- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Еуроодақ бейбітшілік саласы...
Еуроодақ бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атанды
Бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығы Еуроодаққа бұйырды. Мұндай шешім Нобель комитетінің сайтындағы тікелей эфирде жасалды.
"Еуроодақ пен оның бастамашылары алпыс жылдан аса әлемде бейбітшілік орнату, текетірестерді шешу және Еуропадағы демократия мен адам құқығын қорғауды дамыту жолында есепсіз үлес қосты", - делінген комитет мәлімдемесінде.
Бейбітшілік саласы бойынша сыйлық Альфред Нобель шешімімен әдеттегідей Стокгольмде емес, Норвегия астанасы Осло қаласында тапсырылады. Осы сала бойынша сыйлық тапсыру рәсімі үнемі үлкен қоғамдық резонанс тудырып жатады. Себебі жүлде тікелей халықаралық саясатқа қатысы бар тұлғаларға берілетіндіктен, біреу жеңімпазды лайықты десе, біреу лайықсыздығын айтып, қарсылықтарын ашық білдіріп жатады.
Айта кетейік, сыйлыққа үміткер ретінде тек жеке адамдар ғана емес, сонымен қатар әртүрлі ұйымдар, телеарналар т.б. тіркеле алады. Биылғы жылы 231 кандидат тіркелген екен. Букмекерлік кеңселер бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығының ең ықтимал жеңімпазы ретінде адам құқығы мен әйел құқығын қорғау үшін күресіп келген ауғанстандық Сима Самарды атаған еді.
Ең алғаш рет сыйлық химия, физика, физиология және медицина, әдебиет пен бейбітшілік салалары бойынша 1901 жылы табысталған еді. Кейін бұл тізімге Швеция банкінің шешімімен экономика саласы да қосылды.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: novosti-es.ru
Б. Қосмағамбет