Мамандар мен құзырлы органдар бір жылдан аса уақыт жұмсап, жобалап жасаған «Электронды қазақ үй» жуырда меншікті табыс иелігін алып, барлық мазмұны мен авторлық құқығын қорғады. 1500 мазмұн қамтылған бұл құрылғы жақын арада базарға салынбақ.
Мазмұны мен жоба үлгісі жағынан ұлттық құндылықты дәріптейтін бұл техника сапалы бөлшектерден, залалсыз материалдардан жасалды. Жобаның авторы Ғалымбек Қызырбекұлы деген азаматымыз екен. Құрылғы Қазақстанның «Ұлаc-электрон» («ULAS» халықаралық тіркеуден өткен өнім белгісі) компаниясының иелік құқығымен базарға салынатын болады.
«Электронды тәрбиелеу құрылғысы – өткен мен келешектің алтын көпірі. Тұлпардың тұяғын, сұңқардың қанатын талдырар ұланғайыр даланы бағзыдан мекен еткен қазақ халқы ұлықтауға лайық ұлы мәдениет, өнер мен әдебиет жауһарларын дүниеге әкелді. Оны атадан балаға мұра етіп қалдырды. Санаға біткен зеректік, құймақұлақтық қасиетіміздің арқасында рухани құндылықтарымыз ғасырдан-ғасырға жетті. Осы бағалы өнерімізді келешек ұрпаққа қалдыру – біздің басты міндетіміз. Бағзыдан құлақтан-құлаққа жеткен ауыз әдебиетімізді енді жаңа техника тілімен қалдырған абзал. Осыны мақсат ете отырып, өркениетіміздің өнегелі тұсын ұмыт қалдырмай, бүгінгі күннің жетістігімен ұштастыруды жөн санадық. Көсем мен шешеннің, батыр мен ақынның, өнерпаз жыраулардың кіндігі кесіліп, бесігі тербелген қасиетті қазақ үйі көз алдымызда тұрса, тектілік тамыры үзілмес дедік. Сондықтан да ұрпақ тәрбиелеуге қажетті ертегі, ән-күйлерді киіз үйдің микро нұсқасына енгіздік. Шығармалар мазмұны мүмкіндігінше сараптан өткізіліп, әр сала мамандарының кеңесі ескерілді. Бұл ойға алған игі бастамамыздың басы ғана. Алда ұрпағымызды ұлттық рухпен тәрбиелеудің ауқымды жоспары, бай бағдарламасы, қызықты нұсқалары бар. Оны сәтті жүзеге асыру сіздердің де қолдауларыңызға мұқтаж. «Ұрпағын ойламаған елдің болашағы бұлыңғыр». Ортақ мақсатта әрқашан бірге болайық, қадірменді қауым!». Осылай дейді атаулы жобаның авторы мен «Ұлас» серіктестігінің ұжымы.
«Электронды қазақ үйдің» жалпы таныстырылымы:
Бұл құрылғы төрт бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлім – ертегілер. Мұны исі қазаққа танымал актер Айдос Бектемір мен танымал радио жүргізушісі Сауық Жақан оқыды. Бала санасына адами қасиеттерді сіңіріп, қазақтың бай фольклорлық мұраларымен сусындатып, тілдік қоры мен әдеби жасампаздық қуатын арттырады.
Екінші бөлім – балалар әні. Негізінен балаларға арналған әндер топтамасы. Орындаушылардың дені талантты жасөспірім әншілер. Қазақ әндерін жаттауға, ән үйренуге тиімді.
Үшінші бөлім – күйлер. Бұл бөлімде дәулескер күйшілеріміздің күйлері қамтылған. Ұлттық өнердің мөлдірінен мейлінше сусындауға бағытталады. Онда ұлттық аспаптарымыз домбыра, қобыз, сыбызғы, жетіген, сазсырнай, шаңқобыз, адырна, шертермен орындаған күйлер енгізілген.
Төртінші бөлім - дәстүрлі ән, терме-толғаулар, бесік жырлары, батырлар жыры және Абай атамыздың 45 қара сөзі.
«Елге жаңалықтар көптеп келіп жатыр ғой. Ал мына электронды аппараттарды қолдану әуелі сәнге енді. Кітапты да осыдан оқиды, рухани тәрбиені де осыдан алатын ұрпақ өсіп келе жатыр. Бұл заманның салмағы, әсері. Ал қазақ боламын деген ұрпақ өзінің тілін, фольклорын білмей, әдебиеттерін оқымай, мәдениетін қадірлемей еш уақытта көздеген мақсаттарына жете алмайды. Мына ертегілер мен жырлар қазақтың жас ұрпағын ұлттық дәстүр жолына түсіретін қасиетті ізденіс болса екен деген тілегім бар» деп ағынан жарылды әдебиет зерттеушісі, сыншы Тұрсынбек Кәкішұлы ағамыз.
Бұл тың бастамаға пікір білдіріп, ақ жол тілеген ағаларымыз аз емес, олардың ішінде Мұхтар Шаханов, Мырзатай Жолдасбеков, Кеңес Дүйсекеев, Нұрғали Нүсіпжанов, Оразақын Асқар, Жүрсін Ерман, Сұлтан Қали, Шерубай Құрманбай, Айдос Бектемір, Дәулетбек Байтұрсын, Бағдат Естемес секілді өнер қайраткерлері де бар.
Біз де Массагет.кз танымдық, ойын-сауық порталының ұжымы атынан осы бір ізгі бастамаға ақ жол тілейміз. «ULAS» электронды зерттеу орталығының алар асуы биік болсын.
Асаналі Әшімоп пен Талғат Мамашев бұл өнімге жоғары баға берді
Құрметті оқырман, сіз де осы өнімдерге деген қолдауыңызды білдіре жүріңіз. Алдағы уақытта нарыққа шығатын өнімнің игілігін көріңіз. Бұл – отандық өнімдерге деген қолдауыңыз болып табылмақ.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: senkazakh.com