Жақында Шотландияда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қолмен қазылып, жанармай қоймасы ретінде пайдаланылған жерасты құрылысында жаңғырықтың ең ұзаққа созылуы рекордтық болып ресми түрде тіркелді. Бұл жөнінде ВВС хабарлайды.
Қызықты тәжірибе Солфорд университетінің акустика жөніндегі мамандарының жүргізуімен жасалды. Олар тапаншадан атылған бос оқтың жаңғырығын тоннель ішінде жазып алған.
Сонымен оқ даусының жаңғырығы 112 секундта естілген екен. Бұл көрсеткіш Ланаркширдегі Гамильтон кесенесінде тіркелген уақыттан 15 секундқа артық болып отыр.
Тұңғыш рет келушілерге тоннель 2009 жылы есігін ашқан. Олардың кейбірі футбол алаңынан (100 метр) екі есеге дейін ұзын болып келеді. Ал ені 9 метр болса, биіктігі 13,5 метрді құрайды. Бұл кешеннің құрылысына бас-аяғы 3 жыл уақыт кеткен. Кешеннің құрылыс жұмыстары 1941 жылы толық аяқталған екен. Бұл тоннельдердің барлығы жанармайды сақтап, оларды жау көзінен таса ұстау мақсатында салыныпты. Деректерге сүйенсек, бұл жерге 145 миллион литрге дейін жанармай отынын сыйдыруға болады. Қойма 1982 жылы Фолкленд соғысынан (Ұлыбритания мен Аргентина арасындағы Фолкленд аралдары үшін өткен соғыс) кейін жабылды.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: rcahms