Енді астаналық оқушылар мектепке тек электрондық куәлікпен кіргізіледі

Енді астаналық оқушылар мектепке тек электрондық куәлікпен кіргізіледі

Еліміздің білім саласында тағы бір айтарлықтай өзгеріс пайда болды. Алдағы оқу жылынан бастап, астаналық оқушылар мектепке электрондық куәлікпен ғана кіргізілетін болады. Алайда мұндай тәжірибе Елорданың арнайы іріктелінген 11 орта мектебінде ғана жүзеге асырылмақ. Ойдағыдай өтіп жатса, тамаша әдіс еліміздің барлық білім беру мекемелерінде қолданысқа енгізіледі. 

Электронды куәліктің сыртында оқушы жайлы барлық мәлімет енгізілген. Құжатта оқушының сыныбы туралы ақпарат және де оның суреті басылған. Сондай-ақ күтпеген жағдайда әке-шешесімен тез байланысу үшін ата-анасының байланыс телефондары да көрсетіледі екен және тәжірибе жүргізілетін мектептерге арнайы бейнебақылау құрылғылары орнатылады. Бұл оқушының білім ордасына қашан келіп-кеткендігін бақылап отыру үшін жасалған. Сонымен қатар, оқушы жайлы жиналған ақпарат ата-аналардың ұялы телефондарына хабарлама ретінде жіберіліп отырады. Алайда, жіберілген хабарлама құнын ата-аналардың өздері төлеуі қажет.

«Балалар куәлікті үйінде ұмытқан жағдайда сынып жетекшісінің құжатымен өткізіледі. Сондықтан қасақана үйге тастап кету деген қулық бұл жерде жүрмейді», -  дейді мамандар. Ескере кетерлік жайт, электронды куәлік оқушыларға тегін таратылады.

Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков

Сурет: inform.kz

Ж. FM