- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Фантастика жанрын қалай...
Фантастика жанрын қалай бағалайсыз? (эссе)
Фантастика жанрын сүйіп оқитындардың тарапына айтылған мынадай сынның куәгері болып жүргеніміз жасырын емес: «Ертегі оқығанша, дұрыс ой салатын шығарманы оқы». Шынында, фантастика деген не? Бұл бағыт әдебиеттің нағыз шыңына шыққан Шекспир, Толстой, Әуезов секілді классиктердің туындыларымен қатар тұруы тиіс пе әлде олар тек көңіл көтеру мақсатында жазылған шығарма ма?
Фантастика біртекті жанр қатарына жатпайды. Оруэлдің антиутопиясы (1984), Толкиннің сиқырлы әлемі, Гаррисон романдарының барлығы – фантастика. Әрине, бұл жанрда ақылға қонымсыз заттар мен иллюзия арқылы ғана келетін «макалатураға» сай белгілер кездеседі. Тіпті, осыған бола сыншылардың қатарында фантастиканы сары басылымдардың бір бөлшегі санайтындар аз емес. Дегенмен, классик ретінде орыс әдебиетінің шамшырағы болған Булгаковтың «Мастер және Маргарита» романының өзінде фантастиканың элементтері кездесетінін де мойындаған жөн.
Бұл жанр еш оқиғаға негізделмейтін, бар болғаны ересектерге арналған ертегі деген пікірмен келіспеске амал жоқ. Өйткені, фэнтэзи жанрының кейіпкерлері шынымен ертегіні еске салады: эльфтер, перілер, ханшалар, батырлар, сонымен бірге сиқыр да қатардан қалмайды. Бірақ, оған бола салмақты ой салатын әдеби жанрлардың қатарынан сызып тастауға болмайды.
Біріншіден, әлемдік бестселлер болған, 10 жылдан астам уақыт бойына фильмдері сатылым бойынша алдыңғы қатарларды бермеген Джоан Роулингтің «Гарри Поттері» адамдарға қиындыққа берілмеуді үйретіп қана қоймай, адам өзінің ішіндегі жауын жеңбей жетістікке жетпейтінін дәлелдейді.
Екіншіден, фантастиканың ішінде ғылыми фантастикаға (science fiction) деген қызығушылық жоғары екенін, олардың басым көпшілігі талай фильмнің сценарийіне арқау болғанын айтпай кетуге болмайды. Мысалы, америкалық жазушы Энди Вейрдің «Марсианин» романын тілге тиек етеміз. Өйткені, оқып отырып, техникамен ғана емес, ғарыш кеңістігінің заңдарымен, одан бөлек биологиялық қалдық арқылы топырақты құнарландыратынын білуге болады.
Сонымен қатар, Оруэлдің романынан адамзатқа арналған үмітті жолдауды байқаймыз. Қорқынышты етіп сипаттай отырып, адам бойындағы жауыздық, мансапқұмарлық, ақымақтықтың шегі болмаса қандай салдарға әкелетінін көрсетеді.
Сонымен фантастика деген не? Меніңше, бұл – автордың оқырманға жеткізгісі келген ойын аша түсетін, оны жан-жақты сараптайтын жанр түрі. Фантаст «реализмнің» шекарасынан аса алады әрі өзге кеңістікті еркін құрады.
Фантастика қорқытады, оқытады, күлдіреді және шабыт сыйлайды. Сонысымен ерекше.