- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Эссе шығарма емес...
Эссе шығарма емес
"Эссе" сөзі латын тіліндегі exagium (өлшем) деген сөзден шыққан. Француз тіліндегі «еззаi» сөзін тікелей тәжірибе, бақ сынау деп те аударуға болады.
Эссе – бұл проза, еркін форматта жазылатын шағын жазба жұмысы. Эссе – мазмұндама немесе шығарма емес. Адамның өзінің пікірі басты ақпарат көзі ретінде алынады. Автор белгілі бір тақырып төңірегіндегі мәселелерге аргумент келтіру арқылы оның шешу жолын қарастырады.
Эссенің белгілері:
• Нақты тақырыптың немесе сұрақтың болуы. Белгілі бір салада кең көлемде сараптама жасау эссе жанрына келмейді. Ол – аналитикалық мақала.
• Эсседе жеке тұлғаның пікірі жызылады. Белгілі бір сұрақ төңірегінде дәлелді фактілер мен аргументтер келтіріп, өзінің ойын дәлелдейді.
• Эссенің құрылымында автордың көзқарасы, оның ойлау кеңістігі мен сезімі бірінші орынға қойылады.
Бұл жанр соңғы уақытта кеңінен қолданылады. Бұл жанрдың негізін қалаған – М. Монтень.
Эссе неге танымал?
Әсіресе, мектеп оқушылары, жұмысқа қабылданушы талапкер мен студенттер арасында эссе жазуды тапсырма ретінде беретіндер көп. Неге?
• Эссе шығармашылық ойлау және өз пікірін қағаз бетіне түсіре білу дағдыларын қалыптастырады.
• Авторға нақты әрі сауатты ойлауға, ақпараттарды орнықты қолдануға, жазбадағы ақпараттар арасында байланыс орнатуға, тәжірибе мен оған сәйкес үлгілерді көрсетуге мүмкіндік береді.
Эссенің құрылымы:
1. Эссе авторының ойлары мәселеге сәйкес қысқаша тезис арқылы беріледі.
2. Әрбір ойдың дәлелі болуы тиіс – тезис артынан аргумент беріледі.
Аргументтер – фактілер, қоғам өмірі, оқиға, өмірлік оқиға мен тәжірибелер, ғылыми деректер немесе ғалымдардың ойына сілтеме жасау. Әр тезиске екі аргумент келтіру керек. Өйткені, бір аргумент оқырманға сенімсіз көрінеді, ал, үш аргумент артық болады.
Эссе жоспары (аргумент пен тезис мөлшері тақырыпқа байланысты өзгеріп отырады)
• Кіріспе
• Тезис, аргумент
• Тезис, аргумент
• Тезис, арумент
• Қорытынды.
Есте сақтаңыз:
1. Кіріспе мен қорытынды көтеріліп отырған мәселеге сай болуы керек (кіріспеде мәселе аталады, қорытынды да автор ойы жинақталады)
2. Абзацтар, жаңа жол мен абзацтардың логикалық байланысы маңызды.
3. Эссенің стильдері: эмоцияның болуы, экспрессивтілік, әдеби. Мамандардың айтуынша, автор өзінің ойын, ішкі сезімін білдіре отырып, оқырманды өзінің пікірі дұрыс екендігіне сендіруі керек.