Еуропа мен АҚШ оқушылары азиялықтардан 3 жылға қалып қойды

Еуропа мен АҚШ оқушылары азиялықтардан 3 жылға қалып қойды

Австралия ғалымдарының мәлімдеуінше, Еуропа мен АҚШ оқушылары өздерінің азиялық құрбы-құрдастарынан 3 жылға қалып қойған.

Зерттеушілердің ойынша, мұндай беталыс азиялық мектептердің оқушыларға қатаң талап қоюының, және де практикалық сабақ жүргізу мен мұғалімдердің жоғары педагогикалық стандарттарға сәйкес келу салдарының нәтижесі. Бүгінде мектепте білім беру жүйесі бойынша Гонконг, Оңтүстік Корея, Шанхай, Сингапур мектептері көш бастап келеді. Сонымен қатар, ғалымдардың анықтауынша, ата-аналардың баласына қарау-қарамауы, білім алуға жұмсалатын қаражат мөлшері оқушының үлгеріміне еш әсер етпейді-міс.

Естеріңізге сала кетсек, бұдан бұрын қазақстандық бастауыш сынып оқушылары  математика және жаратылыстану пәндері бойынша әлемдік рейтингтің алғашқы ондығына кірген болатын. Әр 4 жыл сайын білім беру сапасын анықтайтын халықаралық зерттеуге қазақстандық оқушылар алғаш рет қатысқан еді. Зерттеу барысында халықаралық экспертер математика, физика, химия, география және биология пәндері бойынша әлем оқушыларының білімі қаншалықты терең және ауқымды екенін анықтаған болатын. Алғаш рет қатысып отырған жас қазақстандықтар экспертерді таң қалдырып, математика пәні бойынша 5-орынды иеленсе, жаратылыстану пәндерінен 11-орынға табан тіреген болатын. Математика пәнінен қазақстандық жастар Ресей, Англия, Латвия, АҚШ, Германия, Италиядан келген құрбы-құрдастарынан озат болып шықты. Ал жаратылыстану пәндерінен қазақстандық оқушылардан Германия, Швеция, Нидерланды және т.б. елдері артта қалды.

Сурет: telegraph.co.uk

Ж. FM