольд Париж, Санкт-Петербург, Стамбул қалаларында болған. Ол Ресейдің түрлі аймақтарын аралап, жергілікті халықпен еркін тіл табыса алды. Латын, фин, грузин, татар тілдерін білуі оған көп көмегін тигізген. Уильямс орыс тілінің грамматикасын кей орыс достарынан да артық білген.
Ресейдегі саяси жағдайға байланысты Гарольд пен Ариадна, алдымен, Швейцарияға, кейін Стамбул арқылы Сербияға аттанды. Мұнда ол серб тілін 2 күнде үйреніп, халықты таң қалдырған. Осыдан кейін жапон, тагаль, венгер, чех, египет, хет және албан тілдерін игерген.
Білімін тек жақсылыққа арнады
Гарольд 1921 жылы «The Times» газетінің шет елдер департаменті директоры атанады. Ол әлемдегі саяси оқиғалар жайлы жазып, ақпарат таратты. Уильямс әр уақытта ақкөңіл және жомарт жан болған деседі. Өз білімін дипломатиялық бағытта пайдаланған. Тіпті Ұлттар Лигасының әр делегатымен туған тілдерінде сөлескен. Полиглот 1928 жылы қаза тапты. Ал жақындары мен достарының арасында жақсы адам, білімді лингвист ретінде аты қалды.